Accessibility links

Экс-президент басқаратын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Шыңжаң қазақтарын қорғай алды ма?


Қытайда "саяси тәрбие орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған этникалық қазақтар. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, "әлемдегі қазақтардың мәдени-рухани мүдделерін қорғау үшін" құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Шыңжаңдағы қазақтарға қысым жасалғанда қайда болды? Бұрынғы ішкі істер министрі төрағаның бірінші орынбасары саналатын бұл мекеме ештеңе тындырған жоқ дейді қоғамдық ұйымдар өкілдері. Ал қауымдастық 2018-22 жылдарға жоспар жасағанын, кеңсесін Нұр-Сұлтанға көшіргенін және Шыңжаң қазақтарына байланысты екі жыл бұрын атқарған жұмысын айтумен шектелді.

Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақ Бәдигүл Оспанбаева Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында әлемдегі қазақтардың мүдделерін қорғаумен айналысады деп саналатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын "міндетін дұрыс атқармай отыр" деп айыптап, ұйым басшылығының қызметтен кетуін талап етті. Оралмандар құқығын қорғап жүрген Оспанбаева Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын әлемдегі қандастардың құқығын қорғаудың орнына басқа жұмыстармен айналысады деп сынайды.

Кейінгі жылдары әсіресе Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардың құқығын қорғайтын ұйымдар мен жекелеген оралмандар бұл қауымдастық атына көп сын айтып жүр. Әсіресе Қытайдың Шыңжаң өңірінде өзге мұсылмандармен бірге этникалық қазақтар да қысымға ұшырап, "саяси тәрбие лагеріне" жаппай қамалғанда, қазақтар туыстарынан айырылып, құқықтарының тапталғаны жайлы мәлімдеме жасағанда бұл мекеме ешқандай әрекет етпеді дейді олар.

ШЫҢЖАҢ ТУРАЛЫ "ЕШТЕҢЕ БІЛМЕГЕН" НАЗАРБАЕВ ПЕН ТҰРЫСБЕКОВ

2017 жылы 23 маусымда Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы өтті. Құрылтайда Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын алғаш рет Шыңжаңдағы қазақтар көріп жатқан қысым туралы айтып, сол кездегі президент, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрады. "Қытай өкіметі өзінің негізгі заңына, халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекетке барып, ағайындарымыздың құқықтарын таптап [жатыр], олар талай қиын-қыстауды бастан кешіп, шырылдап жатыр" деді ол. Назарбаев "қазақтарға қиянат жасалып жатыр" дегенді естімегенін айтып, жағдайды "елшілік арқылы біліп, сыртқы істер министрлігі арқылы тиісті көңіл аударамыз" деген.

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты. 23 маусым 2017 ж.

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Ал сол құрылтайда қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып сайланған Зауытбек Тұрысбеков арада бір жыл өткенде, 2018 жылғы 27 қарашада Қытайдан қоныс аударған қазақтармен өткізген кездесуінде "Қытайдағы жағдайдың қиын екенін білмейтінін" айтты. Сол жиында болған оралмандардың құқықтарын қорғайтын "Отандас ел" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұқан Мамытхан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қауқарсыздығын осыдан аңғаруға болады дейді. "Демек оның қоластындағы адамдар қызмет істемеді, қазақтармен байланыс жасамады, оларды білмейді дегенді білдіреді. Қауымдастықта отырған 20-30 адам Зәукеңе (Зауытбек Тұрысбеков – ред.) оны жеткізбесе, олар не бітіріп отыр деген мәселе туындайды" деді ол.

"ҚҰРЫЛТАЙДА ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРЕ АЛМАЙМЫЗ"

Германиядан келген делегат Өмірхан Алтын бұл пікірді тек сөз арасында ғана айтты, ал қоғамдық ұйымдар өкілдері Қытайдағы қазақтар мәселесі жалпы құрылтайдың күн тәртібіне шығаруға ұсыныс тастап, онысы қолдау таппағанын айтады.

2017 жылы "Атажұрт еріктілері" деп аталатын ұйым құрып, Қытайдағы қысым мәселесін көтеруге кіріскен белсенді Қыдырәлі Оразұлы Шыңжаңдағы қысым көріп жатқан қазақтар мәселесін құрылтайда көтеру жайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына хат жазғанын айтады.

– Олар маған телефон арқылы хабарласып, "құрылтай кезіндегі іс-шара жоспары үш ай бұрын жасалып қойған, бұл мәселені бағдарламаға кіргізе алмаймыз" деді, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Қыдырәлі Оразұлы (оң жақта) пен Германияда тұратын қазақ Өмірхан Алтын (ортада) Қытайда қысым көрген қазақтардың мәселесіне арналған акцияда Қазақстанның туын ұстап тұр. Женева қаласы, Швейцария.
Қыдырәлі Оразұлы (оң жақта) пен Германияда тұратын қазақ Өмірхан Алтын (ортада) Қытайда қысым көрген қазақтардың мәселесіне арналған акцияда Қазақстанның туын ұстап тұр. Женева қаласы, Швейцария.

Назарбаев қатысқан құрылтайды ұйымдастырушылар Шыңжаң мәселесінің мүлде айтылмауына бар күшін салған сияқты. Себебі, Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, Қытай қазақтарының лагерьге қамалып жатқаны туралы мәселені көтеру үшін жиынға белгілі ақын Мұхтар Шаханов баруы тиіс болған. "Ол кісіні [құрылтайға қатысушылар] тізім[і]нен сызып тастаған" деп, вокзалдан [Нұр-Сұлтанға] жібермей қалды... қазақтарға араша түсу – олардың негізгі міндеті еді" дейді Қыдырәлі Оразұлы.

"ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ – ФУТБОЛ ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТОЙ ӨТКІЗУ, КІТАП ШЫҒАРУ"

Қазақстанға көшіп келген оралмандардың және шетелдегі қазақтардың құқықтарын қорғап, түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге ат салысып жүрген ұйымдар өкілдерінің айтуынша, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тек Қытайдағы қандастардың ғана емес, жалпы әлемдегі қазақтардың мәселесіне көп көңіл бөлмейді.

– Біз жастардың құқығын қорғау бойынша Женеваға дейін барып келдік. 2019 жылдан олар оқуға келе бастағанда университеттермен байланысып, тегін шақырту жасап, алып келдік. Осындай мәселелерде қауымдастықтың бірде-бір жұмысын көрген жоқпыз. Олар Еуропаға барып футбол ұйымдастыру, тойлар өткізу, кітап шығару сияқты жұмыстарды атқарады, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Қытайдағы туыстарының қысым көріп жатқанын айтып, Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдігіне жәрдем сұрап келген оралмандар. Алматы, 24 қазан 2017 жыл.
Қытайдағы туыстарының қысым көріп жатқанын айтып, Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдігіне жәрдем сұрап келген оралмандар. Алматы, 24 қазан 2017 жыл.

2017 жылы қазанда Қыдырәлі Оразұлы бастаған бір топ белсенді сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы бөлімшесіне Қытайда қысым көріп жатқан 167 қазақ туралы туыстарының арыз-шағымын тапсырған.

Мұқан Мамытханның айтуынша, Қазақстан билігіне жекелеген адамдардың арыздарын жинап жеткізген де, Шыңжаң өлкесіне саясаттанушылар мен журналистерді апарып, жағдаймен таныстырған да сол жекелеген ұйымдар.

– Қытайдағы қысым ең алғаш Іле қазақтарынан (Шыңжаңдағы Іле қазақ автономиялық аймағындағы этникалық қазақтар – ред.) басталды. 2016 жылы Қазақстаннан ықтиярхат алған 13 мың адамды кері шақырды да, олардың ықтиярхатын тартып алды. Сонымен бірге Қазақстан азаматтығын алған 2 мыңдай адам да кері қайта алмай қалды. Осы кезде "Отандас ел" қоғамдық бірлестігі атынан 200 адам қол қойған хатты президентке жібердік. Сыртқы істер министрлігі мен парламенттің атына хат жолдадық. Әлгі қол қойған 200 адамның арызын жинап алып, Пекинге барып, [Қытай] сыртқы істер министрлігіне тапсырдық. Содан кейін Қытайдан жеті адамнан тұратын комиссия (2017 жылы 30 сәуірде Қытайдан арнайы келген делегация Астана мен Алматыда Шыңжаң өлкесінен көшіп келген қазақтармен кездесу өткізген – ред.) келіп, осындағылардың арыз-шағымын тыңдады. Соның нәтижесінде жаңағы 13 мың адамның біразы ықтиярхатын қайтарып алды, – дейді Мұқан Мамытхан.

"Әкемнің өлі-тірісін әлі күнге дейін білмеймін". 4 қазан 2018 ж.

"Әкемнің өлі-тірісін әлі күнге дейін білмеймін"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

Бұған қоса, "Ел-аманат", "Жебеу" қоғамдық бірлестіктері Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтармен кездесу өткізіп, олардың Қытайда қалған туыстары жайлы ақпарат жинады. "Жебеу" ұйымы Шыңжаңда туысы қалып қойған азаматтардың Қытай консулымен кездесуін ұйымдастырды, мерзімі өтіп кеткен құжаттарды қайта жасауға көмектесті.

Қоғамдық ұйым өкілдері қауымдастық осының барлығымен бұрындары тікелей айналысатын дейді. Өзі 1997-2004 жылдары қауымдастықта жұмыс істеген Мұқан Мамытхан ол кезде бұл ұйым шетелдегі қандастар, оларды Қазақстанға көшіру, орналастыру жайын мемлекеттің басты мәселесі етіп қоя білген деп санайды. Ал қазіргі қауымдастық бұл жағынан дәрменсіздік танытып отыр дейді ол. Белсендінің айтуынша, қауымдастық бұған екі себеп айтады, біріншісі – экономикалық қиындықтар, екіншісі – коронавирус пандемиясы кесірінен жүріс-тұрыстың бәсеңдеуі. "Пандемия келгелі бір-ақ жыл, ал Шыңжаң мәселесі шыққалы бірнеше жыл болды" деген Мамытхан бар кінә ұйым басшылығының демократиялық жолмен таңдалмайтынында дейді.

– Президент айтқан адамды басшы етіп қоя салады, ол дұрыс емес. Қауымдастық өкілдері ұсыныс беріп, оны президент бекітуі керек, – дейді ол.

КЕҢСЕСІН НҰР-СҰЛТАНҒА КӨШІРГЕН ҚАУЫМДАСТЫҚ

1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – қоғамдық ұйым, оның негізгі міндеті – шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және бизнес саласында байланыс жасау. Қауымдастық жарғысында ұйымның ешқандай саяси мақсат көздемейтіні, өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпайтыны жазылған: "Күнделікті жұмысында Қазақстан Республикасының шетелдермен мәдени-рухани, оқу-білім және экономикалық салада жасалған келісімшарттарды, басқа да халықаралық құжаттар мен актілерді басшылыққа алады".

Қазақстанның бұрынғы президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын басқаратын Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын басқаратын Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 21 наурыз 2019 жыл.

Құрылғалы бері қауымдастық төрағасы міндетін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атқарады, тіпті ол президенттіктен 2019 жылы кетсе де осы қызметті әлі атқарып отыр. 2017 жылдан қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары – Зауытбек Тұрысбеков. Ол әр жылдары Қазақстан ішкі істер министрі, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, "Нұр Отан" партиясының хатшысы сияқты лауазымды мемлекеттік әрі саяси қызметтер атқарған, шетелдерде елші болған.

Азаттық сауалдарына жауап берген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қытай қазақтарының мәселелерімен айналысып жатқандарын айтады, бірақ соңғы деректері 2018 жылмен аяқталады. Одан бергі кезеңде Шыңжаңдағы жағдай халықаралық дәрежеде әйгілі болып, көп айтыла бастады. Қазақстанға қашып келген қазақтардың соттары осы кезеңде өтті, қоғамдық ұйымдар наразылық шараларына жиі жиналып, Қытайда қамалған қазақтар туралы көп мәселе көтерді. Бұл аралықта қауымдастықтан еш реакция болмаған.

Зауытбек Тұрысбеков – 2017 жылдан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары.
Зауытбек Тұрысбеков – 2017 жылдан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары.

Қауымдастықтың хатына қарағанда, 2018 жылы ұйым төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Қазақстан сыртқы істер министрлігінің басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайын талқылаған, сол жылы қыркүйекте ол Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесу өткізіп, "Шыңжаңдағы қазақ диаспорасының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, мәселені шешу жолдарын қарастырған".

"2018 жылғы 30 қазанда қауымдастықтың шақыртуымен Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының делегациясымен Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан – ред.) кездесу өтті. Зауытбек Тұрысбеков этникалық қазақтарды ұстаудың әрбір фактісіне жедел ден қоюға, оның себеп-салдарын объективті түрде қарауға және БАҚ-қа осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруге шақырды. Қытай тарапына отандастарымен мәдени байланыстарды қолдау үшін Үрімжі қаласында қауымдастықтың өкілдігін ашу ұсынылды. Бұл ұсыныс бойынша әлі күнге дейін ресми жауап келген жоқ" делінген ұйымның ресми өкілі Сырымбек Төлеудің Азаттыққа жіберген жауабында.

2018 жылы қараша айында болған қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары мен Қытай қазақтарының кездесуінен кейін Алматыда жұмыс тобы құрылып, арыз-шағым жинаған. Қауымдастықтың жіберген ресми жауабында жұмыс тобы 125 адамнан арыз алғаны, олардың 45-і Қытайдан келген оралмандардың екі жақта бөлініп қалған отбасыларына, ал 77-сі азаматтық мәселесіне қатысты екені айтылған.

Бұған қоса, қауымдастық өкілі шетелдегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған шаралар жоспары туралы арнайы қаулы қабылданғанын, оның "шетелдегі қазақ диаспораларының білім алуына, тарихи отаны мен мәдени-гуманитарлық байланысының артуына мүмкіндіктер бергенін" айтты. "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының орталық кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына көшкен соң орталық мемлекеттік органдармен байланысымыз біршама артты" дейді Сырымбек Төлеу. Дегенмен мұның нәтижесі бойынша нақты дәлел келтірілмейді.

"БІРНЕШЕ ЖЫЛДА БІР РЕТ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТКІЗУ ҮШІН МҰНДАЙ ҰЙЫМДЫ ҰСТАП ТҰРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай "басқа қоғамдық ұйымдармен салыстырғанда мүмкіндігі әлдеқайда көп" Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Шыңжаңдағы қазақтарға араша түсе алмауы – "өте ұят нәрсе" деп санайды. "Қауымдастық Қытайдағы қазақтар қуғын-сүргінге ұшырап, сотталып жатқанда әу деп ауыз ашқан жоқ. Тіпті халықаралық ұйымдардың шарттарында көрсетілген адам құқығын қорғау заңдылықтарын пайдаланып ара түсуге болатын еді" дейді Рысбек Сәрсенбай.

Оның айтуынша, бұл ұйымның белсенді болмауына оның басшысы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты кінәлі. "Назарбаев қазақ ұлтына жанашыр, оған көшбасшы болатын адам емес... сондықтан мемлекеттік саясат та сондай" дейді ол.

"Бірнеше жылда бір рет құрылтай өткізу үшін мұндай ұйымды ұстап тұрудың қажеті жоқ" дейді Рысбек Сәрсенбай.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "экстремизммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

2020 жылғы қазанда Қазақстан билігі "Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман халықтарына жасалған қысымнан қашып, шекараны заңсыз кесіп өттік" деген төрт этникалық қазақ Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы, Қайша Ақан және Бағашар Мәлікұлына бір жылға босқын мәртебесін берді. Ал былтыр Қазақстанда босқын мәртебесін ала алмаған тағы бір этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Швециядан пана тапқан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG