Accessibility links

"Оралманды" "қандасқа" өзгерткеннен азаматтық алу жеңілдемеді


Ықтиярхат алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Ықтиярхат алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Атамекенге оралған этникалық қазақтарға азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен беретін заң қабылданғанына бес айдан асса да, шеттен келген қазақтар оны рәсімдеудің әуре-сарсаңы көп екенін айтады. Көші-қон комитеті "бір терезе" қағидаты бойынша "қандастар" қызметін көрсету жаңа жылдан бастап жолға қойылады дейді.

"ЖАҢА ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНГЕНДЕ КЕЛЕСІҢ"

Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында тұратын ерлі-зайыпты Төлеуғазы Қыдырхан мен Минар Жәлештің Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүргеніне он айдан асты.

Төлеуғазы – 2010 жылы, Минар 2016 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қоныс аударған. Қазақстанға келген соң екеуі де шетелден атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтарға берілетін оралман куәлігін және оған қоса ықтиярхат алған. Төлеуғазы "Қытайдағы туыстарына барып қайтуға оңай болу үшін" ықтиярхатпен жүруді жөн көргенін айтады. Қазақстанда бір-бірімен табысқан екеуі 2017 жылы Шыңжаңға барып, сол жақта үйленген. Тұңғыш перзенті де Шыңжаңда дүниеге келген.

– Минардың әке-шешесі Қытайда тұратын. Қызды ата-анасының қолынан алу үшін сол жаққа бардым. Бірақ мен барғаннан кейін шекара жабылып қалды. Құжаттарымызды жинап алды. Сөйтіп екі жарым жылдай Қытайда тұрдық. Сонда туған ұлым қазір екі жарым жасқа келді. Ол Шыңжаңдағы нағашыларының қолында қалды. Қазақстанға алып кетуге құжаттары бітпеді. Өзіміз Қазақстанға 2019 жылы желтоқсан айының соңында әрең жеттік, – дейді Төлеуғазы.

Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ құжаттарын көрсетіп тұр. Көрнекі сурет.
Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақ құжаттарын көрсетіп тұр. Көрнекі сурет.

Қазақстанға оралғаннан кейін отбасында биыл қыз бала өмірге келген. Ерлі-зайыптының қазіргі арманы – Қазақстан азаматтығын алу. Бірақ билік орындары ол үшін әуелі оралман куәлігінің мерзімін қайта создырып әкелуін сұрайды. Екеуіне де кезінде бір жылға берілген оралман куәлігінің мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, қазір ыхтиярхатпен жүр.

Төлеуғазы Қытайдан Қазақстанға қайта оралғаннан кейін он жыл бұрын алған ықтиярхатының мерзімін қайта создырыпты. Ал Минардың қолында 2016 жылы он жыл мерзімге алған ықтиярхаты бар.

Жаңа заң күшіне енгенде келесіңдер" деп, құжаттарымызды қабылдамады.

Ықтиярхат олардың дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына, жұмыс істеуіне, құқығын қорғап, ел аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

– Оралман куәлігін ұзартайық деп Талдықорған қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына бірнеше мәрте бардық. Соңғы рет 2 қыркүйекте барғанбыз. Бірақ "жаңа заң күшіне енгенде келесіңдер" деп, құжаттарымызды қабылдамады, – дейді Төлеуғазы.

Қазір өзі тұратын ауылға жақын маңда біреудің малын бағатын Төлеуғазы Қыдырхан қалаға жиі келуге мүмкіндігі жоғын айтады.

Азаттық хабарласқан Алматы облысы Ақсу аудандық көші-қон қызметінің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері (облыстық көші-қон қызметі бастығының рұқсатынсыз сұхбат беруге хақы жоғын айтты) Төлеуғазы мен Минардың мәселесін біледі екен. "Егер оралман куәлігінің мерзімін ұзартып әкелсе, азаматтыққа құжаттарын қабылдаймыз. Ал оралман куәлігін Талдықорғандағы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ұзарта алады" деді ол.

Талдықорған қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан Төлеуғазы Қыдырхан мен Минар Жәлештің мәселесіне байланысты пікір алу мүмкін болмады. Орталық қызметкерлері сілтеген басшылық Азаттық тілшісінің телефон қоңырауына да, жазбаша жолдаған сауалына да жауап бермеді.

Көші-қон заңында "қандастарға" қарастырылған жеңілдіктер

2020 жылы мамырда көшi-қон мәселелерi бойынша кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң қабылданған. Оған сәйкес, бұған дейін "оралман" аталып келген шетелден тарихи Отанына қоныс аударған этникалық қазақтар "қандас" деп аталатын болды. Жаңа заңда "қандасқа" белгіленген жеңілдіктер:

  • қандастардың Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ықтиярхат) алуға және оңайлатылған тәртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдануға бір мезгілде құжат тапсыруға құқығы бар;
  • "қандастарға" шетелдіктің ықтиярхатын рәсімдемей, оларды Қазақстан азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау;
  • құжаттарды қарау мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту;
  • этникалық қазақ "қандас" мәртебесінен Қазақстан азаматтығына қабылдану кезеңіне дейін бір өтінішпен өте алады;
  • халыққа қызмет көрсету орталығында бірден ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі), Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсатын рәсімдей алады, Қазақстан азаматтығын қабылдауға өтінішін тапсырады;
  • этникалық қазақты виза мерзімінің аяқталуы немесе Қазақстан аумағынан алты ай тыс жүруіне байланысты әкімшілік жауапқа тарту бабы алынып тасталды.

"ЗАҢДА ЖЕҢІЛДЕГЕН, БІРАҚ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ КҮТЕСІҢ"

Азаттық тілшісі Төлеуғазы Қыдырхан мен Минар Жәлештің жағдайына байланысты көші-қон және азаматтық алу мәселесімен таныс мамандардан пікір сұрап көрді.

Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды дайындаған жұмыс тобын басқарған парламент депутаты Кәрібай Мұсырман этникалық қазақтардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуына мүмкіндік кеңейтілгенін айтады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.

Оның сөзінше, шеттен келген қандастар енді бұрынғыдай бірнеше рет құжат жинап әуре болмай, оралман куәлігі қолына тигеннен кейін бірден азаматтыққа құжат өткізе алады.

– Бұрын ол кісілер әуелі оралман куәлігін алатын. Одан кейін ықтиярхат алу үшін құжат жинайтын. Содан кейін барып азаматтыққа өтініш беретін. Заңдағы жаңа өзгеріс бойынша ықтиярхатсыз азаматтыққа құжат жинайды. Сонымен қатар бұрын бір рет әкімшілік жауапқа тартылған адамның азаматтық алуы қиын болатын. Бұл кедергі алынды, – дейді ол.

Заңдағы өзгерістердің тағы бірі – тұрақты тіркеу мәселесі. Бұрынғы заң бойынша Төлеуғазы мен Минар Қытайға барып, біршама уақыт тұрып келгені үшін Қазақстандағы бұрынғы тіркеуі жойылып, қайтадан тұрақты тіркеуге тұруы қажет болатын. Қазір енді бұл талап жойылды. Бұға қоса, бұрын әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға Қазақстан азаматтығын беру мәселесі күрделі болатын. Қазір әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнан ол бап алынып тасталған.

Шетелден атамекенге көшіп келген қазақ отбасындағы адамдарға алған оралман куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Шетелден атамекенге көшіп келген қазақ отбасындағы адамдарға алған оралман куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Көші-қон саласында ұзақ жыл жұмыс істеп зейнетке шыққан Төлеужан Жүндібаев қазір "Отандас ел" қоғамдық бірлестігінде істейді. Ол "қазір көші-қон полициясы Қазақстан аумағынан 183 күннен артық уақыт тысқары жүрген этникалық қазақтарды әкімшілік жауапқа тартпай-ақ, олардың ықтиярхатын жарамды етіп отыр" дейді. Сонымен бірге заңның кейбір ережелері әлі қолданысқа енбегенін айтады.

Оралмандардың азаматтық алуын жеңілдететін қағидаттар әлі жүзеге асқан жоқ.

– Мамыр айында президент қол қойған заңның кейбір тармақтары күшіне енгенімен, оралмандардың азаматтық алуын жеңілдететін қағидаттар әлі жүзеге асқан жоқ. Бірақ заң бойынша Төлеуғазы мен Минар оралман куәлігін тағы бір мәрте ұзарта алады, – дейді маман.

Алайда "Қайырымды қандастар" атты ұйым құрып, Қытайдан қоныс аударған этникалық қазақтардың құжаттарын реттеумен айналысып жүрген белсенді Баһаргүл Табыс жаңа заңнан аса көп үміт күтпейді. Ол қазіргі заңда үш айда берілуі тиіс деп көрсетілген ықтиярхат пен азаматтық беру ісі бір жылға дейін созылып кететінін айтады.

КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАУАБЫ

Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов Азаттықтың сұрағына берген жазбаша жауабында шеттен келген этникалық қазақтардан Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруге және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан азаматтығына қабылдауға арналған құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына бір өтініш негізінде тапсыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелер біріктіріліп жатқанын хабарлаған.

"Ақпараттық жүйелер бойынша техникалық жұмыстардың аяқталу мерзімі – 2020 жылдың 4-тоқсаны. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап "бір терезе" қағидаты бойынша "қандастар" мемлекеттік қызметін көрсету халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді болады" деп жазған көші-қон комитетінің жетекшісі.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың басынан бері өткен тоғыз айда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 16220 адамға Қазақстан азаматтығы берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG