Accessibility links

Митинг қарсаңында белсенділерді полицияға шақыра бастады. Алматыда екі адам қамалды


Митинг өтеді деген күні орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 2021 жыл.
Митинг өтеді деген күні орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 2021 жыл.

1 мамырға белгіленген митинг қарсаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділер өздерін полицияға жаппай шақыра бастағанын хабарлады. Кейбірі әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

29 сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Ракила Бекназарованы 15 тәулікке қамады. Бұл туралы белсенді Айжан Байсова Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Сот кабинеті сайтында Ракила Бекназарованың соты өткені жайлы ақпарат болса да, қаулысы әзірге салынбаған. Оның ісін судья Ғалия Қасымова хабарлаған.

Ақпаратқа қарағанда, Бекназарова 2 сәуір қалалық полиция департаменті ғимараты маңында қызылордалық белсенді Мұратбай Баймағамбетовті қолдағаны үшін әкімшілік қамауға алынған. Оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.

Бір күн бұрын дәл осындай айыппен алматылық белсенді Гүлмира Ахманова 12 тәулікке қамалған. Сот қаулысында Ахманованың 2 сәуірде 17 адамнан құралған топпен бірге қызылордалық белсенді Мұратбай Баймағамбетовті қолдап, полиция ғимараты маңында "рұқсатсыз акция" өткізгені (488-бап 6-бөлігі, "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") жазылған. Жиналғандар "бостандық!" деп айқайлаған.

Ондағы мәліметке қарағанда, Гүлмира Ахманова өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Қаулыда Ахманованың "шараға белсенді қатысқаны" полиция қызметкерінің түсіріп алған видеосымен де дәлелденгені көрсетілген.

Мұратбай Баймағамбетов – "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, жақында бостандығы екі жылға шектелген қызылордалық белсенді. (Сәуір басында оның тергеу изоляторында белгісіз жағдайда жарақаттанып, ауруханаға түскені, отаны бастан кешіргені хабарланған. Облыстық ҚАЖ департаменті белсенді тергеу амалдарына қарсылық білдіріп, "өзін жарақаттады" деген. Ал ресми органның сөзіне күмәнданған белсенділер оған омбудсменді кіргізуді талап етіп, Алматыда бір топ адам полиция ғимаратында оны қолдау акциясын өткізген еді).

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, шетелде тұратын Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов жақтастарын 1 мамырда жаппай наразылыққа шақырған еді. Осыған дейін митинг тақырыбы: саяси тұтқындарға бостандық, Еуропарламент резолюциясының орындалуы, мәжбүрлі вакцинацияға жол бермеу және қымбатшылық болатыны хабарланды.

Қазақстанда осыған ұқсас бейбіт митинг өтетіні хабарланған кезде жер-жерде полицияның белсенділерді бөлімшеге шақырып, ұстап, қамауы жиілей бастайды. Алматылық белсенді Сабыржан Хасенов 29 сәуірде операцияны бастан кешіріп, төсекте таңылып жатқанына қарамастан полицейлердің әдетіне басып, үйін торуылдап жүргеніне шағымданды.

Белсенділердің айтуынша, митинг қарсаңында полицияға шақырту, үйдің алдын күзету сияқты оқиғалар Қазақстанның өзге аймақтарында да, оның ішінде Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларында да жалғасып жатыр. Кейбір белсенділер әлеуметтік желіде өздерінің атынан жалған аккаунт пен хабарламалар пайда болып, биліктің өздерін сондай амалмен қаралауға тырысып жатқанына шағымданды.

Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" елде "экстремистік ұйым" ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған, бірақ жақтастары сот шешімдерімен келіспейді. Еуропарламент екеуін де оппозициялық қозғалыс деп атаған.

Қазақстан билігі оппозициялық белсенділер мен бейбіт шеруге шыққандарды ұстағаны үшін жиі сынға ұшырайды. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі қабылдаған бейбіт жиын туралы заңның халықаралық стандартқа сәйкес еместігін атап өтеді. Бұл заң митинг өткізбей тұрып жергілікті билікке ескерту жасауға міндеттейді. Әкімдік ондаған себеппен митинг өткізу туралы өтінішті кері қайтара алады. Белсенділер бейбіт жиын өткізу еркіндігіне Ата заң кепілдік бергендіктен полиция мен ішкі саясат, прокуратура өкілдерінің әрекетін заңсыз деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG