Accessibility links

Тас та, оқ та, миномет те атылған қақтығыс. Қырғыз-тәжік шекарасында не болды?


Жанжал болған аймақта жүрген Қырғызстан милициялары. 29 сәуір 2021 жыл.
Жанжал болған аймақта жүрген Қырғызстан милициялары. 29 сәуір 2021 жыл.

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да қақтығыс болды. Бұл жолғы жанжал бұрынғылардан күштірек әрі шығыны көбірек.

Екі ел шекарасында қақтығысқан екі топ 29 сәуір кешкісін келісімге келіп, 24 сағатқа созылған жанжалға нүкте қойды.

Қырғыз-тәжік шекарасын Совет одағы құлағалы ең тынышсыз аймаққа айналды. Екі ел шекарасының маңындағы ауылдардың тұрғындары арасындағы жанжал жыл сайын болып тұрады. Бұрын бір-біріне жұдырық пен таяқ жұмсап, тас лақтырса, кейінгі кезде оқ, миномет, гранатомет қолдана бастады.

Бұл жолғы қақтығыс та тас та лақтырылды, таяқ та жұмсалды, оқ та атылды.

НЕ БОЛДЫ?

Барлығы 28 сәуірде Қырғызстанның Көк-Таш ауылында басталды. Дәл осы ауылда 2013 жылы қаңтарда дүкен маңында Чоркух ауылынан келген тәжік жастары мен жергілікті қырғыздар арасында төбелес болған еді.

29 сәуірде жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыс күшейді. Екі елдің әскерилері де атысқаны хабарланды. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тәжік тарабы пулемет пен миномет қолданды дейді.

Бұл ақпаратты дербес жолмен тексеру мүмкін болмады. Бірақ 2014 жылы қаңтарда және 2015 жылы мамырда болған осындай шекарадағы қақтығыста тәжік күштері миноментпен атқылаған.

Бұл жолы әскери жанжал шекара бойындағы басқа да аймақтарды шарпыған. Бұрын ондай болмаған еді. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тәжік әскерилері "Қапшағай", "Мың-Бұлақ", "Достук" шекара бекеттерін және Коджогар мен Булак-Башидағы шекара постарын атқылағанын айтады.

"Достук" шекара бекеті отқа оранғаны да хабарланды.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 29 сәуір кешкісін қақтығыстан 31 адам қаза тауып, 154 адам жараланғанын хабарлады. Мерт болғандар арасында 12 жастағы қыз бала бар. Қақтығыс аймағынан 13 мың адам эвакуацияланған.

Қақтығыс аймағынан эвакуацияланған адамдар Баткен қаласындағы мектептерге орналастырылған. 30 сәуір 2021 жыл.
Қақтығыс аймағынан эвакуацияланған адамдар Баткен қаласындағы мектептерге орналастырылған. 30 сәуір 2021 жыл.

Интернетте қырғыз ауылдарындағы өртенген үйлердің суреті де пайда болды.

Ал Тәжікстанның Исфара қаласы әкімдігіндегі дереккөз "Азия-Плюс" ақпарат агенттігіне әскери қақтығыс кезінде 31 адам жараланып, үш адам мерт болғанын айтқан.

Азаттықтың Тәжік қызметінің дерегінше, жараланғандардың арасында Исфара қаласы әкімі Баховаддин Баходурзода бар. Ол иығынан жарақаттанған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Ворух пен Ходжа Ало ауылында да адам шығыны болғаны жайлы әңгіме тарағанын айтады. Бірақ бұл деректі тексеруге мүмкіндік болмады. Тәжік билігі әкімдік пен дәрігерлерге журналистермен тілдесуге тыйым салған.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Қақтығыс 28 сәуір кешке басталған. Тәжікстанның бір топ азаматы Көк-Таш маңында, шекарада орналасқан "Головной" су тарату орталығына бақылау камерасын орнатпақ болған. Бұл жағдай төбелеске, одан әрі тас лақтыруға ұласқан. Жанжалға Көк-Таш пен Ходжа Ало ауылының тұрғындары қосылды.

Тәжіктер "Головной" су тарату орталығына 17 сәуірде жинала бастаған. Бұл кезде қырғыз жұмысшылары жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан еді. Тәжікстан тарабы жөндеу жұмыстары жайлы алдын ала ескертілмеді деп оған кедергі келтіруге тырысты.

Қырғыз-тәжік шекарасының маңына жиналған жұрт. 30 сәуір 2021 жыл.
Қырғыз-тәжік шекарасының маңына жиналған жұрт. 30 сәуір 2021 жыл.

Жөндеу жұмыстары тоқтаған. Жалпы бұл жайт шекарадағы жанжалдардың қалай басталатынын көрсетеді. Шекараның даулы тұсындағы жұрттың бір-біріне сенбейтіні сонша бір ел осы маңда жол салып я жөндеу жұмыстарын жүргізгісі келсе, екінші жақтан бір топ адам келіп жанжал шығарады.

Шекара маңындағы әрекеттерге күдік көп. Әсіресе Ворух эксклавы маңындағы жол салу жиі қарсылыққа тап келеді. Қырғыз тарабы осы ауданда жол сала бастаса, Ворух тұрғындары эксклав жерін алып, Тәжікстанмен байланыс үзіліп қалады деп қауіптенеді. Сондықтан ауыл тұрғындары эксклавтан шығып, жол салуды тоқтатуға тырысады.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісінің айтуынша, қазір жол жабық, сондықтан Тәжікстаннан Ворухқа ешкім көлікпен жете алмайды. Су арналары мен су станцияларындағы кез келген жұмыстар да екі тараптың қарсылығына тап болады.

Сәуірдің басында Қырғызстан билігі екі елді де сумен қамтамасыз етіп отырған өзенге (Қырғызстанда Қозы-Бағлан, Тәжікстанда Ходжабокиргон) су қоймасын салу жоспарын жариялаған. Душанбе бұл жобаға қарсы шығып, су қоймасы салынса, Тәжікстанның солтүстігіндегі аудандарға су жетпей қалады деген.

Бұл аймақта этникалық қақтығыстар да жиі болады. Ал тұрғындар шешілмеген мемлекеттік шекара мәселесінің құрбанына айналды. Жалпы бұл аймақта бірнеше ғасыр бойы шекара деген түсінік болмаған да еді. Қазіргі қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал – cоветік картографтардың жұмысының нәтижесі. Совет одағы одақтас республикаларын бөлетін сызық сызған. Бірақ СССР құлаған соң бұл сызықтар тәуелсіз елдердің шекарасына айналды.

Жолдар мен су жолдары осы даулы шекарадан өтеді. Қырғыз-тәжік шекарасы 970 шақырымға созылады. Соның тек 504 шақырымы демаркацияланған. Келіссөз өте баяу жүріп жатыр. Бірақ Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы мәселені шешуге тырысып жүр.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті елдің шекарасына жауап береді. Комитет басшысы Қамчыбек Ташиев наурыз соңында Тәжікстанмен келісім аясында жер алмасатынын айтқан.

Бұл тәжіктердің тарапынан қарсылыққа ұшырап, олар Ворух біздің тарихи жеріміз деді. Әдетте Ворухқа жиі бармайтын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 7 сәуірде Ворухқа барды. Ол сапары кезінде "Ворухтың жері Қырғызстанға ешқашан берілмегенін және берілмейтінін" айтты.

28 сәуірде, қақтығыс басталғанда, Ташиев Қырғызстанда болмады. Ол емделу үшін басқа елге кеткені хабарлаған.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ БАР МА?

Қырғыз бен тәжіктер арасында сенімсіздік бұрында төмен болған. Кейінгі 15 жыл бойы екі ел шекарасында қақтығыс оқтын-оқтын болып келеді.

Қақтығыс кезінде адамдар бір-бірінің көліктеріне тас лақтырып, жолаушыларды соғып кететін. Кейін таяқ-тас лақтыру, бақтар мен үйлерді өртеу шықты.

Қазір қақтығысқа екі елдің милиционерлері, шекарашылары және әскерилері де араласа бастады. Әскерилер мен тұрғындар қару-жарақтан да жиі оқ атып жүр.

Әдетте мұндай жағдайда екі елдің билігі оқиға орнына бірден жетіп, бір-бірімен келісімге келуге тырысады, әскерлерді таратамыз деп уәде береді және шенеуніктер зардап шеккен тұрғындарға барып оларды сабырға шақырады.

Екі ел бірігіп, шекара маңын барлаған кезі, екі елдің тұрғындарын жинап мереке ұйымдастырған сәті де болған. Қырғыз-тәжік шенеуніктері, ақсақалдары да кездескен. Бірақ шекара маңындағы тұрғындардың көбі жанжалдың оңды шешілетініне сенбейді. Ең қорқыныштысы, адам шығыны мен қару қолдану белең алып барады және қақтығыстар бұрынғымен салыстырғанда ұлғайып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG