Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай "шиеленісіп тұр", Жапаров Қырғызстанда қаралы күн жариялады


Баткен. Қырғыз-тәжік шекарасы. 1 мамыр, 2021 жыл.
Баткен. Қырғыз-тәжік шекарасы. 1 мамыр, 2021 жыл.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің шекара қызметі 1 мамыр, жергілікті уақытпен 11:30-дағы жағдай бойынша қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай "салыстырмалы түрде шиеленісіп тұр" деп хабарлады.

Мекеменің мәліметі бойынша, тәжік жағы Торт-Кочо ауылына баратын жолды толық жауып тастаған. Тәжікстан жерінде шекараға қарай әскери техника жүріп жатқаны байқалады.

Тәжік жағы бұл ақпаратқа қатысты әлі комментарий бермеді.

30 сәуір кешкісін Қырғызстанның Баткен облыстық әкімшілігі Ош-Баткен-Исфана трассасында Торт-Кочо тұсындағы автожол қайта ашылғанын хабарлаған. Бұған қоса, Тәжікстанды Қырғыстан жерінің ортасындағы Ворух анклавымен жалғап жатқан Исфара-Ворух жолы да ашылған.

1 мамырда таңғы 9-да Қырғызстан шекара қызметі шекарадағы ахуалды "тұрақты" деп бағалаған. Мекеменің хабарлауынша, өткен түні шекарада ешқандай қақтығыс та, атыс та болмаған.

28-29 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды, соның кесірінен кемі 31 адам қаза тауып, 154 кісі жарақат алған. Ондаған ауыл зардап шекті, тұрғын үйлер мен басқа да дүние-мүлік өртенді, 30 мыңға тарта адам эвакуацияланды.

Тәжікстан билігі қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жариялаған жоқ. Азаттықтың Тәжік қызметінің дерегі бойынша, оқиға кезінде бұл елдің 12 азаматы опат болған, олардың 4-уі әскери қызметкер.

Қақтығыс 28 сәуір кешке басталған. Тәжікстанның бір топ азаматы Көк-Таш маңында, шекарада орналасқан "Головной" су тарату орталығына бақылау камерасын орнатпақ болған. Бұл жағдай төбелеске, одан әрі тас лақтыруға ұласқан. Жанжалға Көк-Таш пен Ходжа Ало ауылының тұрғындары қосылды. Екі ел шекарасында қақтығысқан екі топ 29 сәуір кешкісін келісімге келіп, 24 сағатқа созылған жанжалға нүкте қойды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров осы оқиға кесірінен қаза тапқандар құрметіне 1-2 мамырды қаралы күн деп жариялады.

Бұл күндері ел аумағындағы және шетелдердегі дипломатиялық және консулдық мекемелерде Қырғызстанның мемлекеттік туы төмен түсіріледі. Бұған қоса мәдениет орындары мен телерадиокомпаниялар ойын-сауық шаралары мен хабарларын тоқтата тұруы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG