Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай тұрақты, тараптар бір-бірін кінәлап отыр


Қақтығыстың салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болған Баткен облысындағы ауыл тұрғындары.
Қақтығыстың салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болған Баткен облысындағы ауыл тұрғындары.

Өткен аптадағы қарулы қақтығыстан кейін қырғыз-тәжік шекарасында жағдай тұрақты. Алайда тараптар бір-бірін жағдайды ушықтырды деп кінәлаумен келеді.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі 4 мамырда милиция Баткен облысындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр деп мәлімдеді. Баткен облысы Тәжікстанның Соғды облысымен шектеседі. Бір күн бұрын екі жақ та шекара маңынан әскерін әкеткен.

Министрліктің мәліметінше, қырғыз мамандары Ақтатыр ауылы маңында жарылмаған снарядтарды жоюға тырысып жатыр. Су торабы маңындағы даудан туындаған қақтығыстың салдарынан екі жақтан да елді мекендер бүлініп, қираған.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова 4 мамырда қақтығыстың салдарынан Қырғызстанның 36 азаматы қаза болды, 189 адам жараланды, 58 мың адам тәртіпсіздік кезінде эвакуацияланды деп мәлімдеді. Қырғызстан билігінің хабарлауынша, тәжік билігі шекарадағы даулы аумақта видеобақылау камераларын орнатуды жоспарлап отыр.

Солтонбекованың сөзіне қарағанда, қақтығыстан зардап шеккен 51 адам қазір Бішкекте ауруханада жатыр, 49 адам Баткен облысындағы ауруханаларда емделіп жатыр.

Ал тәжік билігі қаза болғандар мен зардап шеккендер жайлы ақпарат таратпады. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, жанжалдың салдарынан кемінде 16 тәжік азаматы қаза болған. Арасында бірнеше әскери қызметкер бар. 90-нан астам адам жараланған. Ходжа Ало мен Сомониен ауылдарында қарулы қақтығыс кезінде тұрғын үйлер қираған.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген.

Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

Сәуір айының соңында болған қақтығыс көрші елдер мен Батысты алаңдатты. Еуроодақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ресей екі тарапты атысты тоқтату туралы келісім шарттарын орындауға шақырды.

Қырғызстан мен Тәжікстанда да ресейлік әскери базалар орналасқан.

Екі ел прокуратуралары қақтығысқа байланысты қылмыстық іс қозғап, бір-бірін "басқыншылық жасамақ болды" деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG