Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бір топ кәсіпкер карантин талаптарына шағымданды


"Жиған-тергенімізден ештеңе қалмады". Саудагерлер базар жұмысын шектемеуді сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

5 мамырда Нұр-Сұлтанда "Гүлжан" базарының отыз шақты саудагері жиналып, сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуге рұқсат беруді және жұмыс уақытын 19.00-ге дейін созуды талап етті. Наразылардың сөзіне қарағанда, күн сайын екі сағатқа кем жұмыс істеу онсыз да індеттің салдарынан шығынға батқан кәсіпкерлерді кірістен қағып отыр.

"Себебі, жұмыс күндері адамдар базарға тек бестен кейін ғана келеді. Ал ол кезде біз жабылып қаламыз. Кірісіміз азайып кетті, шығынға баттық. Жалға алу құны да арзандаған жоқ" дейді кәсіпкерлер.

Олардың айтуынша, қазір қалада үш сауда орталығы: "Хан Шатыр", "Мега Silkway" және "Еуразия" сауда үйі істеп тұр, себебі онда вакцина пунктері бар. "Олай болса, біздің ғимаратқа да вакцина пунктері орналассын, біз де істей берейік" деген ұсыныс айтты.

"Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы мүлде ақылға қонымсыз. Кейбір сауда үйлеріне қалыпты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ол жақта вакцина пункті орналасса, вирус жұқпайды деп ойлай ма екен?" дейді кәсіпкерлердің бірі Роза Есентаева.

Сәлден соң оқиға орнына "Гүлжан" сауда орталығының директоры Әбдіуақап Мәденов келіп, ақпарат құралдарын "адамдарды бір жерге топтастырып жинағаны үшін" кінәлап, журналистерге дүрсе қоя берді. Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Ақыры талаптарын толық жеткізіп үлгермеген саудагерлер сауда үйі басшысының қысымымен оқиға орнынан тарап кетуге мәжбүр болды.

Нұр-Сұлтан қаласы бас санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиеваның айтуынша, қалада 100 егу бөлімі жұмыс істеп жатыр.

– Ол медицина ұйымдарында және сауда ойын-сауық орталықтарында [орналасқан]. Сауда орталықтарында осындай 7 егу бөлмесі жұмыс істеп жатыр. Әр орталыққа медициналық ұйымдар тіркелген. Оны біздің қала бойынша қоғамдық денсаулық басқармасы өз тарапынан бөледі, – дейді ол.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр. Күн сайын мұнда шамамен 300 шақты науқас тіркеліп жатыр. Қаланың бас санитар дәрігерінің 23 сәуір күні жариялаған қаулысына сәйкес, вакцина пунктері орналасқан сауда орталықтары күн сайын таңертеңгі сағат 8 бен 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ мұндай орталықтарда ойын алаңдарының жұмыс істеуіне тыйым салынған.

Осыған дейін Қазақстанның өзге аймақтарында да кәсіпкерлер карантин талаптарына шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG