Accessibility links

Семейде кәсіпкерлер карантин шараларын жұмсартуды талап етіп, әкімдікке барды


Карантин шараларын жұмсартуды талап етіп тұрған кәсіпкерлер. Семей, 11 қараша 2020 жыл.
Карантин шараларын жұмсартуды талап етіп тұрған кәсіпкерлер. Семей, 11 қараша 2020 жыл.

11 қарашада күндіз Семейде ондаған кәсіпкер карантин шараларын жұмсартуды талап етіп, Семей әкімдігіне барды. Олардың алдына қала әкімі Ермак Сәлімов шықты.

Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, аймақта кейбір кәсіпкерлер жарты жылдан бері жұмыс істемеген. Кейбірі жұмыс уақыты шектелгендіктен табысының бір бөлігінен айырылған.

– Бізде тойхана бар. Наурыз айынан бері жұмыс істей алмай келеміз. Қайтіп күн көреміз? Коммуналдық төлем төлеу үшін несие алдым, айына 200 мың теңгелік квитанция келеді. Іс жүзінде банкрот болдық, – дейді әкімдікке келген кәсіпкерлердің бірі.

Наразы кәсіпкерлер өткен демалыста қала әкімі, облыстық СЭС, ішкі істер басқармасы, прокуратура өкілдерімен кездескен. Кездесу кезінде карантин шараларын жұмсарту туралы өтініш те тапсырған. Алайда 10 қарашада шыққан жаңа қаулыда оның бірде-бірі ескерілмеген.

- Бұл қала бизнесін, тұрғындарын құрметтемеу. Олар жаңа пункт енгізбеген, - дейді кәсіпкерлер.

Аймақта қоғамдық шараларға толық тыйым салынғандықтан банкет залдары жұмыс істемей тұр. Мейрамхана иелеріне залдарының тек жартысын ғана толтыруға рұқсат етілген. Әкім банкет залдарына да солай істеуді ұсынған, алайда кәсіпкерлер бұған келіспей отыр.

- 30-40 адамға солай жасауға рұқсат беріңіздер. Біз мейрамхана, дәмхана сияқты жұмыс істеп көрдік - халық жиналмайды. Автобуста адамдар топтасып тұрса да, тексермейді ғой. Біз санитарлық талаптарды сақтаймыз. Неге 20-30 адамдық шағын отбасылық мерекелерді өткізуге болмайды? - дейді кәсіпкерлер.

Ал сауда орталық иелері демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады.

– Уақыт бойынша шектеуді алып тастаңыздаршы, бұл тиімсіз, жеті ай бойы демалыста істеу қажеттігін түсіндік. Талаптарды сақтаймыз. Бәрі де риза болар еді. Топырлап жүру ешкімге керек емес. Қатаң шаралар күшінде болса, статистика өсіп жатыр - яғни, бұл оның тиімсіз екенін көрсетеді, - дейді мейрамхана иесі Станислав Металлиди.

Ал әкім карантин шаралары барлық аймақта енгізілгенін айтып, халықты сабырға шақырды.

– Бәріңіз коронавирус ахуалын ұмытып кеткен сияқтысыздар. Әлемде не болып жатыр? Көрмейсіздер ме? Ол да бізге келеді. Қазір жағдай жақсарса ғана режимді жұмсарту туралы айтуға болады. Егер адамдар ауырмай, адам өлімі жоқ болған жағдайда ғана менде режимді жұмсарту құқығы болатын шығар, - деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Ал кәсіпкерлер "шетелде өтемақы төлейді, Қазақстандағы сияқты адамдар аштан өліп жатқан жоқ, шетелмен салыстырудың қажеті жоқ" деп ашуланды.

Қараша айының басында Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар күрт артып, карантин шаралары күшейген еді. Облыс аумағында блокбекеттер пайда болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG