Accessibility links

Вакцинаның бірінші дозасын алған 1,5 млн адамның 0,02 пайызына вирус жұққан


Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина құтысын ұстап тұр.
Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина құтысын ұстап тұр.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған 1,5 млн адамның шамамен 0,02 пайызына вирус жұққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 5 мамыр күнгі брифинг кезінде хабарлады.

"Тұтас алғанда вакциналау науқанының белсенді жүріп жатқанына куә болып отырмыз. Азаматтарымыздың екпеге сенімі артты. Вакцина алған 1,5 млн адамның шамамен 0,02 пайызына (шамамен 300 адам) ғана вирус жұққан. Бұл вакцинаның тиімді екенін көрсетеді" деді Алексей Цой.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасын 1 млн 487 мың адам (халықтың 7,9 пайызы) алған. 400,7 мың адамға екі дозасы салынған.

Бұған дейін Азаттыққа жіберген жауабында денсаулық сақтау министрлігі 29 сәуір күнгі мәлімет бойынша елде вакцинаның екі дозасын алғандар арасында 31 адамға вирус жұққан деп мәлімдеген еді.

"Бірақ барлық жағдайда вакцина егілгеннен бері көп уақыт өтпеген және иммунитет қалыптасып үлгермеген" делінген министрлік жауабында.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, вакцинаның алғашқы дозасы егілген күннен бастап 12-14 күн өткен соң антидене қалыптаса бастайды. Иммунитетті күшейту үшін вакцинаның екінші дозасын салу керек болады. Осылайша иммунитет толық қалыптасу үшін 1-1,5 ай уақыт керек дейді ведомство өкілдері.

Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда індет басталғалы бері 400 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталған. 3,3 мыңнан астам адам қайтыс болған. Елде вакциналау науқаны 1 ақпанда басталған. Қазір халыққа ресейлік "Спутник V", QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесі салынып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау науқанының "баяу жүріп жатқаны үшін" жиі сыналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG