Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған туыстарына араша сұраған бір топ адам 6 мамырда наразылықты Алматыдағы Қытай банкі ғимараты алдында жалғастырды. Қытайда "заңсыз қамалған", із-түзсіз жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай қалған туыстарының суретін ұстаған он шақты адам мекеме алдында "Бостандық", Қазақтар – террорист емес", "Бауырларымызды босатсын!" деп айқайлады. Олар кейбір талаптарын қытайша да жеткізді. Наразы топтың ішінде балалар да болды.
– Қытай Қазақстанды әлемде қауіп төндіретін 26 террор мемлекет қатарына жатқызған. Сондықтан кімде-кім Қазақстанға барса, терроршы болып саналады деп біздің туыстарымызды қамап, соттап қуғындап отыр. Енді бұл кісілердің айтатыны – егер Қазақстанға қазақтар барып келсе, терроршы саналады да, қытайлық барса, "дос мемлекетке барып келді" дейді екен. Бұл не деген теңсіздік! Олай болса, қазақтар Қазақстанға бара алмаса, қытайлар да келмей ақ қойсын. Қазақстанда Қытайдың мұнай компаниялары, ұлттық банктері, қонақүйлері, мейрамханалары бар. Онда олар не үшін жұмыс істеп тұр? Егер Қытай консулы жауап бермесе, біз күн сайын Қазақстандағы Қытайдың нысандарына атап айтқанда, банктеріне, қонақ үйлеріне, мейрамханаларына және қытайлықтардың Қазақстанда "заңсыз" ашып алған базарларына барып наразылық білдіреміз, – деді белсенді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне.
Наразылар жиналып жатқанда ғимарат ішіндегілер сыртқы есікті жауып алды. Ол жақтан ешкім наразылар алдына шықпады.
– Қытай менің екі кішкентай қызымды әкесіз қалдырды. Олар әкенің кім екенін білмей өсіп келеді. Қытай біздің құқымызды таптап отыр. Туыстарымызды жазықтан-жазықсыз түрмеде қамап отыр. Біздің жақындарымызды көрмегелі міне, төрт жыл болды. Күйеуімнің өлі-тірісінен хабарым жоқ. Төрт жылдан бері дауысын естіп көрмедім. Қытай үкіметі алдап шақыртып алып кетіп, әлі жібермей отыр. "Қазақстанға неге бардың?", "неге қоныс аудардың?" деп кінәлап, терроризм деген жалған жаламен еш адвокатсыз, сотсыз тоғыз жылға түрмеге жіберген, – деді жиналғандардың бірі Бикамал Кәкен.
Ол Қытай билігіне қарата "Қытай, екі күн бұрын қайын жұртымның үйіне барып, күйеуімнің жазықты екенін, одан кейін сол түрмеде жазығын өтеп жатқаны туралы видео түсіріп кетіпсің! Сен өз қылмысыңды жасырып жатырсың. Жала жауып жатырсың, қылмысыңды жасыра алмайсың. Қылмысыңды бүкіл әлемге әшкерелейміз" деді.
Көшеде жүрген кейбір адамдар акцияға назар аударып, кейбірі видеоға да түсіріп алды.
Бұл азаматтар кеше, 5 мамырда да осында келген. "Қауіпсіздік бөлімінің басшысымын" деп өзін таныстырған адам "мәселелеріңіздің бізге қатысы жоқ" деп жауап берген болатын.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туысы "заңсыз" қамалған, із-түзсіз жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған адамдардың туыстары бірнеше жылдан бері Алматы, Нұр-Сұлтанда наразылық өткізіп, жақындарын қайтаруды талап етіп келеді. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
Наразылыққа қатысқандардың бірі Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде Шыңжаңнан Қазақстанға ұшып келді. "Тыңшылық" бабымен айыпталған ол Қытай түрмесінде – 13 жыл, "саяси лагерьде" 1,5 жыл болған. Одан шыққаннан кейін үйқамақта болған. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.
- БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
- Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
ПІКІРЛЕР