Accessibility links

Ақтөбеде футбол жанкүйерлері вакцина салдырғандарға ғана матч көруге рұқсат берілгеніне наразы


Ақтөбе стадионындағы футбол матчы. Көрнекі сурет.
Ақтөбе стадионындағы футбол матчы. Көрнекі сурет.

"Ақтөбе" футбол клубының жергілікті стадиондағы матчтарын коронавирусқа қарсы вакцина салдырған жанкүйерлер ғана көре алады. Вакцинаның екі дозасын толық салдырмаған жанкүйерге стадионға кіруге рұқсат жоқ. Бұл туралы 6 мамыр күні клубтың ресми парақшасында хабарланды. Жергілікті жанкүйерлер мұндай шектеуге қарсы.

"Алаңда өтетін ойындарға кіру үшін жанкүйерлер толық вакцина алуы қажет. Мұны стадион алдындағы арнайы автобуста жасауға болатынын жеткіземіз" делінген клубтың ресми парақшасындағы хабарламада.

"Ақтөбе" футбол клубының бұл шешімі жергілікті футбол жанкүйерлерінің наразылығын тудырды.

- Мен мұны жанкүйерлерге моральдық тұрғыдан жасалған қыспақ деп бағалаймын. Бұдан футбол клубы ештеңе де ұтпайды. "Ақтөбені" бюджет қаржыландыратынын білесіздер. Ал билік халықтың жаппай вакцина салдыруына мүдделі. Сондықтан жергілікті матчқа кісі көп жиналатынын біліп, клубты пайдаланып отырған болуы да мүмкін. Келесі матчқа дейін ешбір жанкүйер вакцинаның екі дозасын алып үлгермейді. Жергілікті жанкүйерлер арасында жылдық абонемент сатып алғандар өте көп. Соның бір - менмін. Сонда мен қолымда абонементім бола тұра стадионға кіре алмаймын ба?! - дейді футбол жанкүйері Береке Шаймағамбетов.

Тағы бір жанкүйер Ардақ Жәңгір хабарлама кеш тарады деп санайды.

- Жанкүйерін сыйлайтын клуб мұндай өзгерісті ертерек хабарлайды. Мысалы, Еуропа лигасын тамашалауға 9 мың жанкүйер жіберілетіні алдын-ала белгілі болды. Ақтөбеде мамырдың ортасында болатын матчқа "вакцина салдырмағандар кірмейді" деген ақылға сыймайтын нәрсе! Денсаулық ең алдымен өзімізге керек. Матчқа барған жағдайда ашық стадионда әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде киіп отырар едік қой. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі вакцина егу ерікті түрде жүргізіледі деп хабарлады емес пе? -дейді Ардақ Жәңгір.

Ақтөбе әкімдігінің хабарлауынша, билік тарапынан футбол клубына ешқандай нұсқау берілмеген. Бұл клубтың өз шешімі дейді олар.

- Ақтөбедегі орталық стадионда 13 мың орын бар. Демек вирустың таралу қаупі де зор. Сондықтан тұрғындардың клуб шешіміне түсіністікпен қарағаны жөн. Әрине, вакцина салу-салмау адамның өз еркі. Бірақ халықтың қауіпсіздігі мен вирустың таралмауы үшін вакцинадан басқа жол жоқ, – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны 1 ақпанда басталған. Соңғы мәлімет бойынша халықтың 2,3 пайызына (460 мың адам) вакцинаның екі дозасы салынған. 900 мыңға жуық халқы бар Ақтөбе облысында 58,5 мың адамға (6,6 пайыз) вакцинаның кемінде бір дозасы салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG