Accessibility links

Ashyq вирусқа тосқауыл ма? Жаңа қосымша жайлы пікір екіге жарылды


Смартфоннан Ashyq қосымшасын қарап тұрған адам.

5 мамырдан Қазақстанның барлық аймағында Ashyq қосымшасы қолданыла бастайды. Жобаға бір жылдан астам уақыттан бері жабық тұрған караоке-барлар мен банкет залдары қосылды, ал қоғамдық тамақтану орындары, боулинг пен бильярд клубтары тәрізді көпшілік нысандардың жұмыс уақыты ұзартылды. Кәсіпкерлердің қосымша туралы пікірі әрқилы: бірі Ashyq карантинде жұмыс істеуге мүмкіндік берді десе, енді бірі қосымшаның кесірінен тұтынушыдан айырылып жатқанын айтады. Ashyq "конституциялық құқығымды шектейді" деп қосымшаны орнатудан бас тартып жатқандар да бар.

"ҚОСЫМШАНЫ ОРНАТУДАН БАС ТАРТТЫМ"

Алматы тұрғыны Эвелина Фоменко Ashyq қосымшасымен жұмыс істеуге көшкен көпшілік қоғамдық орындарға бармауды ұйғарған. Себебі, оның ойынша, тұтынушыларды жасыл, көк, қызыл және сары түске бөліп жіктейтін Ashyq адамдарды алалап, Конституцияда бекітілген жүріп-тұру құқығын шектейді.

– Қосымшаны орнатпасаң немесе жеке сәйкестендіру нөміріңді (ЖСН) айтпасаң, көпшілік орынға кіре алмайсың. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу, кемсіту. Конституция бойынша, адамдарды кемсітуге тыйым салынған. Сондықтан Конституция ережелеріне қайшы кез келген дүние қолданылмауға тиіс, – дейді ол.

Ashyq қосымшасын қолданбаймын деп шешкен Эвелина Фоменко көпшілік баратын орындарда қыдырғаннан гөрі жеке деректерді қорғау әлдеқайда маңызды деп есептейді. Фоменко қосымшаны жасап шығарушы жеке деректерді қандай мақсатпен жинайтыны және ол жүйе қаншалықты қорғалғаны белгісіз дейді.

Карантин кезінде көшеде жүрген адамдар. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.
Карантин кезінде көшеде жүрген адамдар. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

Ashyq-ты Play Market арқылы көшіріп алып, Android негізінде істейтін смартфонға орнатқан соң қосымшаға өте төмен ("5-тен" "1,5" балл) баға қойып, сын айтып жатқандар көп. Сондай пікір жазғандардың арасында Эвелина Фоменко тәрізді бұл қосымша азаматтардың конституциялық құқығын бұзады деп есептейтіндер бар. Пікір жазған қолданушылардың көпшілігі қосымшаға кіре алмағанын, енді бірде sms-хабарлама алмағанын, қосымша дұрыс жұмыс істемей, түрлі техникалық мәселе туындайтынын айтып шағымданған.

Ashyq қосымшасын ендіруге бастамашы болған ұйым – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов 27 сәуірде өткен онлайн брифингіде Play Market пен Apple Store платформасында қосымшаны сынаған пікірлер негізінен Ashyq ендірілетіні алғаш рет хабарланғанда жазылғанын айтты. Дегенмен Азаттық тілшісі Play Market-те күн сайын қосымшаны сынаған ондаған пікір жазылатынын байқады. Брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Айтуар Қошмамбетов Ashyq азаматтардың құқығын шектемейтінін жеткізді.

– Бір азаматтардың құқығы шектелген жерде басқа адамдардың құқығы қорғалады. Халық денсаулығы туралы кодекс бойынша, бас санитар дәрігерлер шектеу шараларын енгізе алады. Конституцияда да мұндай ережелер бар. Сондықтан бұл жерде азаматтардың құқығы шектеліп жатқан жоқ. Ashyq – бұл жұмыс істеуге мүмкіндік, локдаунға балама, – деді Айтуаров.

ASHYQ-ТЫ ЖАҚТАЙТЫН ЖӘНЕ СЫНАЙТЫН КӘСІПКЕРЛЕР

Ashyq қосымшасымен жұмыс істеуге көшкен шағын бизнестің кей өкілдері тұтынушылардың қосымшаға көңілі толмайтынын мойындаса да, коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған кезеңде жабылып қалмай жұмыс істеудің жалғыз амалы осы дейді.

Наурыз айының басында Ashyq қосымшасын орнатқан Fidelity фитнес клубы сату бөлімінің директоры Сергей Безбородов Ashyq шағын бизнеске жұмыс істеуге жол ашты деп есептейді.

– Бізде екі таңдау болды: фитнес клубтарды жауып, адамдарды жұмыссыз қалдыру немесе Ashyq-пен жұмыс істеу. Ashyq-қа қосылған соң бастапқы кезде тұтынушылар ашуланып жүрді, бұл Конституцияға қайшы деген уәж келтірді. Біз қоғамдық денсаулыққа келгенде кей құқықтар шектелуі мүмкін екенін түсіндірдік. Фитнес клубқа келушілер уақыт өте келе қосымшаға үйреніп кетті, қазір қосымшамен оп-оңай кіріп шығады, – дейді Сергей Безбородов.

Алматыдағы Chaplin Cinemas кинотеатрының бос тұрған көрермен залы.
Алматыдағы Chaplin Cinemas кинотеатрының бос тұрған көрермен залы.

Эпидемиологиялық ахуалға қарай бірде істеп, бірде істемей тұрған кинотеатрлар да Ashyq-пен жұмыс істей бастады. Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко науқастарды анықтаудың кез келген әдісі түрлі шектеулерден тиімдірек дейді. Кириенко кинотеатр Ashyq-қа жаңадан көшкен кезде киноға келушілердің қосымшаны смартфонға жүктегісі келмегені байқалды дейді.

Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.
Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.

– Қосымшаны ендіргенде кей тұтынушылар оны жүктегісі, қолданғысы келмейтінін, жақтырмайтынын айтты. Ондай жағдайда келушілерді жеке куәлігі арқылы жеке-жеке тексердік. Бастапқыда адамдар қосымшасыз келгендіктен, оның қалай жұмыс істейтінін білмегендіктен, келушілерге уақытында қызмет көрсете алмаған кездер болды, – дейді Кириенко.

Ал қазір көрермендер смартфонға алдын ала орнатылған қосымшамен келетіндіктен, кинозалға еш кідіріссіз кіреді деп сендіреді ол.

Дегенмен Ashyq-ты ендіргеннен кейін керісінше тұтынушыдан айырылып жатқан шағын бизнес өкілдері бар.

Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина жұрт Ashyq қосымшасы жайлы хабарсыз болғандықтан, оны ендіру қиынға соғып жатқанын айтты.

– Қонақтардың бірі жеке куәлігін ұмытып, жеке сәйкестендіру нөмірін білмейді. Енді бірі қосымшаны орнатқысы келмейді. Осының бәрін анықтап тұрғанда, кіреберісте кезек түзіледі. Қонақтар дауласып, ұрсысып кетіп қалады, – дейді Майғарина.

Гүлбану Майғарина бұл мәселені шешу үшін қосымша ақша жұмсап, кіреберісте қонақтарды кіргізіп тұратын қосымша хостестерді жұмысқа алғанын айтады. Бірақ одан жағдай айтарлықтай өзгермеген.

Кәсіпкер Ashyq қосымшасы көп адам келетін қызмет көрсету саласындағы нысанға лайықталмаған дейді.

Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина.
Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина.

– Мұндай қосымшаны шағын бизнестің түрлі форматында сынап, тексеріп көру керек. Көп адам келетін тамақтану желісінде қосымшаны қолданудан кезек көбейеді, кіреберісте адам жиналып қалады. Lanzhou желісіне адам көп келеді. Қонақтар орташа есеппен 30 минуттан артық отырмайды. Адамдарды ішке тез кіргізіп, санитарлық талапқа сай отырғызу кіреберістегі кезекті азайтып, ауру жұқтыру қаупін төмендетер еді, – дейді Майғарина.

"Банзай" жаттығу залы желісінің директоры Хәкім Құрманғалиев Азаттыққа берген сұхбатында Ashyq енгізілген соң көптеген адам фитнес залға келуден бас тартқанын жеткізді.

– Бизнеске не Ashyq-пен жұмыс істейсіңдер немесе мүлде жұмыс істемейсіңдер деген ультиматум қойылды. Басқа балама жоқ. Әрине, жұмыс істемей тұрғаннан әйтеуір жұмыс істеген жақсы. Бизнеске осы қосымшамен жұмыс істесе де немесе қосымшасыз жұмыс істесе де бәрібір. Ал бірақ тұтынушыға бәрібір емес. Адамдар Ashyq үшін келгісі келмейді. Күніне он шақты адам хабарласып, Ashyq-сыз кірсек бола ма деп сұрайды. "Жоқ" деген жауап естіген соң, тұтынушы басқа шағын залдарға кетіп қалады, – дейді кәсіпкер.

Хәкім Құрманғалиев тұтынушылар Ashyq қосымшасын түрлі техникалық ақауына бола қолданғысы келмейді дейді. Оның айтуынша, кейде қосымша қатып қалады. Енді бірде әлдеқашан ауырып, дерттен айыққан адамның статусы жаңартылмай қалады.

Ashyq қосымшасын жасап шығарушы Digital Innovation & Transformation ЖШС директорының орынбасары Виталий Пустовойтенко Азаттыққа берген сұхбатында қосымша коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР тестілер және науқастармен байланыста болған азаматтардың базасымен (санитарлық дәрігерлер жасайтын) біріктірілген дейді. Оның айтуынша, қосымшадағы мәліметтер бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес жаңартылады. ПТР тест нәтижесі коронавирус жұққанын анықтаған адам қосымшада қызыл түспен белгіленіп, ол 14 күн бойы өзгермейді. Науқаспен байланыста болған азаматтардың сары түсті статусы да 14 күн сақталады.

Дегенмен Азаттыққа сұхбат берген Нұр-Сұлтан қаласының 37 жастағы тұрғыны Абылай Болатұлы (кейіпкердің аты-жөні оның өтініші бойынша өзгертілді) 22 сәуір күні қалалық емханалардың бірінің зертханасында тапсырған тест нәтижесі оған вирус жұққанын көрсетсе де, Ashyq қосымшасындағы мәртебесі 4 мамырға дейін қызыл түске өзгермей, көк түсті көрсеткенін айтты. Онымен байланыста болған отбасы мүшелерінің қосымшадағы мәртебесі де сарыға өзгермей, көк түспен қала берген.

Ashyq-тағы мәліметтерге кей ретте адам факторы әсер етеді. Бұл мәселе бойынша Азатыққа жауап берген денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкері Мәдина Құсайынова кей зертханалар ПТР тест нәтижесін базаға қолмен енгізгенде жауапсыздық танытады деп түсіндірді. Абылай Болатұлының қосымшадағы мәртебесі неге өзгермегенін анықтаған Мәдина Құсайынова кейіпкерлер ПТР тест тапсырған зертхананың ақпарат жүйесінде техникалық ақау кеткенін жеткізді.

Виталий Пустовойтенко Ashyq қосымшасы цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш даму министрлігі базасындағы серверлерді қолданатынын, мәліметтер өзге серверлерде сақталмайтындықтан, ол бөтен біреулерге өтіп кетпейтінін жеткізді.

Пустовойтенко қосымшаға жазылып жатқан сыни пікірлерді зерттегенде сондай жазба қалдыратын кей қолданушының қосымшаны мүлде орнатпағанын анықтаған. Оның айтуынша, сыни пікір жазатындардың тағы бір тобы – көпшілік орынға қосымшамен барып, қызыл түс көрсеткендіктен кіре алмай қалғандар. Пустовойтенко жаңа қосымша 1 мамырға дейін көпшілік орынға кірмек болған мыңға жуық науқасты анықтап, олар кіргізілмеді дейді. Бірақ қосымшаны жасаушылар елде Beeline желісі мен Қытайда жасалған кейбір ұялы телефон түрін қолданушылардың техникалық кемшіліктерге бола қиындыққа тап болғанын жасырмайды. Beeline операторын қолданушыларға Ashyq-қа кіруге мүмкіндік беретін sms-хабарлама жетпей қалуы мүмкін. Пустовойтенко бұл мәселені шешуге тырысып жатқандарын айтады. Ал АҚШ санкциясына іліккен Huawei компаниясының смартфондары мен баптаулары стандарттан бөлек Xiaomi redmi телефондарына жаңа қосымшаны жүктеу мүмкін емес. Пустовойтенконың айтуынша, мұндай смартфон иелері нысандарға жеке куәлігін көрсетіп кіре алады.

"СИМПТОМСЫЗ НАУҚАСТАН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ"

Эвелина Фоменко вирус жұқтырғандардың бәрі бірдей ПТР тест тапсырмайтындықтан, Ashyq қосымшасы коронавирустан қорғай алмайды деп есептейді. Таяуда Ashyq-ты смартфонына орнатқан Шымкент тұрғыны Кәрім Әренов те қосымша симптомсыз науқасты анықтай алмайды деген қорытындыға келді.

– Симптомсыз науқас адам ауырғанын білмей, көпшілік орындарға барып, ауру таратуы мүмкін. Коронавирусты анықтайтын ПТР тест тапсырмағандықтан, олардың қосымшадағы статусы көк күйінде қала береді. Сондықтан симптомсыз науқасқа келген бұл қосымшаның пайдасы жоқ, – дейді Кәрім Әренов.

Көпшілік қоғамдық орынға кіру үшін Ashyq қосымшасының көмегімен смартфонға QR-кодты түсіріп тұрған адам.
Көпшілік қоғамдық орынға кіру үшін Ashyq қосымшасының көмегімен смартфонға QR-кодты түсіріп тұрған адам.

Онлайн брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Ashyq тек ПТР тест коронавирус жұқтырып алғанын анықтаған азаматтар мен олармен байланыста болған адамдарды көрсететінін жеткізді.

– Өкінішке қарай, медицинада Covid-ті тест қана анықтай алады, басқа әдіс жоқ. ПТР тест тапсырмаған, дәрігерге қаралмаған сиптомсыз науқасты әдіс арқылы анықтай алмаймыз. Үйде отырған немесе көшеде кетіп бара жатқан ондай адамды Ashyq қана емес, медицинада да анықтайтын әдіс жоқ, – деді Қошмамбетов.

Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, 27 сәуірге дейін Ashyq қосымшасы қоғамдық нысанға кірмек болған 800 науқас пен олармен байланыста болған 640 адамды анықтаған.

Шағын бизнес өкілдері Ashyq аурудың таралуынан 100 пайыз қорғай алмаса да, жұмыс істеуге мүмкіндік берді дейді.

– Адам вирус жұқтырғанын 2-3 күн білмей, ары-бері жүріп, ауруды таратуы мүмкін, – дейді Хәкім Құрманғалиев.

Ал Сергей Безбородов бұл қосымша аурудың таралу қаупін төмендетеді, бірақ ауырып қалса да коронавирусты анықтайтын тест тапсырмайтындар бар болғандықтан, вирустан толық қорғай алмайды дейді.

– Бұл 100 пайыз қорғайды деп ешкім айтқан да жоқ. Қосымша ондай қатерді төмендетеді әрі жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда Ashyq қосымшасына 1658 шағын кәсіпкерлік нысан қосылған, олардың 600-ы Алматыда, 129-ы Нұр-Сұлтан қаласында. Қосымшаны жасап шығарған Digital Innovation and Transformation ЖШС директорының орынбасары Виталий Пустовойтенконың айтуынша, Ashyq жүйесінде 720 мың қолданушы тіркелген.

Мақала жарияланар кезде Apple компаниясы өзінің AppStore платформасынан Ashyq қосымшасын алып тастағаны белгілі болды. Қосымшаны жасап шығарған Digital Innovation and Transformation компаниясы директорының орынбасары Виталий Пустовойтенко Ashyq-тың AppStore-дағы тіркеуі уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Пустовойтенко мұның себебін "абонент төлемін AppStore-да осы қосымшаның иесі ретінде тіркелген адамның банк картасынан емес, өзге тұлғаның картасынан аударылғандықтан" деп түсіндірді. Оның сөзінше, Apple ережесі бойынша абонент төлемін қосымшаны өз атына тіркеген тұлға өз банк картасынан аударуы тиіс. Төлемді ережеге сай етіп қайта аударғанын айтқан Пустовойтенко жақында қосымша AppStore платформасына қайта қойылатын болады деп сендірді. Оның сөзінше, Appstore-дан қосымшаны жүктей алмағандар көпшілік орынға жеке куәлігін көрсетіп кіре алады.

Тұтынушы Ashyq-тағы мәртебесін қайдан біледі?

Ashyq қосымшасын смартфонға орнатқан тұтынушы көпшілік нысандарға бармай тұрып, өз мәртебесін мына сайттағы QR-кодты сканерлеу арқылы біле алады.

Қосымшадағы түстер нені білдіреді?

Қосымша бірыңғай ПТР тест базасы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүргізетін науқастармен байланыста болған азаматтардың базасымен интеграцияланған.

  • Қызыл түс ол адамға коронавирус жұққаны ПТР тест нәтижесінде анықталған соң беріледі. Науқастың қосымшадағы қызыл түсі 14 күн бойы сақталады. Ол адамға көпшілік қоғамдық орынға баруға болмайды.
  • Сары түс вирус анықталған науқаспен байланыста болған азаматтарға беріледі. Ондай адамның қосымшадағы сары түсі 14 күн сақталады. Науқаспен байланыста болғандар үйдің жанындағы дәріхана немесе азық-түлік дүкеніне бара алады. Бірақ көпшілік қоғамдық нысандарға баруға тыйым салынған.
  • Көк түс коронавирусты анықтайтын ПТР-тест тапсырмаған және науқастармен байланыста болмаған азаматтарға беріледі. Ондай азаматтар Ashyq орнатылған барлық нысанға кіре алады.
  • Жасыл түспен коронавирус жұқтырмағаны ПТР тест нәтижесінде анықталған адамды белгілейді. Ол адам көпшілік қоғамдық орындарға бара алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG