Accessibility links

"Рентген аппараттарын қымбат сатып алды" деп айыпталған шенеуніктің бас бостандығы шектелді


Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаева (Сурет Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook парақшасынан алынды).
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаева (Сурет Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook парақшасынан алынды).

"Рентген аппараттарын қымбат сатып алды" деп айыпталған Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаеваның бостандығы 3,5 жылға шектелді. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот бұған қоса, шенеунікке өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. Басқарма басшысына "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 361-бап, 4-бөлігі) айып тағылған.

Соттың мәліметінше, Жамал Жаманбаева қызметтік міндетіне кірмейтін заңға қайшы әрекеттермен айналысып, 2020 жылы тамыз айында Сentropharm компаниясымен 222 млн теңгеге алты жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы келісім жасасқан. Бюджеттен қаражат бөлу туралы өтініште нарықтағы бағадан қымбат баға көрсетілген. Қалалық мәслихаттың шешімімен аталған қаражат бөлінген. Бірақ облыстық кіріс департаменті заң талаптарына сәйкес оны тіркемеген.

"Осыдан соң Ж.Жаманбаева ведомствоға қарайтын медициналық мекемелер арқылы жылжымалы рентген аппараттарды сатып алу үшін аудандық аурухана директорларынан Сentropharm компаниясымен келісім жасауды талап еткен. Осылайша мемлекетке 29 млн 540 мың теңге көлемінде шығын келтірген" деді соттың баспасөз қызметі.

Соттың хабарлауынша, айыпталушы сотқа дейінгі тергеу кезеңінде тағылған айыптарды мойындап, келтірген шығынды өтеген. Осылайша айыптау тарабымен процессуалдық келісім жасалған.

Сот үкім шығарар кезде оның кәмелетке толмаған баласы барын, оң мінездемесін ескерген. Әзірге сот үкімі күшіне енбеген.

Сәуір айының соңында Жаманбаеваның жақтастары Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, күдіктінің денсаулығы нашарлап кеткенін хабарлап, үйқамаққа жіберуді сұраған.

Қазақстан Transparency International (TI) ұйымының Жемқорлық индексінде коррупция жайлаған елдердің қатарында тұр. Пандемия кезінде елде денсаулық саласындағы шенеуніктердің жемқорлық бабымен іске тартылуы да жиіледі. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтыр цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңгені (1,2 миллион доллар) "иемденді" деген күдікке ілінген. Қазір экс-министрдің ісіне байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG