Accessibility links

Жапония олимпиада алдында Токиодағы төтенше жағдайды созу мәселесін қарастырмақ


Олимпиада алауының эстафетасын тамашалап тұрған жұрт. Токио, 25 наурыз 2021 жыл.
Олимпиада алауының эстафетасын тамашалап тұрған жұрт. Токио, 25 наурыз 2021 жыл.

Жапония үкіметі 7 мамырда Токио мен тағы үш префектурадағы төтенше жағдайды айдың соңына дейін созуды қарастырмақ. Токио олимпиадасының басталуына үш айдан аз уақыт қалды. Ел үкіметі шектеу шараларын жұма күні мақұлдауы тиіс.

Токио олимпиадасының ашылу салтанатын 23 шілдеге жоспарланған. Жарысқа 11 мыңнан аса спортшы қатысады. Бұдан бөлек, мыңдаған журналист хабар таратуға келеді. Жапония мен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) бұған дейін олимпиадаға шетелдік жанкүйерлер келмейді деп шешім қабылдаған.

Токио олимпиадасы 2020 жылы жазда өтуі тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты биылға шегерілген. Қазір ХОК олимпиадаға қатысушыларға екпе салу үшін Pfizer компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр.

Жапония пандемиядан көп зардап шекпесе де елде екпе қарқыны баяу.

Екпе науқаны баяу жүріп жатқан тағы бір ел Ресей 6 мамырда халықтың 9 пайызы екпенің бірінші дозасын алғанын хабарлады. 6 мамырда Ресей бір дозалы "Спутник Лайт" екпесін егуге рұқсат берді. "Спутник лайт" - "Спутник V" екпесінің жеңілдетілген түрі.

"Спутник лайт" вакцинасының сынақ кезеңі әлі аяқталмаса да, жұртқа жаппай егуге рұқсат берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG