Accessibility links

Әблязов митингіге шақырған жерлерде полиция күзеті күшейді. Наразылық шарасы болған жоқ


Алматыдағы Орталық бақ алдында тұрған полция көлігі. 7 мамыр 2021 жыл
Алматыдағы Орталық бақ алдында тұрған полция көлігі. 7 мамыр 2021 жыл

Қазақстанның бірнеше қаласында 7 мамырда митинг өтеді деп белгіленген жерлерде полиция күзеті күшейді. Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер жұртты жұма күні билікке қарсы митингіге шақырған. Бірақ наразылық шарасы болмады.

Алматыда таңертеңнен бері Орталық бақтың кіреберісіне автозактар қойылып, полиция бақылап жүрді.

Нұр-Сұлтанда Орталық бақтың аумағында да полиция күзеті күшейіп, теннис федерациясы ғимаратының ауласына бірнеше автозак қойылды. Парктегі сауда объектілері мен сауда орындары да жабық тұрды. Жұма күні жұмысына келген шағын пиццерияның жұмысшысының Азаттық тілшісіне айтуынша, қожайыны 7 мамырда пиццерияны ашпауға пәрмен берген.

Нұр-Сұлтандағы Орталық бақ алдында тұрған полиция көліктері. 7 мамыр 2021 жыл.
Нұр-Сұлтандағы Орталық бақ алдында тұрған полиция көліктері. 7 мамыр 2021 жыл.

Шымкентте Абай бағын полиция қоршап тұрды. Ақтөбеде де бірнеше полиция қалалық паркті күзетті.

Әблязов демалыс күндері бүкіл елді билікке қарсы митингіге шақырған. Оның бұл шақыртуынан кейін шамамен ондаған адам ғана митинг орнына келді. Алматы мен Шымкентте бірді-екілі адам ұсталды.

7 мамырға белгіленген митинг алдында полиция белсенділерді бөлімшеге шақырып, кейбірін ұстаған. Бірнеше адам "Бейбіт митинг өткізу" заңын бұзды деп қамауға алынған.

Франциядан саяси баспана алған бұрынғы банкир, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері Мұхтар Әблязов қазақстандықтарды митингіге шығып, биліктен саяси тұтқындарды босатуды, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қарарын орындауды, бағаны арзандатуды және "екпені міндеттемеуді" талап етуге шақырған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қарар қабылдап, Нұр-Сұлтанды барлық саяси тұтқындарды босатуға, "репрессия мен қудалауды" тоқтатуға шақырған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қарар қабылданғалы үш ай өтсе де бұл ұсыныстар жүзеге аспады дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG