Accessibility links

Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күні мерекесімен құттықтады


Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған Мәңгілік алау басындағы гүлдер.
Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған Мәңгілік алау басындағы гүлдер.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Бұл мейрам – бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін фашист басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы. Ұлы Отан соғысы майданына миллионнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы Жеңіс жолында қаза тапты. Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады" деген Тоқаев.

Оның сөзінше, қазір Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 қарт майдангер мен соғыс жылдары тылда жұмыс істеген 100 мыңға жуық еңбек ардагері бар. "Олардың ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынан, қоғамның сый-құрметінен тыс қалмайды" деді президент.

Үкімет биыл 665 майдангердің әрбіріне бір миллион теңгеден (2,3 мың долларға жуық) ақша бөлінгенін хабарлаған.

Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты биыл да Жеңіс күні көпшілік жұрт қатысатын шаралар өтпейді. Жеңіс мейрамына арналған шаралар тек онлайн ұйымдастырылады. Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли "дәстүрлі мерекелік шараларды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын" айтқан.

Елде 2020 жылғы наурыздан бастап тараған Covid-19 коронавирусы әлі бой бермей тұр. 9 мамырдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда кейінгі бір тәулікте тағы да 2350 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Қазірге дейін елде барлығы 342 мыңнан астам адамға вирус жұқты деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

  • 1945 жылғы 8 мамырда нацистік Германияның толық капитуляциясы туралы актіге қол қойылды. Кей мәлімет бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 50 миллионнан астам адам қаза тапқан, оның 27 миллионы – Совет одағының азаматтары.
  • Тарихшылардың дерегі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан халқының алтыдан бірі – 1,3 миллион адам қатысқан, соның 410 мыңы майданнан оралмады.
  • Батыс елдерінің көбі 8 мамырда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын еске алу және бейбітшілік күні ретінде атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG