Accessibility links

Билік Риддерде өрттен зардап шеккендерге көмектесуге уәде берді. Апатқа байланысты күдікті ұсталды


Өрт сөндірушілер оқиға орнында жүр. 11 мамыр 2021 жыл. Суретті Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдай департаменті жіберген.
Өрт сөндірушілер оқиға орнында жүр. 11 мамыр 2021 жыл. Суретті Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдай департаменті жіберген.

Билік Риддерде өрттен зардап шеккендерге көмектесуге уәде берді. Шамамен 300 гектар жерді шарпыған өртті сөндіруге 70-ке тарта техника, 500-ге жуық қызметкер, екі тікұшақ жұмылдырылған. 11 мамыр таңертең Лесхоз ауылындағы өрт толық сөндірілген. Төтенше жағдай департаменті сейсенбі күні күндіз орманның жекелеген аумағындағы өрт сөндіріліп жатыр деп мәлімдеді. Өрттен зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі өрт кезінде құжатынан айырылған тұрғындардың құжаттары кезектен тыс ретте жөнделеді деп мәлімдеді. Департаменттің айтуынша, мұндай азаматтар жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарына жолығуы тиіс.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram желісінде үйі өртенген азаматтарға баспана берілетінін хабарлаған. Өрт кезінде 37 үй өртенген.

Риддерде орман өртінен бір адам қаза тапты, 37 үй отқа оранды. Оқиғаның жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

"Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін (10 мамыр) кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз. Егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, біз оны жөндейміз" деп жазды Ахметов.

Оның айтуынша, дегенмен баспана мәселесі толық шешілуі үшін 2,5 ай уақыт керек.

Өрттің салдарынан 83 адам баспанасыз қалған. Қазір үйі өртенгендер жергілікті жатақханаларға орналастырылған, көбі туыстарының үйін сағалаған. Облыс әкімі өрт себебі бір екі күн ішінде анықталатынын айтты.

Бұған дейін өрттен 1948 жылы туған әйелдің қаза болғаны хабарланған. 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам ауруханаға жеткізілген. Биліктің айтуынша, олардың жағдайы ауыр.

Өртке байланысты бір күдікті ұсталған. Ол сол маңда алау жаққан деген болжам айтылады. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 204 бап 2-бөлігі бойынша ("Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру") қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша 2 мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Риддер қаласында қураған ағаштардың жанып жатқаны туралы ақпарат 10 мамыр 13:30 шамасында төтенше жағдай қызметіне келіп түскен. Күндізгі төртке таман Лесхоз кентіндегі тұрғын үйлердің жанып жатқаны белгілі болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG