Accessibility links

Айыппұл мен ескерту. Алматы соты Қытайдағы туыстарына араша сұрап жүргендерді жазалады


Бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, Қытай консулдығы алдында наразылыққа шығып тұр. Алматы, 9 наурыз 2021 жыл.
Бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, Қытай консулдығы алдында наразылыққа шығып тұр. Алматы, 9 наурыз 2021 жыл.

12 мамырда Алматы қаласының әкімшілік соты Қытай консулдығы мен "Қытайға қатысы бар" делінген бірқатар мекеме алдында наразылық өткізіп жүрген төрт адамға айыппұл салып, бірнеше адамға ескерту берді. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі "Шыңжаңдағы туыстары жайлы ақпарат іздеп жүргендерге" қолдау білдірді.

Сот олардың Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп шыққан бейбіт жиындарын заңсыз деп тапқан және "Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 6-бөлігі) деп айыптаған. Бұл туралы Азаттыққа айыппұл алғандардың өздері мен адвокаттары хабарлады.

Сот шешіміне сай, Байболат Күнболатұлы 147 мың теңге (50 АЕК), Жеңіс Зарқан 102 мың теңге, Алмахан Мырзанқызы 61 мың теңге, Нұрзат Ермекбайқызы 87 мың теңге (30 АЕК) айыппұл алды.

- Жеңіс Зарқан бір жылдың ішінде екі рет әкімшілік жазаға тартылып отыр. Сондықтан оған 50 АЕК айыппұл салынды. Бірақ мен сотқа өтініш айтып, айыппұлды 30 пайызға, яғни 145 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін түсірттім, - деді Зарқанның адвокаты Әмина Тұрғынова онлайн соттан шыққан соң.

Мырзанның адвокаты Шыңқуат Байжанов "Алмаханға 30 АЕК айыппұл салған. Судьяға өтініш айтып, жеңілдік алдық. Оған сот 87 мың теңгенің орнына 61 мың теңге айыппұл салды" деді.

Алмахан Мырзан Шыңжаңда қалған туысы Бақытжан Мырзанға сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұр. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
Алмахан Мырзан Шыңжаңда қалған туысы Бақытжан Мырзанға сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұр. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.

Ал Ермекбайқызы онлайн соттан шыққан соң "айыппұл төлеуге шамам да жоқ. Сондықтан судьядан мені қамаңыз деп өтініш айтайын деп едім, бірақ сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Үкімді оқып берді де видеоны өшіре салды" деді.

Күнболатұлы тағылған айыппен келіспейтінін айтқанымен, "судья оның сөзін ескермеген".

- Онлайн сотта адвокатым Шынқуат [Байжанов] Шыңжаңда болып жатқан қуғындар туралы айтты. Мен де тағылған айыптармен келіспейтінімді жеткіздім. Соған қарамастан сот айыппұл салды. Онлайн сот біткен соң полиция бөлімшесінен шыға беріңіздер деді. Қазір бөлімшеден шығып барамын, - деді Күнболатұлы.

Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.
Байболат Күнболатұлы Қытай түрмесінде отырған інісінің суретін ұстап, Қытай елшілігі алдында пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.

11 мамырда кешке полиция Алматыда Қытай консулдығы, Қытай банкі және Қытайға қатысы бар Sinooil жанармай станциясы алдында наразылық өткізген сегіз адамды ұстаған. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда қамалған я сол жақтан бергі бетке өте алмай отырған туыстарын босатуды талап еткен. Қытайда жақындарымыз қалды дегендер бұл наразылықтарын үш айдан бері өткізіп келген еді.

11 мамыр түнде сот Ақиқат Қалиолла, Гүлпия Қазыбекқызы және Тұрсынгүл Нұрақайды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, ескерту берген. Ал қалғандарына "12 мамырда полицияға келіңдер" деп шақырту қағаз беріп босатқан еді.

АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендерге шыққан сот шешіміне қатысты пікір білдірді.

"Біз Қытайдың ұйғырларды, қазақтарды және басқа да этникалық азшылықтарды жаппай түрмеге жапқанын айыптаймыз. АҚШ өкілдігі Шыңжаңдағы отбасы мүшелері жайында ақпарат іздеушілерді қолдайды. Бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайды" деді елшілік мәлімдемесінде.

БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақты еш жазықсыз лагерьге я түрмеге қамап отыр деп мәлімдеген. Қытай лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп атайды.

АҚШ билігі Қытай Шыңжаңда ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалап, олардың дінін, тілі мен ділін жоюға тырысып жатыр деп мәлімдеген. Вашингтон Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атайды. Бұдан бөлек, Канада мен Ұлыбритания да Қытайдың бұл саясатын "геноцид" деген. Еуропа одағы Қытайға "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалағаны үшін" санкция салған.

ҚЫТАЙДАҒЫ ТУЫСЫН БОСАТУДЫ ТАЛАП ЕТКЕНДЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Қытай Шыңжаңда қалған жақындарымызды босатпай отыр деген бір топ адам 94 күннен бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдына келіп наразылық өткізіп жүр. Олар Пекиннен Шыңжаңда қамалған я сол жақтан бергі бетке өте алмай отырған туыстарын босатуды талап етеді.

Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа 80 күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Кейінгі кезде олар консулдықтан бөлек Алматыдағы Қытай банкіне және Sinooil жанармай құю станциясына да барып жүр. Олардың көбі Қытай билігі Шыңжаңда туыстарымызды қамап, Қазақстанға жібермей отыр дейді және Қытай консулдығынан жауап күтеді. Әдетте Қытай консулдығын оларға ешкім шықпайды. Ал полиция наразылыққа шыққандарға жиі кедергі келтіреді.

Шыңжаңда қалған інісін босатуды талап етіп жүрген Байболат Күнболатұлы бұған дейін Қытай консулдығы алдында наразылық өткізгені үшін "бейбіт жиын заңын бұзды" деген айыппен он күнге қамалып шыққан. Жеңіс Зарқан 2020 жылы маусымда Қытай консулдығы алдында туысын босатуды талап еткен наразылық үшін ескерту алған.

Шыңжаңда туысымыз қамалды деген қазақстандықтар Нұр-Сұлтаннан жиі көмек сұрайды. Қазақстан билігі дипломатиялық арналар арқылы олардың арызын қарастырып жатқанын жиі айтады. Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелді Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты бір ұстаным айтпаған.

Қазақстанда "Бейбіт митинг туралы заңға" сай, жұрт қандай да бір наразылық шарасын ұйымдастыруы үшін әкімдікке ескертуі тиіс. Жергілікті билік өтініш бергендерге түрлі себеп айтып, көбіне митингіге рұқсат бермейді. Билік рұқсат етілмеген кез келген бейбіт акцияны заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG