Accessibility links

Шымкентте мал дәрігерлері қысқартуды тоқтатып, жалақы өсіруді талап етті


Талаптарын айтып тұрған мал дәрігерлері. Шымкент, 14 мамыр 2021 жыл.
Талаптарын айтып тұрған мал дәрігерлері. Шымкент, 14 мамыр 2021 жыл.

14 мамыр күні Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты "Ветеринариялық қызмет" мекемесінің отызға жуық мал дәрігері қысқартуды тоқтатып, жалақы өсіруді талап етті.

Мекеме алдына жиналғандардың айтуынша, 13 мамырда олар жұмысшылардың 25 пайызы қысқаратыны жөнінде СМС-хабарлама алған. Онда қысқартуға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлерді 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы негіз болғаны жазылған.

- 37 жылдан бері осы жұмыстамын. Бәріміздің несиеміз бар. Бала-шағаны асырауымыз керек. Жұмыс жүктемесі ауыр, жалақы аз болса да шыдап істеп жүрміз. Енді жұмыстан шығып қалсақ қайда барамыз? - дейді мал дәрігері Ержігіт Байданов.

Наразы топ басқармадан онсыз да тапшы мамандыққа айналған кәсіп иелерін қысқартуды тоқтатуды, 80-100 мың теңге айлық жалақы аз екенін алға тартып, айлықты өсіруді талап етті. Олар бұрын бір мал дәрігері 800-1000 малды қарауға жауапты болса, қазір 1200-1500 ірі қара малды қарауға тиіс екенін, оған тағы бірнеше ит, құс қосылғанын айтты.

Қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының басшылары жұмысшыларды президент тапсырмасымен 25 пайызға қысқарту туралы хабарлама таратылғанын растады. Әуелі тек мекеменің әкімшілік қызметкерлері ғана қысқаратынын, мал дәрігерлері қысқармайтынын айтып сендірді. Дегенмен "Ветеринариялық қызмет" шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Зейнолла "жұмысшылардың істеген жұмысының сапасына" қарап іріктелетінін жеткізді.

Наразы топ егер заңсыз жұмыстан шығарылса, тағы жиналып, қарсылық білдіретінін айтып тарады.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының "Ветеринариялық қызмет" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 102 адам жұмыс істейді. Олардың 12-і – әкімшілік қызметкер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG