Accessibility links

Қазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Себебі неде?


"КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан жалақыны екі есеге көбейтуді талап етіп, өндірісті тоқтатып, ереуілге шыққан жұмысшылар. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 27 қаңтар 2021 жыл.
"КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан жалақыны екі есеге көбейтуді талап етіп, өндірісті тоқтатып, ереуілге шыққан жұмысшылар. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 27 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстанның көп аймағында жалақысын көтеріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшы ереуілі жиілеп кетті. Құқығын қорғап шыққандардың бір тобы талабын орындатса, кейбірі жұмыссыз қалды. Сарапшылар ереуілдің көбейгеніне бірнеше себеп барын айтады.

Ақтөбедегі жолаушы таситын компанияның жүзге жуық жұмысшысы 12 ақпан күні жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қарызды өтеуді, айлықты көбейтіп, күндік жоспарды азайтуды талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты. Басшылық оларға жалақыға қарызды жақын арада өтеуге уәде берді, алайда еңбекақыны көтеруге компанияның мүмкіндігі жоғын, ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия қажетін айтты. Төрт сағатан астам уақыт жалғасқан ереуіл қала әкімі "мәселені мәслихатқа ұсынып, шешуге тырысамын" деп сөз берген соң ғана тоқтады.

Бұл – кейінгі үш аптада Ақтөбе облысында еңбекақы мөлшеріне көңілі толмаған жұмысшылар өткізген бесінші ереуіл. Осыған дейін "КМК Мұнай, "АМК Мұнай", "Сағыз Петролеум" компанияларының мұнайшылары мен "Биккор" клининг компаниясы жұмысшылары жалақыны көбейтуді талап еткен болатын.

12 ақпан күні Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Таңертеңнен түске дейін жалғасқан ереуіл кәсіпорын басшылығы айлық жалақыны 150 мың теңгеге көтеруге келіскен соң тоқтаған.

АҚТӨБЕДЕГІ БІР ЖЕҢІС, БІР ЖЕҢІЛІС

35 жастағы Сәбит Оразғалиев – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны. Ол – өз отбасынан бөлек, науқас шешесі мен екі қарындасының жалғыз асыраушысы. Екі жыл бұрын Жаңажол кенішінде мұнайшыларға клининг қызметін көрсететін "Биккор" компаниясына жүкші болып жұмысқа тұрған. Биыл 2 ақпан күні Жаңажол кенішінде жалақыны көбейтуді талап еткен ереуілді ұйымдастыруға қатысқан соң көп ұзамай жұмыстан шығып қалды.

Сәбит Оразғалиев, "Биккор" компаниясының жұмысшысы. Ақтөбе, 8 ақпан 2021 жыл.
Сәбит Оразғалиев, "Биккор" компаниясының жұмысшысы. Ақтөбе, 8 ақпан 2021 жыл.

– Жұмыс ауыр. Мұнайшылардың жатақханалары мен асханаларына қызмет көрсеттік, вагон мен жүк көлігінен жүк тасыдық. Жұмыстың ауырлығы сондай, аяғымызды баса алмай қалатынбыз. 15 күндік вахтада жүріп, ең көп дегенде 55 мың теңге жалақы алдым. Бұл айлығымды ішіп-жемге жеткізе алмай қиналдық, – дейді ол.

Ақпан айының басында Ақтөбедегі Жаңажол кенішінің ондаған жұмысшысы жалақыны өсіруді талап етіп, жұмысқа шықпай қойды. Олар айлықты қазірі 55 мың теңгеден (130 доллар) 100 мың теңгеге (238 доллар) өсіруді сұрады. Осы оқиғадан соң клининг қызметін көрсететін "Биккор" компаниясы ереуілге шыққан оннан аса адамды жұмыстан босатты.

Сәбит Оразғалиевтің сөзінше, "Биккор" компаниясы "үш сағаттан артық жұмыс орнында болмадыңдар" деп, "өз еркімен" жұмыстан кетпесе, "арнайы баппен" шығаратынын айтып, қысым көрсеткен. 3 ақпан күні ол өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кеткен.

Компания директоры Гүлшара Итбаева жұмысшылар жалақысы өседі дейді, бірақ қашан, қанша пайызға ұлғаятынын нақты білмейді. Ал ереуілге шыққандарға қысым жасалған жоқ деп отыр.

– Олар жұмыстан өз еркімен шықты. Мен ешкімді мәжбүрлеген жоқпын. Керісінше "тым болмаса осы вахтаны аяқтап кетіңіздер" деп жалындық. Мәмілеге келуге бірнеше мәрте әрекет қылдық. Келіспей қойды, – деді ол Азаттыққа.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша, "ереуілден соң жұмыссыз қалған адамдардан еңбек инспекциясына шағым түспеген".

Мұнайға бай Ақтөбе облысында қаңтардың соңы мен ақпанның басында төрт мұнай компаниясында осыған ұқсас ереуіл өтті. Олардың екеуінде жұмысшы талабы орындалып, ереуіл оңтайлы шешілді: "КМК Мұнай" мен "АМК Мұнай" компанияларының жүздеген жұмысшысы басшылық жалақыны өсіруге келіскен соң ереуілді тоқтатты. Бұл екі мекеме де "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына тиесілі. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" – Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны.

"Сағыз Петролеум" мұнай компаниясындағы жағдайдың қалай шешілері әзірге түсініксіз. 8 ақпан күні мекеменің екі жүздей жұмысшысы жалақы өсіруді талап етті. Айына 90-160 мың теңге (210-380 доллар) шамасында жалақы аламыз деген олар бұл ақшаның күнкөріске жетпейтініне шағынды. Компания жұмысшы талабын орындауға уәде етіп, екі ай уақыт сұрады, бірақ мәселенің қалай шешілері, осы аралықта ереуілшілердің тағдыры қалай болары түсініксіз.

ЕРЕУІЛДЕН СОҢ ӘЙЕЛІМЕН ҚОСА ЖҰМЫСТАН КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІ

Құқығын талап етеміз деп жүріп, жұмыстан "өз еркімен" шыққандар Шымкентте де бар. Мақсат Аманқұлов Шымкенттің №152 бағыттағы жолаушы көлігінде жүргізуші, ал әйелі сол автобустың кондукторы болып жұмыс істеген. Қаңтар айында бір топ жүргізуші мен кондуктор Shymkent bus компаниясының әкімшілігінен жалақыны көтеруді талап еткен.

– Ауылда жұмыс жоқ. Әйелім екеуіміз Қазығұрттан (Түркістан облысы Қазығұрт ауданын айтады – ред.) Шымкентке қатынап жұмыс істедік. Айына 100-110 мың теңге жалақы алдық. Осы айлыққа үш отбасы күн көрдік. Бұған дейін тіпті жұмыстан кешіккен емеспіз. Бар жазығымыз – нан-пұлымызды талап еттік. Ал олар "жұртты ереуілге үгіттедіңдер" дейді, – деп шағынды ол.

3 ақпанда Шымкенттегі №22 бағытта жолаушы таситын Shymkent bus компаниясының жүзге жуық автобус жүргізушісі жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мәселе кешке дейін шешіледі дегенмен, ереуілшілер шараны тоқтатуға көнбеді. Олар мардымсыз жалақы алатынын, жұмыс берушінің "орынсыз" талаптарына қарсы екенін жеткізді. "Жолаушы үшін төлем картасы енгізілгеніне қарамастан, жұмыс беруші қолма-қол ақшадан түсетін ақшамен жоспар орындауды міндеттеді" деп шағымданды олар.

"70 мың теңге кімге жетеді?" Шымкенттегі автобус жүргізушілер мен кондукторлар наразылығы

"70 мың теңге кімге жетеді?" Шымкентте жүргізушілер, кондукторлар айлықты өсіруді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

Ереуілде бес сағат тұрған соң наразылардың бір тобы жұмыс берушімен келісімге келді. Компания жүргізуші жалақысын 150 мың теңгеден 200 мың теңгеге көтеруге, кондукторларға 100 мың теңге айлық жалақы беруге уәде етті. Бұған көнбеген отыз шақты адам ереуілді түске дейін жалғастырды. Олар жүргізуші жалақысын 300 мың теңгеге көтеруді талап еткен.

Наразылықты жалғастырған топтың алдына келген компания директоры Азат Фархатов ереуілші Мақсат Аманқұловты "жұмысшыларды ереуілге үгіттеді" деп айыптады. Ол жүргізуші жалақысын 300 мың теңгеге көтеруге компанияның шамасы жетпейтінін айтты.

Ақыры Аманқұлов пен әйелі ереуілден кейін "өз еркімен" жұмыстан кетуге мәжбүр болды.

"ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН..."

Сарапшылар Қазақстанда ереуілдің жиілеуіне басты себеп күнкөрістің қымбаттауы, жұмысшылардың шарасыздығы, басшылықтың ымырасыздығы дейді.

"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай.
"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай.

Отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподақтың бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай мемлекеттің ең төменгі жалақы мөлшерін дұрыс есептемеуінен түрлі әлеуметтік мәселе туды деп санайды.

– Мысалы, ең төменгі жалақы – 42500 теңге (100 доллардай – ред.). Мемлекет инфляцияны ескермей, қате есеп жүргізген. Бұл айлық адамның өмір сүруіне жете ме? Жұмыс беруші ең төменгі жалақыны алға тартып, "көрдіңдер ме, жақсы жалақы төлеп жатырмыз" дейді. Жалақысы нан-шайына жетпеген соң жұмысшылар ереуілдейді, – дейді Балтабай.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Қазақстанда өндіріс орындары мен кәсіпорын жұмысшыларының ереуілге көп шығуының сыры барын айтады.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

– Ереуіл – дағдарыстың шиеленіскен жері. Еңбек дауы ушығатын болса, ереуіл өтіп жатқан облыс не қалада төтенше жағдай орнауы мүмкін. Мұны билік Жаңаөзен оқиғасынан (Маңғыстау облысында 2011 жылғы 16 желтоқсанда ереуілде тұрған адамдарға полиция оқ атып, көп адам қаза болған – ред.) кейін жақсы түсінді. Бірақ дәл қазіргі саяси-экономикалық жағдайда еңбек дауы шиеленісетін сияқты. Халықтың шынайы табысы төмен, жұмыс орны тапшы. Мұндайда жұмысшылардың жалақыны өсіруді талап етуі заңды, – дейді әлеуметтанушы.

Бейсембаевтың пікірінше, тек жалақы мәселесі емес, еңбек жағдайы, жұмыс берушінің өз міндетін дұрыс орындамауы сияқты жайттар да жұмысшыларды ереуілге шығарады. Еңбек дауын шешу үшін кәсіподақ тәуелсіз болуы керек. Бірақ Жаңаөзен оқиғасынан кейін мемлекет кәсіподақтарды "тым орталықтандырып, әлсіретті", кәсіподақ төрағасын сайлау ісінде "жұмысшылардың құқығын шектеді" дейді сарапшы.

"ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТАР ЖАБЫЛҒАН СОҢ ЕҢБЕК ДАУЫ УШЫҚТЫ"

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро өкілі Дмитрий Тихоновтың есебінше, қаңтар айынан бері елде кемінде жеті ірі жұмысшылар ереуілі өткен. Еңбек дауын мемлекет, жұмыс беруші мен кәсіподақ шешуі керек болғанымен, бұл үш тетік те істемей тұр деп есептейді ол. Кәсіподақтар жұмысшы мүддесін көздемейді, ал мемлекет кәсіпорындарды тексеруге мораторий жариялаған. Еңбек инспекциясы мәселені көрсе де көрмегенсиді. Сөйтіп, бар ауыртпалық жұмысшының өзіне түседі, ол өз құқығын осындай жолмен қорғауға мәжбүр болады.

Белсенді Ерлан Балтабайдың пайымдауынша, жұмысшылардың құқығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақтарды жабуға мемлекет мүдделі болды, сөйтіп олар жабылған соң еңбек дауы ушықты.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев те ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығы себеп дейді. "Ал билік екі адамның басы қосылып, наразылық білдіргенінен шошитын дәрежеге жетті. Бұдан Қазақстанда шешілмеген әлеуметтік мәселелер қордаланып жатыр" дейді сарапшы.

– Демократиялық елдерде ереуілге шығу – қалыпты жағдай болса, авторитарлық елде бұл – үлкен мәселе. Өйткені елде екі жақты бітімге шақыратын, келіссөз жүргізетін тәуелсіз кәсіподақтың өзі жоқ. Билік еңбек дауымен басталған Жаңаөзен оқиғасынан сабақ алмай отыр, – дейді құқық қорғаушы.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтарға қысым жасалатыны, олардың басшылары қудаланатыны туралы жиі айтады. 2017 жылы сот Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) күштеп жабу туралы шешім шығарған. Биыл 5 ақпанда Шымкент соты қала әкімдігінің "Отын-энергетика кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің жұмысын уақытша шектеу туралы шағымын қанағаттандырып, кәсіподақтың жұмысын 6 айға тоқтатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG