Accessibility links

Кеншілердің үш жыл бұрын ереуілде қойған талабы әлі орындалған жоқ


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтасында жұмыс істейтін кеншілер. Көрнекі сурет.

2017 жылғы желтоқсанда ауқымды ереуіл өткізген қарағандылық кеншілер содан бері үш жыл өтсе де, негізгі талаптарын жұмыс беруші мен билік орындамай отырғанын айтады.

2017 жылғы желтоқсанның аязды күндері Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бірнеше кенішінде жұмысшылар ереуілге шықты. Кеншілер компания мен билікке отызға тарта талап қойды.

Бұл кейінгі жылдардағы ең ірі ереуілдердің бірі болды. Бес күнге созылған ереуілге 700-ге жуық кенші қатысты. Олар жалақыны көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды, зейнетке шығу жасын төмендетуді және еңбек заңын өзгертуді талап етті.

Наразылықты тоқтатып, шахтада ереуілдеп жатқан кеншілерді жер бетіне шығару және жұмысты жалғастыру үшін шенеуніктер мен компания басшылығы көптеген уәде берген. Қазір кеншілер үш жыл бұрын қойған талаптарының біразы әлі күнге дейін орындалмағанын айтады.

КӨМІР ӨНДІРУШІЛЕР КӘСІПОДАҒЫ: МӘСЕЛЕЛЕР ӘЛІ ШЕШІЛМЕДІ

– Ереуілден соң талаптарымызды тыңдаған. Бірақ жұмысшылар тапшы екені байқалады. Азайып барамыз. Жастар мұнда тұрақтамайды. Шахталарға көбірек техника – көмір өндіретін, компьютерлендірілген жаңа кешен алса болар еді ғой. Ол алынса көмір өндіру жоспары да артығымен орындалар еді. Қазіргі заманғы көмір қазатын комбайндар алса болатын еді, әйтпесе әбден тозып, істен шыққанша жұмыс істейміз, – дейді көп жыл жұмыс тәжірибесі бар Юрий есімді кенші Азаттыққа. Ереуілге қатысқан Юрий аты-жөнін толық жария етпеуді өтінді.

"Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының мәліметінше, кеншілер ұжымы қойған талаптардың орындалуына мониторинг жасау барысында талаптардың кейбірі толық орындалмағаны анықталған. Мәселен, шахталарда әлі күнге жұмысшы тапшылығы сезіледі.

– Компания көмір департаменті кәсіпорнында норма бойынша қанша жұмысшы болуы тиіс деген мәліметті жарияламайды. Біздің ақпаратымыз бойынша, жыл басынан бері көмір департаментінде жұмысшы саны 500 адамға азайған. Бірақ өндіріс көлемі сол бұрынғы деңгейінде қалды. Сондықтан, бізде жұмысшы тапшы деген қорытынды жасауға болады. Осы себепті бұл мәселені жұмыс берушіге айттық. Бұл жерде 2020 жылы орынды себептермен жұмысшы азайып жатыр дегенге сүйеніп отырмыз (біреу зейнетке шығады, біреу өз еркімен жұмысынан кетеді, қайтыс болғандар бар), – дейді "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

Теміртау шахтерлерінің талабы

Кеншілер қойған талаптар

  • Жер астында және үстіңгі жақта жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын 100 пайызға көбейту;
  • Зейнеткерлікке 50 жастан шығу,
  • Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жалақыны толық көлемде төлеу;
  • 2017 жылдың 13-жалақысын төлеу;
  • Жыл басынан бергі жалақыны 100 пайыз индекстеу;
  • Тариф кестесін жою;
  • Шахтаның қауіпті қабатында жұмыс істегені үшін үстеме ақы төлеу;
  • Мердігерлерді шахта штатына ауыстыру;
  • Демалыс үйлері мен санаторийлерге берілетін жолдама санын көбейту.
  • Шахтинск кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу.

Кеншілер көтерген талаптардың бірі – бригадаларға ұңғыма жұмыстары бойынша жоспарды асыра қоюды және жұмысшыларды бір шахтадан екіншісіне ауыстыру тәжірибесін тоқтату болатын. Бірақ бұл талаптар әзірге орындалмады. Материалдық-техникалық жағынан қамтуға қатысты мәселелер де шешілмеген.

– Бұл мәселе қашан да даулы. Біз жұмысшылардан материалдар, құрал-жабдық жетіспейді, ал бұл кейде жоспарды уақытында орындауға кедергі болады деген және басқа да шағымдарды жиі естиміз. Бірақ көмір департаментінің басшылығы "бізде мұндай мәселелер жоқ, ол тек жекелеген желілік басшылар жұмысының шалалығы ғана" деп айтады. Бірақ олардың бұл ұстанымы бізге түсініксіз. Қалай болғанда да, жұмыс орнына келген адам құрал-жабдық, қосалқы бөлшектерден және материалдардан тапшылық көрмеуі тиіс, – дейді Буслаев.

Кеншілердің қолданыс мерзімі өткен, өздерін тұрғылықты жерінен жұмыс орнына апарып, одан алып келетін ескі автобустарды ауыстыру туралы талабы да толық орындалмады. Компания ол кезде автобус паркін жаңалау бағдарламасын дайындауды мойнына алған. Тіпті автобустардың бір бөлігін ауыстырған. Бірақ кеншілер мен кәсіподақтың айтуынша, тозығы жеткен автобустар қолданыста әлі де жүр. Бұдан өзге, тариф мөлшерлемесін кіші разрядқа бөлуді жою талабы да орындалмаған.

– Біз қазір қолданыстағы ұжымдық келісімді өзгерту жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Кіші разрядқа бөлуді жою керек. Мұндай бөлу болмауы тиіс деп санаймыз. Бір кездері біз келіскен жүйе жұмыс істемейді. Оны сақтаудың еш мәнін көріп тұрған жоқпыз. Сондықтан кіші разрядқа бөлуді жою мәселесін көтеріп отырмыз. Келісім комиссиясы кезінде компания оны жоюға келіспеген, – деді Евгений Буслаев Азаттыққа.

Ереуіл кезінде еңбек ұжымы барлығы 28 талап қойған. Олардың бір бөлігі – негізгілері жұмыс берушіге, қалғаны заңды өзгерту жайлы талаптар еді. Және бір талап – негізінен кеншілер мен олардың отбасылары тұратын Шахтинск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы болған. Кешен құрылысы бюджет қаржысына салынып жатыр. Себебі ереуіл кезінде кешен салуды сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мойнына алған. Қошанов қазір Қазақстан президенті әкімшілігін басқарады.

"МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ"

"Қазкөміркәсіп" салалық кәсіподағы кеншілердің ереуіл кезінде көтерген талаптарының кейбірін заңға сүйене отырып қана шешуге болады деп санайды. Бұл мәселелер бойынша оң нәтиже шыға қойған жоқ, кейбірі қазір үкіметтің қарауына ұсынылған. Заң жүзінде ғана шешілетін талаптардың бастысы – зейнетке шығу жасын төмендету. Кәсіподақ дерегінше, желтоқсанда еңбек министрлігінде осы мәселені қарайтын комиссия құрылған.

"Қорғау" кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.
"Қорғау" кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.

– Санитарлық гигиена институтының дерегінше, 40 жыл жұмыс істеген кеншілердің барлығы 63 жасқа қарай кәсібіне байланысты ауруға шалдығады. Осыны біле тұра олардың қамын ойламаймыз. Сондықтан, мәселені қарастыруды соза бермей, ендігі шешім қабылдап, зейнет жасын төмендету керек. Осы комиссияда мүгедек кеншілердің мәселесін қарастырамыз. Мемлекет кеншілерді жұмысынан ауру табатын жасқа жеткізбей, зейнетке ертерек шығару жағын ойластырса дейміз. Зейнетке 50 жастан шығару керек, себебі жерастында жұмыс істеу жағдайы өзгерген жоқ. Совет одағы кезінде 50 жас деп бекерге есептемеген ғой. Адам ауруға ұшырап, мүгедек болып қалмауы керек, – дейді Азаттыққа "Қазкөміркәсіп" кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов.

Қарағанды облысы Абай кентіндегі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасы аумағына кіріп бара жатқан жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысы Абай кентіндегі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасы аумағына кіріп бара жатқан жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

​Еңбекке жарамсыздық парағына ішінара емес, толық (100 %) төлем жасау туралы мәселе де үкімет деңгейінде көтеріліп отыр.

– Бұл мәселелерді жұмыс беруші шеше алмайды, себебі ол заңға сілтейді. Жұмысшы толық емделіп үлгермейді де, жалақысынан айрылып қалмау үшін жұмысқа шығып кетеді. Бұл оның денсаулығына кері әсер етеді. Сонымен қатар барлық кәсіпорында индекстелген жалақыны жыл соңында төлеу үшін индекстеу толық көлемде жасалсын деп көрсету керек. Бұл – өте маңызды, себебі кейбір жерлерде жұмыс берушімен келісу өте қиын. Осы себептен заң деңгейінде жасау керек, – дейді Мирғаязов.

МИНИСТРЛІК ҰСТАНЫМЫ МЕН ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ҮНСІЗДІГІ

Кеншілер ереуілінен соң кәсіпорындарда жалдамалы еңбек (қызметкер еңбегі арқылы қызмет көрсету) деп аталатын мәселе өзекті бола түсті.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасовтың Азаттыққа айтуынша, қызметкер ұсынатын жекеменшік агенттіктердің қызметін реттейтін және жалдамалы еңбек ұғымын нақтылайтын заң жобасын 2020 жылы 3 желтоқсанда парламент сенаты мақұлдап, президентке қол қоюға жіберілген.

Министрлік кеншілер мен кәсіподақтардың индекстелген жалақыны толық төлеуді заңмен бекіту қажет деген ұсынысына: "Жалақыны индекстеу мәселесі жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалатын ұжымдық келісім аясында қаралады" деп жауап берді.

Қарағанды облысындағы Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысындағы Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Көрнекі сурет.

Кеншілердің зейнет жасын төмендету туралы сұраққа министрлік "азаматтардың зейнетақы жинағын көбейтетін зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуына мүмкіндік беру керек" деген жауап айтты. Министрлік жұмысшы зейнатақы қорындағы ақшасы жеткілікті болған жағдайда жинаған қаражатының бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударып, онымен зейнетақы аннуитеті келісіміне отыруына болады дейді. Қазір 50 жастағы кенші (ер адам) зейнетақы жинағының мөлшері 12 миллион теңгеден (28 мың доллардан астам) асса ғана оның бір бөлігін алуына болады.

"Жұмысшылардың есебіне МКЗЖ (міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы) аударып отырса олар 50 жасқа толғанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнетақы ала алады" деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. "Атап айтқанда, кемінде 60 күнтізбелік ай бойы МКЗЖ төлеп, зейнетақы жинағы жетпей тұрса, олар ай сайын ең төменгі зейнетақы көлемінде төлем алып отыру үшін сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитеті келісіміне отыруға хақылы. Ең төменгі зейнетақы көлемі республика бюджеті туралы тиісті жылдың заңында белгіленеді. Бұл жерде МКЗЖ есебінен құралған зейнетақы жинағын міндетті зейнетақы жарнасы арқылы құралған зейнетақы жинағымен біріктіруге болады. 2014 жылдан бастап (5 жыл бойы) міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылып отырған жұмысшылар былтырдан бастап төлемін ала бастады" дейді министрлік.

БЖЗҚ ақпараты бойынша, 2019 жылы 1553 қазақстандық 50 жасқа толғанда сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитеті келісімін жасасқан (салыстыру үшін айтар болсақ, жыл сайын орта есеппен 100 мың адам зейнетке шығады).

"2023 жылдан бастап жұмыс берушілер өз есебінен жұмысшыларының пайдасына жұмысшы табысының 5% көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Ол жарна кемінде 60 ай аударылса жұмысшы зейнет жасына толғанда қосымша өмір бойына зейнетақы төлемін ала алады және ол жыл сайын индекстеліп тұрады" деп хабарлады Азаттыққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Шахтер ескерткіші қасынан өтіп бара жатқан адам. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.
Шахтер ескерткіші қасынан өтіп бара жатқан адам. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.

2017 жылы кеншілері ереуілдеген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Азаттықтың сауалына жауап бермеді. Азаттық компаниядан кеншілер қойған талаптардың бәрі бірдей не себепті орындалмағанын және компанияның кеншілер зейнетке 63 жастан ерте шығуы керек деген талапқа байланысты ұстанымы қандай екенін сұраған. Редакция 8 желтоқсанда жолдаған сауалға әзірге жауап келген жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жерасты кеніштерінде 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді, ал жер бетінде (ашық әдіспен) жұмыс істейтіндер саны 29 546 адам. "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында 26 мыңнан астам адам, оның ішінде 9 мыңнан астамы жерастында жұмыс істейді.

Шахтадағы шерулер тарихы

Шахтадағы шерулер тарихы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG