Accessibility links

"Денсаулығынан айырылғанша жұмыс істейді". Қазақстандық кеншілер зейнет жасын төмендетуді талап етеді


Шахтаға түсетін лифтіге кезекте тұрған шахтерлар. Көрнекі сурет.
Шахтаға түсетін лифтіге кезекте тұрған шахтерлар. Көрнекі сурет.

"Қазақстан – шахтерді жеңілдік берілетін кәсіп санамайтын жалғыз постсоветтік мемлекет. Өзге елдердегі әріптестеріне қарағанда қазақстандық шахтер зейнетке 10-13 жылға кеш шығады" дейді кенші Серік Жұмаділов. Ол шахтер, металлург пен мұнайшының зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп, петиция жазған. Кәсіподақ өкілдері мен жұмысшылар қауіпті өндірісте істейтін адамға 63 жасқа дейін еңбек ету тым ауыр екенін көп жылдан бері айтып жүр.

"ДЕПУТАТТЫҚҚА ҮМІТКЕР ӘР КАНДИДАТ ОСЫ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРУГЕ УӘДЕ БЕРЕДІ"

– Адамдар жер астына қаншама метр тереңге түседі. Ол жақта жұмыс ауыр, қол күші керек, бір перфоратордың өзі 30 келі тартады. Жер астында ауа суық, қысым төмендейді, салдарынан декомпрессиялық ауру пайда болады (қысымның күрт төмендеуі – адам ағзасындағы қанның көпіруіне әкеп соғатын қауіпті жағдай). Әкем 22 жыл шахтада еңбек етті. Қазір созылмалы өкпе дертіне шалдыққан. Бір құрдасым мүгедектік алған, жүз қадам аттаса, ауа жетпей, ентігіп қалады, – дейді өндіріс саласы жұмысшыларының зейнет жасын төмендетуді талап етіп, петиция жариялаған Серік Жұмаділов.

Әке кәсібін жалғастырып, шахтер болып еңбек еткен Серік университеттен бірден шахтаға келген. 1986 жылы бесінші курста оқып жүрген Серікті Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін офицер шені мен қызыл дипломынан айырып, Ертіс полиметалл комбинатына жібереді. Жас жігіт жер бетінен 300-500 метр терең шахтадағы еңбек жолын ауысым шебері болып істеуден бастапты.

Жұмаділов кен өндіру саласында жеті жыл жұмыс істеген: 1994 жылы оған ауыл әкімі болу туралы ұсыныс түскен. Жиырма жылда Серік аудан әкімінің орынбасары қызметіне дейін өскен. Бұрынғы мемлекеттік қызметкер осы жылдар бойы өндірістік кәсіпорын жұмысшыларының зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтеруге тырысып келе жатқанын айтады.

Шахтер, металлург пен мұнайшының зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп, петиция жариялаған Серік Жұмаділов.
Шахтер, металлург пен мұнайшының зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп, петиция жариялаған Серік Жұмаділов.

– Бұл жүйеден, мына бассыздықтан шаршадым. 24 жыл өмірімді осыған сарп еттім. Депутаттықтан үміткер әр кандидат осы мәселені көтерем деп уәдені үйіп-төгіп, қызметке қолы жетісімен оның бәрін ұмытып кетті. Қазірге дейін бір де бір постсоветтік ел шахтердың зейнет жасын ұзартқан жоқ. Ресейдің өзінде шахтер 53 жаста зейнетке шығады. Кен орнында жұмыс істейтін құрдастарымның бәрі Ресейге көшіп, сол жақта жұмыс істеп, елге оралды. Қазір ресейлік зейнетақы алады, – дейді Жұмаділов.

"ШАХТЕРДЫ 63 ЖАСТА ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАРУ НОНСЕНС"

1997 жылға дейін "Азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңға сәйкес, Қазақстанда жеңілдікпен зейнетке шығатындардың бірнеше санаты болған. Мысалы, ауыр жағдайда жұмыс істеген ер адам – 50 жаста, әйел – 45 жаста зейнетке шығатын.

1997 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып зейнетақы жүйесін реформалады. Ол кезде елде гиперинфляция күшейіп, зейнеткер саны көбейіп, туу көрсеткішінің азаюына байланысты демографиялық проблема туды. Үкімет "қанша тапсаң, сонша аласың" деген принципке негізделген жинақтау механизмін қолға алып, аралас зейнетақы жүйесіне көшу туралы шешім қабылдады. Жаңа жүйеге сәйкес, денсаулыққа зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге арналған жеңілдіктер жойылды. Зейнетке шығу жасы бірден ұзарды.

Серік Жұмаділов бұл реформа бәрінен де кеншілерге ауыр тигенін айтады.

– 25 жылын жер астында өткізіп, денсаулығынан айырылған кенші республика бойынша орташа зейнетақы ала бастады. Таудағы кеніштерде 10-20 жыл еңбек еткен, жасы менен үлкен жолдастарым өмірден озып кетті. Сол адамдарды зейнетақыдан айырғаны мүлде ақылға симайды, – дейді ол.

Әртүрлі талаптар қойып, оның ішінде зейнетке шығу жасын төмендетуді сұраған шахтерлар бірнеше рет ереуіл өткізген. 2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысында болған ірі ереуілден кейін бастамашыл топ құрылып, оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері де кірген. Бірақ "мәселе қаралып жатыр" деген мәлімдемелерге қарамастан, зейнет жасы өзгерген жоқ.

"АрселорМиттал Теміртау" шахталарында ереуілге шыққан кеншілер. 2017 жылдың желтоқсаны. Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынған сурет.
"АрселорМиттал Теміртау" шахталарында ереуілге шыққан кеншілер. 2017 жылдың желтоқсаны. Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынған сурет.

"Шахтер отбасы" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Наталья Томилова бұл жағдай еңбегі ауыр сала жұмысшыларына шығарылған үкім тәрізді екенін айтады.

– Мемлекеттің шахтерды мүгедек болуға итермелеп отырғанын бәрі түсінеді. Өйткені бір де бір шахтер зейнет жасына дені сау күйінде жетпейді. Зейнетке 63 жаста шығару – барып тұрған нонсенс, – дейді Томилова.

Мемлекеттің шахтерды мүгедек болуға итермелеп отырғанын бәрі түсінеді.

Сарапшылар кәсіби аурулар статистикасы шынайы жағдайға сай емес деген пікірде. Қарағанды медицина университетінің профессоры Айгүл Аманбекова 2019 жылы наурызда жариялаған баяндамасында осындай қорытындыға келген. Профессор жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда кәсіби аурулар жиілігі еңбек жағдайы көш ілгері әрі әлдеқайда қауіпсіз елдермен салыстырғанда бірнеше есе төмен деп көрсетіліп жүр (Даниядан 25 есе, АҚШ-тан 23 есе, Финляндия, Жапония мен Германиядан бірнеше есе аз).

Мамандар мұны көбіне жұмысшылардың жұмыс орнынан айырылып қалудан қорқып, ауруын жасыруымен байланыстырады. Наталья Томилова салалық ведомстволар еңбек жағдайының әсерінен пайда болған кәсіби ауруларды жалпы аурулар санатына жатқызып, деректі "жасырып" отыруы мүмкін деп есептейді.

Кейде өндіріс орнындағы еңбек жағдайы кенші денсаулығына үлкен зардап тигізетінін сотта дәлелдеуге тура келеді. Сәуірде Теміртау қалалық соты "Арселор Миттал Теміртау" тау-кен өндіру компаниясына қарсы істі қарады. Сот шешімінде "Талапкер жауапкердің кәсіпорнында денсаулық зиян жұмыс істеп, өндірістегі шаңның кесірінен кәсіби ауруға шалдыққан. Ол жұмыс істеу қабілетінің 55 пайызынан айырылып, 3-топ мүгедегі атанған. Талапкер жұмыс міндетін атқарған кезде денсаулығына зиян келгені анықталды және бұл деректі тараптар жоққа шығарып отырған жоқ" делінген.

КЕДЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН БАСҚАЛАР

"Аманат" кәсіподағының өкілі Берік Жағыпаровтың пікірінше, Қазақстанда кеншілердің зейнет жасын қысқарту тақырыбы немқұрайды көтеріледі, сондықтан да мәселе шешілмей келеді.

– Кейде депутаттар қолдау білдіріп, пікір айтады. Бірақ дәл зейнет жасына келгенде ештеңе демейді. Осыдан билік бұл мәселені қарастыруға құлықсыз деген байлам жасауға болады. Мүмкін, бұл бюджетте ақша болмағаннан шығар, – дейді ол.

Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Сарань, Қарағанды облысы. Көрнекі сурет.
Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Сарань, Қарағанды облысы. Көрнекі сурет.

Бұл сөзді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де жанама түрде растады. Министрлік екі жыл бұрын Азаттыққа денсаулыққа зиян және қауіпті жағдайда жұмыс істейтін адамдардың зейнет жасын төмендету жоспары жоғын айтқан. 9 қазанда өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселені қайта көтерген тілшінің сұрағына берген жауабында тағы қайталап айтты.

– Қазақстанда азаматтардың қай санатына болсын, зейнет жасын төмендету қаралып жатқан жоқ, – деді министр.

Ол қауіпті жағдайда жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы қорында жеткілікті қаржы (10-14 миллион теңге) болса, зейнетке ерте шығуына болатынын айтты.

– Денсаулыққа зиян және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы бар, – деді Нұрымбетов.

Зардап шеккеніңе өтемақы өндіріп алу үшін денсаулығыңнан айырылғанша жұмыс істеуің керек. Онда да өтемақыға екінің бірінің қолы жете бермейді.

Министрдің жауабына байланысты пікір білдірген Серік Жұмаділов шахтерлардың көбі зейнетке ерте шығуға қажет қаржы көлемін жинай алмайтынын, ал мемлекеттік жәрдемақы көлемінің тым аз екенін айтады.

– Жәрдемақыны 1998 жылға дейін 10 жыл жер астында жұмыс істеген азаматтар ғана алады. 55 жасқа толғанда берілетін жәрдемақы көлемі небәрі 15 АЕК (37 875 теңге). Ал зардап шеккеніңе өтемақы өндіріп алу үшін денсаулығыңнан айырылғанша жұмыс істеуің керек. Онда да өтемақыға екінің бірінің қолы жете бермейді, – дейді Жұмаділов.

Ол қазірге дейін 1200 адам қол қойған петицияға үміт артып отырғанын айтады. Серік Жұмаділов петицияны қолдаушылар көбейсе, осы өтінішпен мемлекеттік құрылымдарға баруды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысындағы Иван Костенко атындағы шахта кеншілері. 12 маусым 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысындағы Иван Костенко атындағы шахта кеншілері. 12 маусым 2012 жыл. Көрнекі сурет.

– Бұл мәселемен әділдік орнату үшін айналысып жүрмін. Бұл адамгершілікке жатпайды, ақылға сыймайды. Жер астында жұмыс істейтін адам қалай 63 жасқа дейін еңбек ете алады? Олар тұншығып жатыр, – дейді ол.

Қазақстанда әскери сала (оған қоса арнаулы және құқық қорғау органдары, фельдшер қызметі, бұрынғы мемлекеттік тергеу комитеті) қызметкерлері еңбек өтілі бойынша зейнетке ерте шыға алады. Одан бөлек, аннуитет бойынша зейнетақы қорына жеткілікті қаржы жинап үлгерген азаматтар да осындай құқыққа ие.

Бір жыл бұрын бұл басымдыққа кеден қызметкерлері қол жеткізген. 2019 жылы қарашада олар "Қаржы министрлігі, еңбегіміз сіңген зейнетақыны қайтар" деген плакаттар алып шыққан. Нәтижесінде кеден органы қызметкерлері әскерилер қатарына қосылды. Енді олар зейнетке кеншілерден 15 жыл бұрын – 48 жаста шығады.

Статистика комитетінің 2019 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстанда 1,6 миллион адам өндіріс саласында жұмыс істейді. Олардың 22 пайызы – денсаулыққа зиян және қауіпті жағдайда еңбек етеді. Ашық дереккөздерде Қазақстанда шахтердың орташа өмір сүру жасы туралы ақпарат жоқ. Ресми дерек бойынша, Украинада бұл көрсеткіш 52,5 жылға тең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG