Accessibility links

Бүгін таңертең «АрселорМитталТеміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында ауаға метан газы жайылып, соның салдарынан үш шахтер мерт болды.

Қайғылы оқиғадан шахтаның үш үңгуші жұмысшысы – 31 жастағы Максим Шебанов, 34 жастағы Рустам Ахметжанов және 37 жастағы Валерий Руденко мерт болған. Үшеуінің де соңында жас балалары бар отбасылары қалды. Қаза тапқандардың туған-туыстарымен хабарласу әзірше мүмкін болмады.

«ГАЗ КЕНЕТТЕН ЖАЙЫЛҒАН»

«АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясы өкілдері бұл оқиғаға байланысты комментарий сұрап жүгінген Азаттық тілшісіне баспасөз хабарламасы әзірленіп жатқанын айтып, оны түске таман электронды поштамен жіберді.

Алдын ала түскен дерекке сәйкес, жазатайым оқиғаға метан газының кенеттен жайылуы (газдың қарқынды таралуы) себеп болған.

«Тамыздың 31-і күні таңғы сағат төрттен кейін автоматтандырылған газдан қорғау қондырғысы операторы шахта диспетчеріне 332 Д6-1-3 желдету түйіліміндегі метан деңгейін бақылау датчиктерінен түсіп тұрған ақпарат жоғалып кеткенін және шахтаның батыс жағындағы желдеткіш ұңғысында жайылған метан деңгейі артқанын хабарлаған. Шахта басшылығы жағдайды анықтауға дереу кірісіп, ВАССО-ның (апаттан құтқарушы әскерилендірілген қызмет – ред.) екі бөлімшесі мен учаскелік мастерді шақырып, әлгі тұсқа жіберген. Таңғы сағат алтылар шамасында үш кеншінің жансыз денесі әлгі учаскеден табылды. Алдын ала түскен дерекке сәйкес, жазатайым оқиғаға метан газының кенеттен жайылуы (газдың қарқынды таралуы) себеп болған» деп хабарлайды «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі. Бұған қоса компания қаза тапқан кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтқан.

АМТ компаниясы дерегінше, шахтада апат болған кезде 132 адам жүрген, апатты жою жоспарына сәйкес олардың 129-ы жер үстіне өздігінен шыққан.

Апат болған учаскедегі газ сейілгенге дейін шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылған. Апатқа себеп болған жайттарды анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, қазір тексеру жүріп жатыр. АМТ компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіледі. Марқұмдарды жерлеуді ұйымдастыру шығындарын компания өз мойнына алуға уәде етеді.

АМТ цехтарының бірі. (Көрнекі сурет)
АМТ цехтарының бірі. (Көрнекі сурет)

«ОРТАҚ ҚЫРСЫҚ»

Азаттық тілшісі сөйлескен көрші шахталарда жұмыс істейтін кей шахтерлер «кеншілердің тағы мерт болып жатқанына қатты қапаландық» дейді. Олар метан газының кенеттен жайылуы бәріне «ортақ қырсық» деп санайды.

Азаттық тілшісі техника ғылымы кандидаты, көмір өнеркәсібіндегі жұмыс стажы 40 жылдан көп, тау-кен инженериясы саласында тәжірибесі бар, үшінші дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісінің кавалері Виктор Чайкамен хабарласқан еді. 79 жастағы Виктор Чайканың айтуынша, көмір қабаттарының көбінде газ қысымы өте жоғары. Бірақ газдан тазарту жұмыстары жақсы жүргізілетін шахталарда және жұмысшыларды сақтық шараларына жақсылап үйретсе, ондай шахталарда газ жайылса да, әдетте адам өлімі болмайды. Ол мұндай жазатайым оқиғалардың бірнеше себебі бар деп санайды.

Егер газ тарай бастаса, көмір қабаты сөгіліп, піскен қарбыз сияқты сытырлайды.

– «АрселорМиттал» мен Ресейдегі сондай компаниялар кенеттен көмір басып, газдың жайылуын алдын ала болжанбайтын табиғи құбылыс деп түсіндіреді. Бірақ қасіретті болдырмауға болады, бұл үшін осыған дейін жиналған тәжірибені қолдану керек, жұмысшыларды кенеттен жайылған газдан [құтқару] тәсілдеріне дұрыстап үйрету қажет, бұрын болған оқиғаларды дұрыстап зерттеу керек және кенеттен газ жайылуды болжау тәсілдері жайлы ғылыми еңбектерді пайдалану керек. Егер газ тарай бастаса, көмір қабаты сөгіліп, ол піскен қарбыз сияқты сытырлайды. Ал егер адамдар жақсы үйретілген болса, олар мұндай белгілерге назар аударады, – дейді Виктор Чайка.

1969 жылы пайдалануға берілген «Қазақстан» шахтасы Қарағандыдан 50 километр жердегі «кеншілер қаласы» Шахтинскіде орналасқан. Шахта 1996 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір департаменті құрамында. Шахта жайлы ашық дереккөздерде «көмір қабаттарының бәрі метан газы көп әрі газдылық деңгейі жоғары аймақта орналасқан» деп көрсетілген.

АПАТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТАЛАП

Осы жолғы трагедия тұсында шахтерлердің жалақысын көбейту мәселесі әлі шешілген жоқ. Олар бір ай бұрын ғана «мұндай қауіпті әрі ауыр жұмыс үшін бізге лайықты жалақы төлеулері тиіс» деп мәлімдеген.

...жұмысшыларының тұрмыс деңгейін жақсарту шараларын қарастырудан компанияның кезекті мәрте бас тартуына көнбеуіміз керек.

Бүгін таңертең үш адам мерт болған «Қазақстан» шахтасының кеншісі Иван Католиков ертеректе компанияға қарасты еңбек ұжымдарының Теміртауда өткен конференциясында осындай талаптарын айтқан. Ол: «Аса ауыр, аса қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істеп, компанияның әлемдік нарықта табысқа жетуін өздерінің адал еңбегімен қамтамасыз етіп отырған жұмысшыларының тұрмыс деңгейін жақсарту шараларын қарастырудан компанияның кезекті мәрте бас тартуына біз көнбеуіміз керек. Компания кәсіпорындарында жалақыны көбейту мәселесі 2014 жылғы тамыздан бері пісіп-жетілген. Шахтерлер, металлургтер мен олардың отбасылары лайықты өмір сүру мүмкіндіктері азайып кеткенін қатты сезініп отыр» деген.

Ертеректе кеншілердің «Қорғау» кәсіподағы төрғасы Марат Миргаязов шахталарды жетілдіруге жеткілікті ақша бөлінбейді деген. Оның пікірінше, АМТ компаниясы өзге көмір өндірушілер сияқты емес, шахталарды «ашқұрсақ» ұстайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG