Accessibility links

Мүгедек кеншілердің жанайқайы мен еңбек министрлігінің жауабы


Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.
Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.

Қарағанды облысындағы мүгедек шахтерлар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірқатар ұсыныс жасады. Оның арасында зейнеткерлерге денсаулығынан айрылуына байланысты төлем беруді қайта енгізу және өндірісте ауыр жұмыс істегендердің зейнетке шығу жасын төмендету бар. Диалогқа дайын сыңай танытқан билік бұл ұсыныстар "концептуалды өзгерістерді" талап ететінін айтады.

ШАХТЕР: МЕМЛЕКЕТ МҮГЕДЕК САНЫН КӨБЕЙТТІ

Шахтинск қаласының тұрғыны 68 жастағы Владимир Камзин шахтаның кен өндіру бөлігінде 30 жыл жұмыс істеген. Шахтадағы жалпы еңбек өтілі - 40 жыл. 2008 жылдан бері омыртқасына байланысты кәсібінің салдарынан туған ауруға шалдыққан. Отадан кейін әуелі екінші топтағы мүгедек деп танып, тіркеуге қойған Камзинді бір жылдан кейін үшінші топқа ауыстырған. Камзин бұған келіспейді. Қолына мүгедек деген қағаз алғалы ол жұмысын жалғастыра алмаған. Омыртқа дертіне шахтерларда жиі кездесетін құлағы естімеу, өкпенің созылмалы ауруы сияқты басқа сырқаттар қосылған.

Қазақстандық кеншілер. Көрнекі сурет.
Қазақстандық кеншілер. Көрнекі сурет.

Камзин жасына байланысты зейнетке шығып, басқа мүгедек шахтерлар тәрізді денсаулығынан айырылуына байланысты берілетін төлемнен қағылған. 2016 жылы бір жылға созылған соттан кейін ол жұмыс берушіден денсаулығынан айырылуына байланысты берілетін төлем алуға қол жеткізген. Қазір мүгедек шахтерларға ондай төлем берілмейді.

Владимир Камзин денсаулығынан айырылуына байланысты берілетін төлемдерді қайта енгізуді талап еткен топты қолдайды. Оның пікірінше, мүгедек шахтер зейнет жасына жеткеннен кейін де аталған төлем түрі тоқтамауы керек. Камзин шахтерлардың жалақысы өскен сайын, денсаулығынан айырылуына байланысты берілетін төлемдер де сонша пайызға арттырып, жыл сайын әр қалада профилактикалық шипажайлар жұмысын жандандыру керек деп есептейді.

- Он жыл жер астында жұмыс істеген адам кәсібінің салдарынан пайда болатын дертке шалдығады. Бұрын 50 жаста зейнетке шығу үшін жер астында он жыл еңбек өтілі болса жеткілікті еді. Бұл бекер емес. 63 жасқа келгенде, адамның бұрынғы кәсібіне байланысты жаңа аурулары пайда болады. Бірақ біздің билік шахтерлар 63 жасқа дейін жұмыс істеуге қабылетті деп шешкен. Осы заңның кесірінен мемлекет шахтерлар мен металлургтер арасында мүгедектер санын көбейтті. Көп шахтер зейнетке ерте шығу үшін Қазақстаннан кетіп жатыр. Бірақ үкімет бұған назар аударып отырған жоқ. Жұмысшыларды бағаламайды. Інім көктемде Якутияға шахтада жұмыс істеуге кетті. Енді 15 жыл жұмыс істесе, зейнетке шығады. Ал Қазақстанда ол зейнетке дейін 28 жыл жұмыс істер еді, - дейді Владимир Камзин.

Өндірісте мүгедек болғандардың мәселесін көтеріп жүрген Камзин биыл тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Бірақ хаты президенттің алдына жетпеген шығар деп ойлайды. Канцелярия хатты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберген. Ал денсаулығына байланысты берілетін төлем талап етіп жүргендер министрлік жұмысының баяулығына шағынады. Министрлік Камзинге жалпылама жауап беріп, өндіріс мүгедектерінің өтініші қаралатынын айтқан.

ШАХТЕРЛАР ТАЛАБЫ

Осыған дейін бірнеше адамнан тұратын шахтерлар тобы өздерін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобына қосуға қол жеткізген. Мәселеде алға жылжу болмаған соң, олар президент Тоқаевтың атына ашық хат жазған. Жақында шахтерлар тобы министрлікке кезекті сұрақтары мен ұсыныстарын дайындаған. Бастамашыл топ өз мәселелерін шешуге Қарағанды облысының билігі де атсалысқанын қалайды. Бірнеше күн бұрын олармен облыс әкімінің орынбасары кездесіп,әкімдік жанындағы жұмыс тобының қызметін жандандыруға уәде берген.

Қарағанды облысындағы мүгедек шахтерлар бастамашыл тобының мүшелері Евгений Архипов пен Иван Штрек. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.
Қарағанды облысындағы мүгедек шахтерлар бастамашыл тобының мүшелері Евгений Архипов пен Иван Штрек. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.

Бастамашыл топ көтерген мәселелер қатарында: қауіпті, ауыр, және денсаулыққа зиян келтіретін ортада жұмыс істейтін азаматтардың зейнет жасын қайта қарау; зейнет жасына жеткеннен кейін берілмейтін, қызметтік міндетін атқару кезінде денсаулығына келген зардапқа байланысты өтемақы төлеу; 2015 жылы заңға өзгеріс енгізілгенге дейін еңбек қабілетін жоғалтқан азаматтарға төленетін өтемақы көлемін арттыруды есептеу принциптері; өтемақы көлемін еңбек қабілетін жоғалтқаны үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алатын әлеуметтік төлемді қоспай есептеу; жоғалтқан жалақыны және қауіпті жұмыс істегені үшін берілетін өтемақыны арттыру мәселелері бойынша бұрын болған заңнамаларды қайтару; жұмысшының денсаулығына келген зардапқа байланысты қосымша шығындарын өтеуге қойылған шектеу; зейнетақының жинақ бөлігін құру (жалақысы жұмысқа орналасуға мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты) кезінде еңбекке жарамдылығын жоғалтқан адамдар мен басқа зейнеткерлер арасында пайда болған диспропорция бар.

Олар бұған қоса жұмыс берушінің қаржысына шахтерларға медициналық қызмет көрсетіп, денсаулығын оңалтатын арнаулы реабилитациялық бөлімшелер ашуды; еңбек және азаматтық заңнамадан қайғылы жағдайда жұмысшыны кінәлі деп табатын нормаларды алып тастауды; № 1 және № 2 тізім бойынша берілетін, қазір республикадағы күнкөріс деңгейінен төмен арнаулы көлемдегі мемлекеттік жәрдемақыны өсіруді сұрайды. Бастамашыл топ әйелдердің зейнет жасын төмендету және аса қауіпті өндірісте жалдамалы жұмысшыларды қолдануға тыйым салу мәселесін де көтерді.

МИНИСТРЛІК: ШАХТЕРЛАР ҰСЫНЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІК СИПАТҚА ИЕ

Азаттықтың "Бастамашыл топтың жазда президентке жазған хатынан кейін не өзгерді?" деген сұрағына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тамыздың 21-і күні жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, онда "жұмысшыны қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайға ұшыраудан сақтандыру мәселесі" талқыланғанын айтып, жауап берді. Министрлік дерегінше, осыған дейін жұмыс тобы 13 рет жиналған. Бастамашыл топ бұл бірнеше жылда өткен отырыстардың жалпы саны екенін айтады. Олардың сөзінше, биыл бір рет қана астаналық шенеуніктермен видеобайланыс арқылы сөйлесудің сәті түскен. Өндіріс мүгедектері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі олармен жеке кездеседі деп үміттенеді.

Шахтер ескерткіші қасынан өтіп бара жатқан адам. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.
Шахтер ескерткіші қасынан өтіп бара жатқан адам. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.

Министрліктің дерегінше, бастамашыл топ көтерген мәселе бірнеше рет кәсіподақ, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және басқа ұйымдардың қатысуымен талқыланған. Министрлік "Жұмысшыны қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайдан сақтандырудың шығындары мен тарифтерін бағалау" тақырыбына зерттеу жүргізген. Оның қорытындысына сәйкес, "Қазақстан Республикасының жұмысшыларды қайғылы жағдайдан міндетті сақтандыру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына концепция жобасы жасалған. Бірақ министрліктің Азаттыққа жіберген хатында биліктің нақты не ұсынып отырғаны көрсетілмеген.

Министрлік жауабында "Бастамашыл топтың ұсыныстары жүйелік сипатта болып, концептуалды өзгерістерді, жұмыс берушімен және сақтандыру компанияларымен кешенді жұмыс істеуді қажет ететіндіктен, министрлік шахтерлардың қатысуымен жұмыс тобының аясында ортақ шешімге келуге тырысады" делінген.

Зейнетақының жинақ бөлігін құру (жалақысы жұмысқа орналасуға мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты) кезінде еңбекке жарамдылығын жоғалтқан адамдар мен басқа зейнеткерлер арасында пайда болған диспропорцияға қатысты министрлік: "Еңбекке жарамдылығын жоғалтқан адамдар, басқа азаматтармен қатар зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысады. Диагнозы біржола қойылған бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Бұл топтағы азаматтар міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады, ал жарна төлеу өз еркімен жүзеге асады. Осылай аталған топтағы азаматтар зейнетақы жинақтау жүйесіне жарна төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес. Еңбекке жарамдылығын жоғалтқан адамдар бюджеттен мүгедектігі үшін берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы; жұмыс беруші зардап шеккен жұмысшы үшін әлеуметтік жарна төлеген болса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем; жұмысшыны қайғылы жағдайдан міндетті сақтандыру келісі болған жағдайда, сақтандыру компаниясынан сақтандыру төлемдерін алады" деп түсіндірді.

Бастамашыл топтың әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына министрлік "зейнетке ерте шығуға қажеттілік жоқ" деп жауап берді. Министрліктің жауабы "әр жұмысшы қартайған шақта өзін қамтамасыз етуге өзі жауапты" дегенге саяды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылы тамыздың 1-інде берген дерегіне сәйкес, Қазақстанда өндірісте мүгедек болған 14,5 мыңға жуық адам бар. Биыл көктемде Қарағанды қаласында "Кәсіби аурулар мен өндірістік травматизмнің өзекті мәселелері" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде 2018 жылы облыста 500 адамның өндірістік сырқатқа шалдыққаны айтылды. Мәселеге көп жыл ауыр және өмірге қауіпті жағдайда жұмыс істеу себеп болып отыр. Шара барысында 40 жасқа толған шахтерлардың 50 пайызы кәсіби ауруларға шалдығатыны айтылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG