Accessibility links

2017 жылғы ереуілдер мен еңбек даулары


Қазақстанда 2017 жылы болған жұмысшылар ереуілдерінің ешбірі талаптарын толық орындата алмады. Сарапшылар мұның себебін еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістермен және елде жұмысшылар құқығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақ қалмағанымен байланыстырады.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ МҰНАЙШЫЛАР ЕРЕУІЛІ

2017 жылы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған экономикалық соты Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарғаннан кейін іле-шала Маңғыстау облысында мұнайшылар қарсылық акциясын бастады. Ақтау қаласындағы Oil Construction Company (ОСС) кәсіпорны жұмысшылары Қазақстан билігіне тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппау туралы талап қойып, аштық жариялады. Жұмыс берушінің мәліметінше, аштық акциясы үш жерде (Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде – 292 адам, Қаламқас кенішінде – 270 адам, Жетібай кенішінде – 100-ге тарта адам аштық жариялаған) өткен.

ВИДЕО: Жұмысшылар аштық жариялады

Жұмысшылар аштық жариялады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

Мұнайшылар "Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы жойылса, жұмыс берушіге талаптарымыз жетпей қалады" деп мәлімдеген. Сонымен бірге олар "жұмыс жағдайын жақсартуды", "жұмысшыларға қатысты актілерді кәсіподақпен бірлесе жасауды", "денсаулыққа тиетін залал үшін қосымша ақы төлеуді", "наразыларға қысым жасамауды" талап еткен.

Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан акция барысында жергілікті құқық органдары "жиын өткізу тәртібін" бұзды деп, ереуілшілерге кедергі келтірумен болған.

Ақыр соңында билік Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты ұстап, дереу Астанаға жеткізген соң екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар сот үкімі шыққанша Астананың тергеу абақтысында қамауда отырды.

Oil Construction Company кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов өзіне қарсы іс бойынша сотта отыр.
Oil Construction Company кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов өзіне қарсы іс бойынша сотта отыр.

ОСС кәсіпорыны басшылығының аштық жариялаған жұмысшыларына қарсы берген арызын қараған Ақтау қалалық 2-соты қаңтардың 19-ында наразылық акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуға үкім еткен. Аштық акциясына қатысушыларға көп мөлшерде айыппұлдар салған.

Сәуірдің 7-і күні Астананың Алматы аудандық 2-соты Нұрбек Құшақбаевты "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға, ал мамырдың 16-сы күні Әмин Елеусіновті – "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға соттады.

Кәсіподақ белсендісі Нұрбек Құшақбаев өзіне сот үкімі оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Нұрбек Құшақбаев өзіне сот үкімі оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

Билік шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деген айыппен сотқа тартылып, төрт жылға бас бостандығы шектелген. Харькованың апелляциялық шағымын сот қанағаттандырмады.

Сотталған кәсіподақ белсенділері үкіммен келіспейді. Құқық қорғаушылар бұл істерден саяси астар көреді.

Халықаралық кәсіподақтар ұйымы конфедерациясы (ITUC) Қазақстан билігін сотталған Oil Construction Company кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты босатуға және Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) басшысы Лариса Харьковаға қарсы қылмыстық істі тоқтатуға шақырған.

"EXPO-2017" КӨРМЕСІНЕН КЕЙІНГІ ЕҢБЕКАҚЫ ДАУЫ

Биыл маусым мен қыркүйек аралығында Ақорда имидждік мақсатта көп үміт артқан "EXPO-2017" халықаралық көрмесі өтті. Құрылысы бірнеше жылға созылған бұл көрмені өткізуге жұмсалған қаржының нақты сомасы туралы ресми ақпарат жоқ, түрлі мәлімет бойынша, оған үштен төрт миллиард долларға дейін қаржы жұмсалған болуы мүмкін. Жуырда жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көрмеге 115 мемлекет қатысып, төрт жарым миллионнан астам адам тамашалағанын айтты. Көрме аяқталып, біршама уақыт өткен соң "EXPO-2017" нысандарын салған құрылыс компаниялары мен жұмысшыларының арасындағы еңбекақы даулары жария бола бастады.

Қараша мен желтоқсанда жетпіске жуық жұмысшы "он айлық жалақыларын" даулап, жұмыс беруші "Мәрмәр эстетикасы" және "Sembol construction" компанияларының Астанадағы кеңселеріне бірнеше рет барды.

ВИДЕО: Жеті ай жалақы күткен жұмысшылар

Жеті ай жалақы күткен жұмысшылар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Жұмысшылар еңбекақыға қарыз ақшаның тек отыз пайызын ғана өтеген компанияның үстінен құзырлы органдарға жүгінгенімен нәтиже шығара алмағанына шағым айтқан. Еңбекақы дауы әлі жалғасып келеді.

КЕНШІЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Биылғы жыл Қарағанды облысындағы тау-кен шахталарында жұмысшылардың наразылық шараларымен есте қалды. Қарашаның 30-ы күні Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металдар өндіруші ең ірі өнеркәсіп саналатын "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтаның әкімшілік ғимаратының алдына жүздеген кенші жиналған. Ондаған кенші жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін кәсіпорындағы еңбекақы мөлшері мен еңбек жағдайына наразылық білдіріп шахтадан шығудан бас тартқан.

Азаматтық белсенділердің әлеуметтік желілер арқылы сол кезде таратқан ақпаратына сәйкес, кеншілер еңбекақыны 70 пайызға көбейту, кәсіпорында ұзақ уақыт еңбек еткендердің зейнетақысын өсіру және жұмысшылардың еңбек пен әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы талаптар қойған. Кеншілермен кездескен корпорацияның басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышовтың "жалақыны 70 пайызға ешкім көтермейді" деп айтып жатқаны көрсетілген видео әлеуметтік желілерде тараған.

ВИДЕО: "Қазақмыс" жұмысшыларының наразылығы

"Қазақмыс" жұмысшыларының наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

​Кейін "Қазақмыс" басшылығы "кеншілермен болған еңбек дауы шешілгені жайлы" хабарлаған. Алайда компания кеншілердің қай талабы қалай орындалғаны туралы нақтыламаған. Корпорация басшылығымен келіссөзге қатысқан жұмысшылар комментарий беруге ықылас білдірмеген. Оқиға болған кеніштегі жағдайды бақылаған жергілікті кәсіподақ белсендісі Берік Жағыпаровтың Азаттыққа айтуынша, "корпорация басшылығы өкілдері кеншілердің еңбекақы мен медициналық-сауықтыру мәселелеріне қатысты талаптарын қарауға уәде еткен".

Желтоқсанның 11-і күні Қарағанды облысындағы болат пен көмір өндіретін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жеті жүзге жуық кеншісі еңбекақы мен әлеуметтік мәселелер туралы талап қойып, шахтадан шықпай ереуіл бастаған.

Төрт тәулікке жалғасқан наразылық акциясына, кей деректер бойынша, жеті жүзге жуық шахтер қатысқан. Көміршілер кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязов "шахтерлардың негізгі талабы – жалақыны 100 пайыз көбейту" екенін хабарлаған. Сонымен бірге, ереуілшілер шахтердың зейнетке шығу жасын 63-тен 50-ге түсіру, сырқаттануына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болған жағдайда толық еңбекақы көлемінде төлем беру, кеншінің еңбек жағдайы мен сауықтыру-оңалту шараларын жақсарту туралы талаптар қойған.

Қарағандылық шахтерлар ереуілі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған тақырыпқа айналды. Мұнан кейін Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдары да кеншілер наразылығы жайлы хабарлар таратып, бастапқыда үнсіз қалған билік өкілдері де ереуілге байланысты пікір білдіре бастады.

Шахталардың иесі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кеншілер ереуілін "жұмысшылардың рұқсат етілмеген акциясы" деп атады. Компания басшылығы алғашында "наразылық шарасын заңсыз деп табу туралы" сотқа шағымданып, Шахтинск соты "ереуілді тоқтату туралы" ұйғарым да шығарған. Бірақ қоғамда резонанс туған соң компания шағымын кейін қайтарып алатыны жайында мәлімдеді.

Желтоқсанның 15-і күні Қарағанды облысы әкімдігі жұмыс берушінің кеншілерге шахтада жұмыс істейтіндердің барлығының еңбекақысын 30 пайызға көбейту, ал көмір кәсіпорнында шахта сыртында жұмыс істейтіндердің жалақысын қанша пайызға өсіруді Келісім комиссиясында анықтау туралы ұсыныс жасағаны туралы хабарлады. "Көмір департаментінің барлық жұмысшысына бір айлық жалақы көлемінде бір реттік сыйақы төленеді" деп хабарлаған соң кеншілер ереуілді тоқтатып, шахталардан шыққан.

Желтоқсанның 21-інде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кеншілермен жүргізілген келіссөз қорытындысын жариялады. Компания баспасөз қызметі шахтерлар қойған 28 талап-тілектің 12-сі кәсіпорынның құзыретіне жатпайтындықтан оларды орындау мүмкін емес екені, басқа мәселелерге қатысты мәміле жасалғаны туралы хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Кеншілер ереуілінен не нәтиже шықты?

"ТӘУЕЛДІ КӘСІПОДАҚ"

Халықаралық құқықтық бастама қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева Қазақстанда екі жыл бұрын Еңбек кодексі туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау тетіктері күрт қиындап кеткенін айтады.

Тәуелсіз кәсіподақтар жабылды, жұмыс берушіге және билікке жақын салалық кәсіподақтар құрылып, барлық кіші кәсіподақтар соларға мүше болуға мәжбүр

Оның пікірінше, заңда жұмысшыны басқа жұмысқа ауыстыру, оқыту, еңбек шартына қосымша талаптар енгізу сынды жұмыс берушіге көбірек құқық беріп тастаған. Бұған қоса жұмысшылардың өз құқықтарын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақтарға бірігу мүмкіндігі барынша шектелген.

- Қазіргі кәсіподақтардың жағдайы мынадай: тәуелсіз кәсіподақтар жабылды, жұмыс берушіге және билікке жақын салалық кәсіподақтар құрылып, барлық кіші кәсіподақтар соларға мүше болуға мәжбүр. Тәуелсіз кәсіподақ болмаған соң жұмысшылардың мүдделерін батыл қорғайтын ұйым да жоқ. Соның салдарынан жұмысшылар еңбек туралы талаптарын қойса да, өздеріне керекті нәтижеге қол жеткізе алмай отыр, - дейді Айна Шорманбаева.

"ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ ҮРЕЙ"

Қазақстандық тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың пікірінше, Қазақстан билігі жұмысшы ереуілдері мен кез-келген наразылық акциясын билікке төнген қатерге балайды.

Кез-келген көпшілік азаматтық наразылық, ереуілдер мен оппозиция жиындарына заңнамалық, әкімшілік, ақпараттық кедергілер қою үшін қолған келгеннің бәрі жасалды

- Грузия, Украинадағы мақпал революциялары мен Қырғызстандағы екі мемлекеттік төңкерістен кейін Қазақстан билігі ереуілдер мен наразылық шерулеріне билікті орнынан тайдыратын қауіп деп қарайтын болған. Дәл содан кейін заңдарға бейбіт жиындар өткізу, тәуелсіз БАҚ, оппозиция, үкіметтік емес ұйымдар, дәстүрлі емес діни қауымдар мен тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты тыйым салып, шектеу қоятын өзгертулер енгізілді. Қорытындысында кез-келген көпшілік азаматтық наразылық, ереуілдер мен оппозиция жиындарына заңнамалық, әкімшілік, ақпараттық кедергілер қою үшін қолған келгеннің бәрі жасалды, - дейді Сергей Дуванов.

Оның айтуынша, осыдан алты жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін жұмысшылар ғана емес, Қазақстан қоғамын үрей мықтап билеп алған. 2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға бей-берекет жаппай оқ жаудырған. Ресми есеп бойынша, 17 адам қаза болып, 100-ден астам адам жараланған.

- Ақорда халықаралық қауымдастық алдындағы беделіне зияны тисе де, оппозиция пайдаланып қалуға тырысқан Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілін қан бөктіріп басты. Бұл оқиғадан кейін Қазақстан қоғамын одан бетер қорқыныш биледі. Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның дерегінше, елдегі шерулер саны төрт есеге азайған, - дейді Сергей Дуванов.

XS
SM
MD
LG