Accessibility links

Шахтерлар жер астында жалақы көбейтуді талап етіп тұр


Қарағанды облысындағы шахтада жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысындағы шахтада жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының төрт шахтасының кеншілері желтоқсанның 11-і түнгі ауысым біткеннен кейін жер бетіне шығудан бас тартты. Көміршілер кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязов «шахтерлердің негізгі талабы – жалақыны 100 пайыз көбейту» екенін хабарлады.

Жер астындағы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Қарағанды облысындағы шахталарда жұмыс істейтін 200-ге жуық кенші желтоқсанның 11-і түнгі ауысым аяқталғаннан кейін, яғни таңертең жер бетіне шығудан бас тартқан. Шахталардың иесі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мұның "жұмысшылардың рұқсат етілмеген акциясы" екенін хабарлады. Компания дерегінше, "төрт шахтадағы жұмысшылардың бір бөлігі жұмыс орнынан кетуден бас тартқан". «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының хабарламасында «қалған шахталардың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны» айтылады.

Көміршілердің «Қорғау» кәсіподағы жетекшісі Марат Мирғаязов Азаттық тілшісіне «Қарағанды облысы әкімдігіндегі келіссөздерде отырғанын» айтты. Оның сөзінше, шахтерлердің жұмыс берушіге бірнеше талабы бар, оның негізгісі - жалақыны 100 пайыз көбейту.

- Қазір біз келіссөз жүргізіп жатырмыз. Басты талабымыз – жалақыны көбейту. Әзірге шахтерлер ғана, металлургтер туралы білмеймін, - деді Марат Мирғаязов.

«Қорғау» кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.
«Қорғау» кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.

Қарағанды облысы әкімдігі желтоқсанның 11-і күні «жергілікті биліктің жағдайды бақылауға алғанын» хабарлады. Әкімдік «Компания басшылары мен көміршілердің «Қорғау» кәсіподағы арасында еңбек заңдары негізінде диалог басталғанын» айтады.

«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары жалақыны көбейту мәселесін бұрын да бірнеше рет көтерген. 2017 жылы тамыз айында Қарағанды облысының металлургтері мен шахтерлері жалақыларын 30 пайыз көбейтуді талап еткен. Олар сол кезде «мұндай қиын жұмыс үшін лайықты жалақы төленуі керек» деп мәлімдеген. Жазда Теміртауда өткен еңбек ұжымдары конференциясында «Қазақстандық» шахтасының жұмысшысы Иван Католиков:

- Біз компания басшылығының жұмысшылардың өмір сапасын жақсартудан тағы да бас тартуына көне алмаймыз. Жұмысшылар ауыр жағдайда, зиянды әрі қауіпті жұмысты атқара отырып, компанияның әлемде табысты болуына мүмкіндік жасап келеді. Ұжымда 2014 жылдың тамызынан бері жалақыны көбейту мәселесі көтеріліп тұрады. Шахтерлер, металлургтер мен олардың отбасылары лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету мүмкіндіктерінің азайып бара жатқанын сезіп отыр, - деген болатын.

Оқи отырыңыз: Металлургтер мен шахтерлер жалақы көбейтуді талап етеді

Көміршілердің «Қорғау» кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов бұрындары «шахталардың дамуына толық қаражат бөлінбейтінін» айтқан. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы жазда кәсіподақтарға жалақы төлеудің «грейд» жүйесін бірлесе талқылауды ұсынған. Жұмысшылар сол жолы бұл жүйенің жалақыларына қалай әсер ететінін түсінбейтіндерін мәлімдеген.

Қазіргі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 1950 жылдардан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан Қарағанды металлургия комбинатының негізінде құрылған. Яғни, 1995 жылы Қарағанды металлургия комбинатын "LNM Group" сатып алып, "Испат-Кармет" АҚ құрылған. 2004 жылы "Испат-Кармет" АҚ атауы "Миттал Стил Темиртау" болып өзгертілді. 2007 жылы "Миттал Стил Темиртау" АҚ атауы "АрселорМиттал Темиртау" болып өзгерді.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның есігінде тұрған кеншілер.
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның есігінде тұрған кеншілер.

Британиялық бизнесмен Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиттал» әлемде болат өндірумен айналысатын ірі компаниялардың бірі. 60-қа жуық мемлекетте өкілдігі бар. Оның бір бөлігі - «АрселорМиттал Қазақстан» тау-металлургиялық кешені. Бұл компанияның жеке темір және көмір кеніштері, дербес энергетикалық жүйесі бар. Ал «АрселорМиттал Қазақстан» АҚ құрамындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы болат өндіруге керекті аралық материал - металл құймаларын үздіксіз шығаратын өндіруші. Компанияның Ресейде, Орталық Азия елдерінде, Қытайда, Иранда, Әзербайжанда кеңселері бар. «АрселорМиттал Теміртау» жоба бойынша, жылына 5 миллион тоннадан астам болат өндіреді.

Шахтерлердің бұл жолғы наразылығы Қарағанды облысында кейінгі екі аптада болған шахтерлер қарсылығының екіншісі. Қараша айының соңында Сатбаев қаласында Оңтүстік-Жезқазған кенішінің ондаған кеншісі ауысым аяқталғаннан кейін наразылықтарын білдіру мақсатында жер бетіне көтерілуден бас тартқан. Олар жалақы мен зейнетақыны көбейтуді талап еткен. Ол жолы наразылықты ауысымға түспеген бірнеше жүз жұмысшы да қолдаған. Кейіннен жұмыс беруші «Казахмыс» корпорациясы еңбек дауының реттелгенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG