Accessibility links

ОСС кәсіподақ лидері не үшін сотқа тартылды?


Oil Construction Company (OCC) компаниясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Әмин Елеусінов сотты отыр. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Астана соты маңғыстаулық OCC компаниясы кәсіподақ ұйымы жетекшісі Әмин Елеусіновке мамырдың 15-і үкім шығаруы мүмкін. Ол қаңтарда биліктен тәуелсіз кәсіподақты жаппауды талап еткен жұмысшылардың аштық акциясы кезінде ұсталғаннан бері қамауда отыр.

Мамырдың 15-і күні Астана қаласының Алматы аудандық №2 соты Маңғыстаудағы мұнай саласында қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Әмин Елеусіновтің сот үкімі шығуы мүмкін.

56 жастағы Әмин Елеусіновті қаңтардың 20-сы күні ОСС компаниясының жұмысшылары Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жоюды тоқтатуды биліктен талап етіп, Ақтауда және Жетібай мен Қаламқас кеніштерінде аштық акциясын өткізіп жатқан кезде полиция ұстап әкеткен. Елеусіновпен бірге ұсталып, қаңтардың 21-інен Астананың тергеу абақтысында бірге қамауда болған OСС жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаев сәуірдің 7-і күні Астананың Алматы аудандық №2 сотының үкімімен "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатқаны" үшін екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің төрт бабы - "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену, талан-таражға салу" (болжам бойынша, 14,6 миллион теңге), "Билік өкілін жұрт алдында немесе БАҚ яки телекоммуникация арқылы ғайбаттау", "Билік өкіліне бағынбау" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айыптар тағылған болатын.

Әмин Елеусіновтің соты. Астана, 17 наурыз 2017 жыл.
Әмин Елеусіновтің соты. Астана, 17 наурыз 2017 жыл.

Жұма, мамырдың 12-і күнгі сот отырысында прокурор Данияр Темірханов судьядан Әмин Елеусіновті екі жылға соттауды және оған 2018 жылдың мамырына дейін кәсіподаққа 8 миллион 200 мың теңге өтеуді міндеттеуді сұраған. Прокурор бұған дейін сотталушының кінәсін мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасасу жөніндегі өтінішін қарап, «айыптаудан ішінара бас тарту қажет» деген тұжырым жасағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, прокуратура Елеусіновке тағылған «кәсіподақтың 6 миллион 469 мың теңге қаржысын жымқырды» деген айыбынан бас тартып, «полицияға бағынбады», «ғайбаттап, күш қолданды» деген айыптарды күшінде қалдыруды қолдайды.

Әмин Елеусінов тергеу кезінде де, сот басталған соң да өзіне тағылған айыптарды теріске шығарған. Кейін кінәсін мойындайтыны туралы прокурормен процессуалдық келісім жасасу жөніндегі өтініш білдірген. Адвокаттарының айтуынша, Елеусіновтің 15 томнан тұратын іс материалдарындағы кәсіподақ қаржысына қатысты айыптау төрт куәгердің сөзі мен бірнеше аудиторлық қорытындыға негізделген, ал Елеусіновтің кінәсіз екенін дәлелдейтін құжаттар тергеу кезінде алынғанымен кейін іс материалдарына енбей қалған.

- Оның кінәсі жоқтығын дәлелдейтін кәсіподақ құжаттарының бәрі ішкі істер министрлігінде жатыр, оларды іске тіркемеген. Қолымызда кәсіподақтың бірде бір құжаты жоқ. Айыптаудың бәрі төрт куәгердің «ол ақшаны алды», «ол менің баламның оқуға түсуіне ақша бермеді» деген сөздеріне негізделіп отыр, - дейді адвокат Төлеген Шаиков.

Әмин Елеусіновтің адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева және Төлеген Шаиков. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.
Әмин Елеусіновтің адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева және Төлеген Шаиков. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Ол Елеусіновті кінәсіз деп санайтын және оны босатуды сұраған кәсіподақтың 700 мүшесі қол қойған хат бар екенін де айтты. Адвокаттың сөзінше, абақтыда денсаулығы нашарлап кеткен Әмин Елеусіновке арнайы күтім қажет. Оның түрмедегі хал-жағдайын бұған дейін қоғамдық бақылаушы топ та көріп кеткен.

- Қоғамдық бірлестік мүшелері оны кінәсіз деп тануды сұрап отыр. Елеусіновтің денсаулығы нашар, жүрек ревматизмі ұлғайып, аяқтары ісіп кеткен, - дейді Төлеген Шаиков.

МҰНАЙШЫЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Маңғыстау облысындағы мұнай саласында қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының кәсіподак ұйымының мүшелері биыл қаңтардың 5-22 аралығында аштық жариялап, Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық сотының Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешіміне наразылық танытқан. Ақтау қаласындағы ОСС компаниясы ғимаратындағы кәсіподақ кеңсесінде, Қаламқас, Жетібай кеніштерінде және Ақтау қаласының шетіндегі құрылыс базасындағы жұмыс орындарында қарсылық акциясын өткізген жұмысшылар тамақ ішуден бас тартқан.

Қаңтардың 19-ы күні Ақтау қалалық 2-сотының судьясы Дүниязада Кеншімова ОСС компаниясының кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев, Мақсот Таспаев, Валерий Пахомов, Қайрат Ерекешов, Құсайын Жылқышиев, Молдағали Иманғалиев пен Серік Балжігітовтің үстінен түсірген арызын қанағаттандырды. Сот оларды кәсіподак кеңсесіндегі аштық акциясын тоқтатып, кеңсені босатуға міндеттеді. Кейін облыстық апелляциялық сот бұл шешімді күшінде қалдырды.

ОСС компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
ОСС компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

OCC компаниясы кәсіподак ұйымының төрағасы Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаевты қаңтардың 20-сы күні Ақтауда полиция ұстап, ертеңінде Астанаға жеткізілген екеуі сот шешімімен тергеу абақтысына қамалған.

Қаңтардың 21 күні Ақтауда ереуіл өткізіп жатқандарға барған қала прокуроры Марат Тойжанның «сендер мемлекетке қарсы шығып отырсыңдар» деген сөзінен кейін ОСС мұнайшылары Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесін босатқан. Қаламқас, Жетібай және Ақтау маңындағы құрылыс базасындағы аштық жариялағандар қаңтардың 22-сінен бастап наразылық акциясын толық тоқтатқан. 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оларды 20-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл және Қаламқас, Жетібай кеніштерінде тамақ ішпегендіктен компанияға келген «зиян» үшін 4 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

КРАНШЫДАН КӘСІПОДАҚ ЛИДЕРІНЕ ДЕЙІН

Әмин Елеусінов кәсіподақ лидері ретінде 2010 жылдан бастап таныла бастаған. Ол Маңғыстау облысындағы ОСС мекемесіне 2009 жылдың желтоқсан айында краншы болып жұмысқа кірген. ОСС компаниясында көп жылдардан бері дәнекерлеуші болып жұмыс істеген, биыл қаңтардағы аштық акциясынан кейін компания әкімшілігі онымен еңбек шартын үзген Құсайын Жылқышиев Азаттық тілшісімен әңгімеде Әмин Елеусіновті «өте білімді, принципшіл, адал азамат» деп сипаттады. 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қарасты үш ірі кәсіпорын - «Маңғыстаумұнара», «Нефтестрой» және «Маңғыстаумұнайжолдары» бірігіп, ОСС мекемесі болып қайта құрылған кезден бері биылға дейін еңбек етіп келген Жылқышиев Әмин Елеусіновтің кәсіподақ лидері болып қалыптасуы көз алдында өткенін айтады.

Oil Construction Company (OCC) жұмысшыларының шағымын баяндап тұрған Әмин Елеусінов. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.
Oil Construction Company (OCC) жұмысшыларының шағымын баяндап тұрған Әмин Елеусінов. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.

- Жұмысшыларға құқымызды қорғайтын кәсіподақ керек деген шешім қабылдағанға дейінгі жағдайымыз өте нашар болды. 2010 жылдары екі апталық вахтамен жүргенімізге қарамастан жұмыс сағатымыз он сағатқа дейін қысқарды. Әлеуметтік көмек дегеннен жұрдай болдық. Ал зиянды жұмыс атқарғаны үшін берілетін айранға тек оны бөлетін коменданттың көңіліне жаққандардың ғана қолы жететін, - дейді Құсайын Жылқышиев.

Оның сөзінше, 2011 жылғы наурыз айындағы жұмыс берушінің «жұмыс көлемі болмағандықтан жұмыс сағаты қысқарады» деген ресми шешімі жұмысшылардың наразылығын тудырған. Ол әуелгі кезде мұнайшылар заңнан хабары болмағандықтан кәсіподақтың міндеті - жұмысшы құқығын қорғау екендігін білмегенін айтады. «Ол кездегі кәсіподақ сол жердегі кеңседегі құрамның «қара кассасы» іспеттес еді, оның қызығын тек бастықтардың туыс-таныстары ғана көрді» деп еске алады Жылқышиев.

- «Бізге жұмыс берушіні қолдайтын кәсіподақтың керегі жоқ» деп шешті ұжымдағы барлық мұнайшылар. Сол кезде арамызда жұмыс берушіге көкейкесті мәселелер бойынша талаптар қойып, белсенділігімен Әмин Елеусінов көзге түскен еді. Оны 2011 жылғы сәуірдің 11-і күні кәсіподақ конференциясында төраға етіп сайладық, - дейді Құсайын Жылқышиев.

Әмин Елеусінов ісіндегі Астана прокуроры Данияр Темірхан. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.
Әмин Елеусінов ісіндегі Астана прокуроры Данияр Темірхан. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Оның сөзінше, Елеусінов кәсіподақ жетекшілігіне келген соң жұмысшыларға еңбекақыны атқарған жұмысқа сай төлеу мәселесі шешімін таба бастаған.

- Жалақы мен разряд өсіруге тек өз кәсіподағымызды сайлаған соң, 2013 жылы қол жеткіздік. Мысалы, мен 5-разрядты дәнекерлеуші болсам да 120 мың теңге ғана алып жүрдім, - дейді Жылқышиев.

ОСС компаниясында қырық жыл еңбек етіп, биыл қаңтардағы аштық акциясына қатысқаннан кейін жұмыстан шығып қалған Мақсот Таспаев 2013 жылы мұнайшылар жұмыс берушіге 23 талап қойып, бірнеше сағатқа жұмысты тоқтатып, ереуіл жасағанын еске алды.

- Сол кездегі Еңбек кодексіне сай үш сағатқа дейін жұмысты тоқтатуға құқымыз бар еді, соны пайдаландық. Бізбен сөйлесуге сол кездегі облыс әкімі Алик Айдарбаев, «Қазмұнайгаз» компаниясы басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев келді. Бір жарым жылға созылған бітімгерлік комиссиясындағы келіссөздерден соң талаптарымызға қол жеткіздік, - дейді ол.

Мақсот Таспаевтың айтуынша, 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде бейбіт шеруді күшпен тарату барысында көп адамның қазасына ұласқан «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының ереуілінен соң 2013 жылдың соңында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары үшін бірыңғай еңбекақы жүйесі енгізілген. Кәсіподақтың көмегімен жұмысшыларға алмаған жалақылары қайта есептеліп төленген. Мақсот Таспаевтың сөзінше, кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусіновтің араласуымен компанияда жұмысшының әлеуметтік проблемалары шешімін тапқан.

ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов (оң жақта) "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен кездесіп, жұмысшылар шағымын жеткізіп тұр.
ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов (оң жақта) "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен кездесіп, жұмысшылар шағымын жеткізіп тұр.

- Бұрын вахтаға жұмысқа келгенде жатын орын болмайтын. Ретін тапқандар демалысқа кеткендердің орнына түнейтін, ал олар жұмысқа шыға қалса шын мәнінде далада қалатын. 2015 жылы кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновтің жұмыс берушіге талап қоюының арқасында жатақхана құрылысы аяқталып, сонда тұра бастадық. Футбол алаңы салынды. Елеусінов осындай үлкен шаруалардың жылдар бойы кезең-кезеңімен іске асуына үлес қосты, – дейді Құсайын Жылқышиев.

Азаттық сөйлескен мұнайшылар ОСС жұмысшылары құқығын қорғаған кәсіподақ белсенділері бұған дейін де қудалауға түскенін, Әмин Елеусіновтің үстінен қозғалған қылмыстық іс те сол кезеңнен бері жалғасып келе жатқанын айтады.

ОСС мұнайшылары кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың істері бойынша тергеу мен сот процесінің «қылмыс» болған жерде емес, Астанада өтуінде «саяси астар бар» деп санайды.

ВИДЕО: Елеусіновке тағылған айыптар (2017 жылы сәуірдің 26-сы түсірілген)

ЕҢБЕК КОДЕКСІ ҮШІН КҮРЕС

Әмин Елеусінов жетекшілік ететін ОСС компаниясы жұмысшыларының кәсіподағы 2015 жылы үкімет әзірлеп парламентке ұсынған жаңа еңбек кодексі жобасына қарсылық білдірді. Жобада жұмысшылардың еңбек құқықтары едәуір қысқарып, жұмыс берушілердің өкілеттіктері әдеттен тыс кеңейтілгені, жұмыстан шығаруда қоғамдық бақылау әлсірегені, жалақыға қатысты өзгерістердің барлығы жұмыс берушінің пайдасына жазылғанын айтқан ОСС кәсіподағы жаңа кодексті барлық кәсіподақ ұйымдарының талқылауынсыз қабылдамауды сұрап Қазақстан президенті мен үкіметіне хат жолдаған.

Сол жылы тамызда кәсіподақ ұйымы атынан Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев Астанадағы президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесіне арнайы барып, жолдаған хаттарына жауап сұраған. ОСС кәсіподағымен бірге жаңа еңбек кодексіне қатысты билікке үндеуге Маңғыстау облысында мұнай өндірісіндегі 15 кәсіпорынның кәсіподақ ұйымдары да қол қойған. Олар президент пен премьерге хат жазумен шектелмей, Еңбек кодексінің жаңа редакциясына наразылық білдіріп, Ақтауда митинг өткізуге Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы әкімдіктеріне өтініш берген. Жергілікті билік бейбіт жиындарға арнайы белгіленген орындарды беру қала прокуроры ұсынысымен уақытша тоқтатылғанын алға тартып, наразылық акциясын өткізуге рұқсат бермеген.

Еңбек кодексінің жобасына шағымдарын білдіріп парламент депутаттарына барған Ақтау мұнайшылары. Әмин Елеусінов жоғарғы қатарда, ортада тұр. Астана, 7 қыркүйек 2015 жыл.
Еңбек кодексінің жобасына шағымдарын білдіріп парламент депутаттарына барған Ақтау мұнайшылары. Әмин Елеусінов жоғарғы қатарда, ортада тұр. Астана, 7 қыркүйек 2015 жыл.

Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев бастаған мұнайшылары тобы 2015 жылы қыркүйекте Астанаға парламентке барып, депутаттарға өз талаптарын жеткізген. Бірақ мәжіліс депутаттарынан мардымды жауап ала алмаған соң олар жаңа еңбек кодексіне қарсылығы туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кезде вице-премьер қызметінде болған президенттің қызы Дариға Назарбаеваға хат жолдаған. Онда кәсіподақ мүшелері «өндірістегі еңбек қатынасын тек ұжымдық шартпен реттеуге болмайды, себебі Қазақстанда әлі күшті әлеуметтік серіктес жоқ» деп жазған. «Нарықтық экономика жағдайында жұмысшыларға төленетін жалақының индексациясын жасауды енгізу керек, аймақтағы жалақы деңгейіне қарай уақытымен индексация жасалып отыруы керек. Тәуелсіз кәсіподақтар заңда осы мәселелерді шешетін нақты механизмдерді қарастыруды талап етеді, бізге қызыл сөздің керек жоқ. Біз сізден Конституция кепілі ретінде Қазақстан Республикасы парламентінде қаралып жатқан еңбек кодексін тоқтатуды және оны талқылауға беруді сұраймыз» делінген мұнайшылар хатында.

Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары тарапынан дауға қалған жаңа еңбек кодексін 2015 жылы қарашаның 5-інде парламент қабылдап, бірнеше күннен кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған қол қойған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

Кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істерге халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар да алаңдаушылық білдірді. Елеусінов пен Құшақбаев ұсталғаннан кейін бірнеше күн өткенде Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы оларды қолдап мәлімдеме жасады. HRW мәлімдемесінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен тағы бір халықаралық кәсіподақ ұйымы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Елеусінов пен Құшақбаевты босатуға шақырғаны айтылған. «Зорлық-зомбылықсыз бейбіт наразылыққа тұтқындаумен жауап қату өрескел іс және олай істеу ешқашан шешім болып көрген емес» деп мәлімдеген ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

ВИДЕО: Әмин Елеусіновті полиция ұстап әкеткен сәт (2017 жыл қаңтардың 21-і)

Ақпан айында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан билігінен тұтқындағы кәсіподақ лидерлерін дереу босатуды талап етіп, кәсіподаққа жасалған қысым Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге қайшы келетінін айтқан. Ұйымның бас хатшысының орынбасары Яап Виенен «егер Қазақстан билігі бірнеше аптаның ішінде шешімін өзгертпесе, онда халықаралық стандарттарды сақтамайтын ел ретінде Қазақстанға өзгелердің назарын аудару үшін үлкен халықаралық кампания бастауға мәжбүр болатындары» туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, мұның қаржылай салдары сезіліп, ел беделіне нұқсан келеді.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі бойынша арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан сотының елдегі тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабу туралы шешіміне және кәсіподақ жетекшілерін қудалауына алаңдаушылық білдірген. Ол «елдегі негізгі тәуелсіз кәсіподақты жауып, кәсіподақ лидерлерін қуғындап, заңды ереуілді заңсыз деп атап және бейбіт наразылық танытқан жұмысшылары тұтқындап - билік басқа бағытқа кетіп барады» деген болатын Eurasianet.org сайтында жарияланған пікірінде.

XS
SM
MD
LG