Accessibility links

Әмин Елеусінов түрмедегі жағдайына шағынған


Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әмин Елеусінов Ақтау қаласы әкімдігі ғимаратында жұмысшылар талабын түсіндіріп тұр. Ақтау. 5 января 2017 года. (Көрнекі сурет)

Қамаудағы кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновтің «кінәсін мойындайтыны» жайлы тараған видеоны адвокаттар түрмеде денсаулығы сыр берген тұтқынға «қысым көрсету» деп бағалайды. Абақты бастығы түсініктеме беруден бас тартты.

Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде қаңтардың 21-інен бері «кәсіподақ қаржысын талан-таражға салған» деген айып бойынша тергеуге алынып, қамауда отырған ақтаулық Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әмин Елеусінов суық камерада денсаулығы нашарлап кеткеніне шағым айтқан. Бұл туралы Азаттыққа ақпанның 28-і күні Елеусіновпен абақтыда кездесіп, жағдайын біліп шыққан қоғамдық бақылау комитетінің төрағасы Руслан Оздоев мәлімдеді.

- Елеусінов жүрегі мен аяғы ауыратынын айтты. Абақтыдағы камералар суық, қамаудағыларға жағдай жасалмаған. Тұтқындарға таңнан кешке дейін арқасы жоқ орындықта отыруға ғана рұқсат етіледі. Бұл адамның омыртқасына үлкен ауырлық түсіреді, - дейді Руслан Оздоев.

Ол Астанадағы 505 тұтқын ұстауға арналған тергеу абақтысында қазіргі кезде 600 адам отырғанын айтады. Оздоевтың сөзінше, түрме бастығы оған камералардың суық әрі сыз тартатынын ЕЦ-166/1 мекемесінің «қаладағы жылу жүйесінің ең шетінде орналасқандығымен» түсіндірген.

Қоғамдық бақылау комитетінің төрағасы Руслан Оздоев. Астана, 24 қараша 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Қоғамдық бақылау комитетінің төрағасы Руслан Оздоев. Астана, 24 қараша 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Руслан Оздоев түрме басшылығынан Әмин Елеусіновтің денсаулық жағдайын ескеріп, оны басқа камераға ауыстыруды сұрағанын айтты.

Маңғыстау облысындағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша («сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу»), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша («заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату») айыптар тағылған.

ВИДЕО: Әмин Елеусіновтің ұсталған кезі (қаңтардың 21-і жарияланған)

Әмин Елеусіновті полиция ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

«МОЙЫНДАУ» ЖӘНЕ ОДАН БАС ТАРТУ

Қоғамдық бақылау комитеті төрағасы Руслан Оздоев Азаттыққа бұған дейін ақпанның 18-інде әлеуметтік желіде тараған Әмин Елеусіновтің «кінәсін мойындағаны» туралы видео мен бірнеше күннен кейін оның «кінәні мойындаудан» бас тартатыны туралы жазған өтініші деп көрсетілген, фотокөшірмесі тағы да әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдеменің мән-жайын қамаудағы кәсіподақ лидерінің өзінен сұрағанын айтты.

Оздоевтың сөзінше, оған Елеусінов өзімен камералас адамның «егер кінәңді мойныңа алсаң бостандыққа шығуың мүмкін» деген ақыл-кеңесімен «мойындауға» келіскенін айтқан.

Елеусінов түрмеде отырғанда нашарлай бастаған денсаулық жағдайынан қауіптеніп «кінәсін мойындағанын» айтты. Өз сөзінше, оған ешқандай қысым жасалмаған. Бірақ артынан ойланып, асығыс шешім қабылдағанын түсінген.
Руслан Оздоев

- Елеусінов түрмеде отырғанда нашарлай бастаған денсаулық жағдайынан қауіптеніп «кінәсін мойындағанын» айтты. Өз сөзінше, оған ешқандай қысым жасалмаған. Бірақ артынан ойланып, асығыс шешім қабылдағанын түсінген, - дейді Руслан Оздоев.

Әлеуметтік желілер арқылы тараған әлгі видеода Әмин Елеусіновтің сырт киімсіз әлдебір жұмыс кабинетінде үстел басында отырғаны бейнеленген. Оған қарсы отырған адамның әлдебір қағаздармен жұмыс істеп отырғаны байқалады. Видеода Елеусінов ОСС кәсіподағы төрағасы қызметін атқарған кезде «кәсіподақтың 14 миллион 700 мың теңге ақшасын кәсіподақ бухгалтерімен өзара тең бөліске салып, жеке қажетіне жұмсағаны» туралы қағазға жазылған «мойындауын» оқиды. Ол «кәсіподаққа келген зиянды заңмен белгіленген уақытта өтейтіні», «өз еркімен кінәсін мойындауға ешкімнің моральдық, физикалық немесе психологиялық қысым көрсетпегені» туралы мәлімдейді. Видеода Елеусінов «кінәсін мойындауға» ақпанның 8-і күні қол қойғанын қағаздан оқып айтады.

Ақпанның 22-і күні Facebook әлеуметтік желісінде «Әмин Елеусіновтің кінәсін мойындаудан бас тартатыны жайлы Қазақстан ішкі істер министрлігі тергеушісі полиция майоры Б.Есмахановқа жазған өтініші» деп көрсетілген қолмен жазылған мәтіннің фотокөшірмесі тарады. Өтініш авторы «өз еркімен кінәсін мойындаған кезде жанында адвокаттар болмағанын әрі солай деп жазса бостандыққа шығатыны айтылған соң» әлгіндей әрекетке барғанын, түрмеде ескі ауруы қайта қоза бастағанын мәлімдеген.

Әмин Елеусіновтің "өз еркімен кінәсін мойындаудан" бас тартатыны туралы мәлімдемесі деп Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған мәтіннің суреті.
Әмин Елеусіновтің "өз еркімен кінәсін мойындаудан" бас тартатыны туралы мәлімдемесі деп Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған мәтіннің суреті.

«Бір айдан бері карантинде отырмын. Маған және қамаудағы өзге адамдарға таңғы сағат 6-дан кешкі 22-ге дейін төсекте жатуға не отыруға рұқсат етілмейді. Тек арқасы жоқ орындықта отыруға болады. Сыз тартқан камерада жүрегім, аяғымның буындары сыр бере бастады. Осының себебінен өз еркіммен кінәні мойындаудың неге соқтыратынын түсінбедім» деп Әмин Елеусіновтің атынан өтініш ақпанның 22-і жазылған деп көрсетілген.

Қамаудағы кәсіподақ лидерінің «мойындау» арызын өздерінің қатысуынсыз алуға және ол жайлы видеоны әлеуметтік желі арқылы таратуға Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттары Төлеген Шаиков пен Гүлнәр Жуаспаева наразылық білдірді. Олар мұны «тергеудегі адамға жасалған қысым» деп мәлімдеді.

Адвокат Төлеген Шаиков видео жарияланысымен Facebook-тегі парақшасына: «Қорғауымдағы Әмин Елеусінов адвокаттардың қатысуынсыз кінәсін мойындайтыны туралы жазған. Оған «полицияға қарсылық білдірді» деген айып та тағылған. Полиция тергеу кезінде қамауда отырған адамдарға толық билік жүргізіп отыр. Тергеу изоляторы мен түрмелерді әділет министрлігіне беріп, қоғамдық бақылауды күшейту керек. Мұндай жағдайға әркім тап болуы мүмкін. Қызметтік видеоның интернетке қалай шығып кеткені түсініксіз» деп жазды. Сонымен бірге ол Елеусіновке өтініші бойынша өзі әкелген жылы аяқ киім, көзілдірікті түрме әкімшілігі тұтқынға беруден бас тартқанын айтады.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева «дәлелдейтін деректері болмаған кезде тергеу органдары заңсыз жолмен алынған видео тарату тәрізді лас әдістерге жүгінеді» деп мәлімдеді.

Гүлнәр Жуаспаева, адвокат.
Гүлнәр Жуаспаева, адвокат.

- Заң тұрғысынан алғанда бұл «өз еркімен кінәні мойындау» заңсыз алынған. Және мұны мұнайшылар алдында Әмин Елеусіновтің беделін түсіру үшін әдейі жасаған. Сол себепті осы видеоны Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласындағы кәсіподақ ұйымы мүшелеріне WhatsApp арқылы әдейілеп жіберген, - дейді Гүлнәр Жуаспаева.

Адвокаттың сөзінше, Нұрбек Құшақбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу ақпанның 23-і күні аяқталып, 11 томнан тұратын іс прокуратураға жолданған.

«АСТАНАДА ҚАМАП, АҚТАУДА ТЕРГЕП ЖАТЫР»

Адвокат Шаиков Астанада қамауда отырған Елеусінов пен Құшақбаевтың істері бойынша тергеудің Ақтауда жүргізіліп жатқанын айтады. Ол сотқа дейінгі тергеу күдікті мен оқиға болған аймақта өтуі тиіс, өйткені айғақтар мен куәгерлердің бәрі сол жерде дейді.

- Айыпталушының Астанада отырып, істің Ақтауда қаралуының өзі күмән туғызады. Оларды қаңтар айында қамауға алғанда Астанаға жібермес бұрын бірнеше жедел беттесулер өткізген. Одан кейінгі тергеу амалдарына Елеусінов пен Құшақбаевты шақырған жоқ, - дейді Төлеген Шаиков.

Адвокат кәсіподақ жетекшілері қамауға алынғаннан кейін Ақтаудағы Oil Construction Company компаниясындағы кеңсесінен кәсіподақтың компьютері мен барлық құжаттары тәркіленгенін айтты.

- Бұл сол аймақта жұмыс істеп тұрған ең белсенді тәуелсіз кәсіподақ ұйымы болған. Кәсіподақ кеңсесінен тәркіленген материалдардың тізімі жасалмаған. Олардың қайда екенін де білмейміз. Ал сол материалдардың арасында қамаудағылардың кінәсіздігін дәлелдейтін құжаттар бар, бірақ оған қолымыз жетпей отыр, - деді Төлеген Шаиков Азаттыққа.

ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов Қаламқас кеніші басшылығына жұмысшылар талабын мәлімдеп тұр. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.
ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов Қаламқас кеніші басшылығына жұмысшылар талабын мәлімдеп тұр. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.

Ол Елеусінов пен Құшақбаевқа қорғаушы болғалы осы кезге дейін адвокаттық тәжірибесінде кездестірмеген шектеулерге тап болғанын айтты.

- Елеусіновті қаңтарда Астанаға туфлимен алып келгендіктен ол менен кебіс, мешіттен арнайы жақпа май әкеліп беруімді өтінген еді. Сұрағандарын әкелгеніммен әлі күнге дейін оған бермеген, қазір ол камерада жүн етікпен (угги) жүруге мәжбүр. Оның жүрегі мен буындары ауырады. Қорғауымда болған өзге адамдарға қатысты мұндай шектеуді бұрын-соңды көрмегенмін, - дейді адвокат.

Төлеген Шаиков мұның бәрін тұтқынға көрсетіліп отырған қысым деп бағалайды.

- Оларды қылмыстық іспен таныстырмады. Біз Елеусінов пен Құшақбаевқа қылмыстық істің көшірмесін бергенімізбен оларға бермеді. Екеуінің де процессуалдық құқы сақталмай отыр, - дейді Төлеген Шаиков.

Сонымен бірге ол әріптесі Гүлнәр Жуаспаева екеуі де түрлі кедергілерге тап болғанын айтады.

Елеусінов пен Құшақбаевқа келген сайын қиындықтарға кезігеміз, біздің құқымыз бұзылып, адвокаттық досьеміз тексеруге түседі. Қамаудағыларға өздеріне қатысты біз әкелген интернет материалдарды, газеттерді бергізбейді.

- Елеусінов пен Құшақбаевқа келген сайын қиындықтарға кезігеміз, біздің құқымыз бұзылып, адвокаттық досьеміз тексеруге түседі. Қамаудағыларға өздеріне қатысты біз әкелген интернет материалдарды, газеттерді бергізбейді, - дейді Төлеген Шаиков.

Адвокат Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде қорғауындағы адамдармен кездесу үшін ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр екенін, қамалғандарға да, олармен кездесуге келушілерге де жағдай жасалмағанын айтады.

- Тергеу абақтысында адвокаттарға арналған бөлмеде жылу мүлде жоқ, алып тастаған. Түрмеде ыстық су мүлде жоқ. Қамаудағылар суық сумен жуынып, ыдыстарын да суық суға жуады, - дейді Төлеген Шаиков.

ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ МЕН ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІНІҢ УӘЖІ

Азаттық тілшілері Астанадағы тергеу абақтысы - ЕЦ-166/1 мекемесі бастығы міндетін атқарушы Марат Оралбаевтан Әмин Елеусіновтің қамаудағы жағдайы, оның «кінәсін мойындағаны» туралы видеоның қалай түсірілгені туралы сұрақ қойған еді.

- Күн сайын менің алдымнан 600 адам өтеді, бәрін есіме сақтай алмаймын. Сіз маған келіңіз, мүмкін есіме түсіретін шығармын, - деді ол телефон арқылы Азаттыққа.

Алайда кейін Оралбаев өзімен кездесуге арнайы барған Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, Елеусінов пен Құшақбаевқа қатысты барлық сауалдарға жауапты ішкі істер министрлігінен алуға кеңес берді.

Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың Азаттыққа жауабы:

Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов Әмин Елеусіновтің "мойындау" видеосы жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:43 0:00

Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Азаттыққа Әмин Елеусіновтің «мойындауы» жайлы видеоны көрмегендіктен ештеңе айта алмайтынын айтты.

- Ондай видео түсірілгенде адвокат, тергеушілер қатысып отырады. Негізі органдар оны жарияламайды. Ол іске тіркеліп, сот тергеуінде пайдаланылады, адвокаттарға беріледі, - деді Рашид Жақыпов.

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Азаттыққа жолдаған жауабында Астана қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/1 мекемесінен қамауда отырған Әмин Елеусіновтің «кінәсін мойындау» туралы арызы ақпанның 9-ы келіп түскені айтылған. «Арызды аталған мекеме қызметкері қабылдаған. Бұл арызда бейнежазба туралы мәлімет жоқ. Сондықтан оны кім түсіріп, таратқаны туралы ақпарат бере алмаймыз» делінген хатта.

Маңғыстаудағы ОСС компаниясы жұмысшылары құрамына өздерінің кәсіподақ ұйымы енетін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсылық білдіріп қаңтардың 5-інен 22-іне дейін Ақтауда аштық акциясын өткізген. Оған Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде бірнеше жүз адам қатысқан.

ВИДЕО: Соңы сотқа ұласқан аштық (қаңтардың 25-і жарияланған)

Соңы сотқа ұласқан аштық
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:24 0:00

Қаңтардың 20-сы күні OCC компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты полиция ұстап, Ақтаудан Астанаға жеткізген соң сот шешімімен екеуін екі айға тұтқындаған. Ақтау қаласының прокуроры «наразылық акциясы – заңсыз» деген сот шешімін орындауды талап етіп, аштық жарияланғандардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған соң наразылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан. Кейін наразылық акциясына қатысқан 63 мұнайшыға азаматтық және әкімшілік сот арқылы 20-дан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке тең (1 АЕК – 2269 теңге) айыппұл салынып, сот жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеуді міндеттеген.

ОСС компаниясында екі кәсіподақ ұйымы бар. 2011 жылы компания жұмысшылары кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы өз құқықтарын қорғамайды деген уәжбен тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құрып, оған жетекшілікке Әмин Елеусіновті сайлаған. Құрамында 2000-нан астам мүшесі бар бұл кәсіподақ ұйымы 2015 жылы еңбек кодексінің жаңа редакциясын қабылдауға қарсылық білдірген еді.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан билігінен ОСС компаниясы кәсіподағы лидерлері Әмин Елеусінов мен Нұрбек Құшақбаевты қудалауды доғарып, екеуіне бостандық беруді талап еткен.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Елеусінов пен Құшақбаевты босату үшін Астанаға ықпал етуге шақырған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Air Astana ұшағына не болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:25 0:00
Португалиядағы оқиға

Air Astana ұшағына не болды?

XS
SM
MD
LG