Accessibility links

Қолайсыз кәсіподақ ұйымы


Жариялаған аштықтарының заңсыз екені жөнінде сот орындаушылар сөзін тыңдап отырған мұнайшылар. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстаулық мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын аштық акциясы арқылы аман алып қала алмады. Кәсіподақ бірлестігі қызметкерлері соттың оны жабу жайлы шешіміне қатысты апелляциялық шағым бермек. Бірақ өздері ұйымды билікке қолайсыз деп атайды.

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы 2016 жылғы ақпанның 12-сі күні құрылған еді. Кәсіподақ мүшелері бұл конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. 2014 жылғы шілдеде кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (оны да Лариса Харькова басқарған) тіршілігін тоқтатып, амалсыз Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы құрылған. Харькованың сөзінше, жаңа конфедерация алдыңғы ұйымның орнына құрылған. Бірақ Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан,

ТЕҢ ҚҰҚЫҒЫ БАР

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы 2016 жылғы желтоқсанда халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) тең құқықты мүшесіне айналған. Қазақстан президенттігіне бұрынғы кандидат Әбілғазы Құсайынов басқаратын тағы бір қазақстандық бірлестік - Қазақстан кәсіподақтары федерациясы да оған 2015 жылдан бері мүше. Бірақ бұл кәсіподақ ұйымы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы тап болған проблемаларға ұшыраған емес. Қазақстан кәсіподақтары федерациясының орталық кеңсесі Астана қаласында жұмыс істеп тұр.

Жабылатын ұйым қызметкерлерінің сөзінше, Қазақстанда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жергілікті республикалық бірлестік ретінде танығысы келмейді.

- Республикалық үш жақты комиссияға федерация сияқты біз де мүшеміз, шешілуі тиіс проблемаларды үкімет деңгейінде біз де қозғап жүрміз. Бірақ билік әлгі мәселелерді дұрыс қозғап, бейбіт жолмен талқылау үшін бізді келіссөз жүргізуге жарамайтын ұйым санайтын сияқты, - дейді конфедерацияның баспасөз хатшысы Людмила Экзархова Азаттыққа.

2017 жылғы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты (іс заңды тұлға тіркелген және Лариса Харькованың тұрғылықты орны бойынша қаралған) тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы президенті Лариса Харькова.
Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы президенті Лариса Харькова.

Бірақ әлі апелляция мен кассация беру құқығы бар ұжым ұйымды аман алып қалу үшін күреспек. Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы ұжымы халықаралық ұйым мүшесін жоя салуға болмайды деп санап, әлгі құқығын пайдалануды жоспарлап отыр.

Сот шешімі шыққан күннің ертеңі - қаңтардың 5-сі күні Маңғыстау облысы мұнайшылары Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жоюға қарсы шықты. Бес жыл бұрын осы облыстағы Жаңөзен қаласында мұнайшылардың көп айға созылған наразылық акциясын билік қуып таратып, оқиға қантөгіспен аяқталған еді. Ақтау қаласында Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы жойылса, жұмыс берушіге талаптарымыз жетпей қалады» деп мәлімдеп, аштық жариялады. ОСС кәсіпорнының тәуелсіз кәсіподағы осы конфедерация құрамына кіреді. Наразы мұнайшылар «жұмысшылардың құқығын қорғамайтын» ресми кәсіподақ ұйымында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген.

Кәсіподақтар конфедерациясы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, Қазақстанда көп адам жұмыс істейтін ірі ұжымдар кәсіподақ қана емес, ұжымдық келіссөздерде талқыланып, қабылданатын және қорғалатын ұжымдық шарттардың маңызын да жақсы түсінеді.

Біз жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы проблемаларды ашып айтатын болғандықтан қолайсыз ұйымға айналдық.

- Біз жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы проблемаларды ашып айтатын болғандықтан қолайсыз ұйымға айналдық. Арбитраж, сот процестері, ұжымдық келіссөздер жүргізу сияқты процедураларды еңбек кодексіне сәйкес жүргіземіз. Шенеуніктердің де, бизнес құрылымдардың да пікіріне тәуелді емеспіз, - дейді Людмила Экзархова.

Қаңтардың 4-індегі сот шешіміне байланысты Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы төрайымы Лариса Харькова Азаттыққа "конфедерация кәсіподақтар туралы заңның 10-бабында талап етілген алты ай мерзімде қайта тіркеліп үлгермеді деген желеумен жабылды" деген болатын. Оның сөзінше, тіркеуге берілетін алты ай ішінде 40 бөлімшенің тек 20-сын ғана тіркетудің сәті түскен.

Ұйымның баспасөз хатшысы "республикалық үлкен құрылымды алты айда құру өте қиын болғанын" айтады. Өйткені "құжаттарды өткізудің әр кезеңінде Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясына кедергілер жасалып, тиісті мекемелер құжаттарын қабылдаудан бас тартып отырған".

- Бізге біресе үтірді дұрыс қоймапсыңдар, біресе тіркелу үшін 0,5 тиынды жеткізбей төлепсіңдер деп сылтауратты. Тіркеуден бас тартуға себеп болған бүкіл мәліметтерді жинап, олардың Қазақстан заңдарына қаншалықты сәйкес екенін қараймыз. Біз кәсіподақтар туралы заңға бағынамыз, ал олар бізді тіркеуден қоғамдық ұйымдар туралы заңға сүйеніп бас тартады. Яғни біздің қай заң бойынша жұмыс істеуге тиіс екеніміз әлі анық емес, бұл заң нормаларында көрсетілмеген, - дейді Людмила Экзархова.

«АРТЫҚ БУЫН КӨРЕДІ»

Қаңтардың 11-і күні Лариса Харькованың пәтері мен конфедерация кеңсесінде тінту жүргізген. Харькованың мәлімдеуінше, оның компьютерін және кәсіподақ ұйымы бухгалтерінің құжаттарын алып кеткен.

Қазақстан билігінің Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясына қатысты әрекетін штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы айыптаған болатын.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильмсон.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильмсон.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильмсон Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, жұмысшылардың еркін бірігуіне мүмкіндік беруі тиіс деп мәлімдеген. Адвокатқа сілтеме жасаған HRW ұйымы Харькова кәсіподақ ұйымы қаржысын жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Бұған қоса, HRW Қазақстан билігін ақша жымқыруға қатысты бұлтартпас дәлелдерді дереу көрсетуге әйтпесе тәуелсіз кәіподақ белсенділерін қудалауды тоқтатуға шақырған.

Саясаткер Серікболсын Әбділдиннің сөзінше, Қазақстанда мемлекет қысымына ұшырамайтын тәуелсіз қоғамдық ұйым жоқ.

- Режим жұмысшыларды қорғауға мүдделі емес, өйткені ол жұмысшы табын инвесторлардың езгісіне салып қойған. Шетелдік кәсіпорындар көбінесе біздің адамдарды жалдаған кезде ойларына келгенін істейді. Олар [инвесторлар] сырттан әкелген біліктілігі біздің адамдармен бірдей жұмысшылар 6-8 есе көп ақша алатыны ешкімге құпия емес. Билік тәуелсіз кәсіподақтарға жанжал тудыруы мүмкін артық буын ретінде қарайды, - дейді ол.

Ал маңғыстаулық мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын аман алып қалуға тырысқан әрекеті қамау және айыппұл салумен ақталды. Олардың аштық акциясы жергілікті биліктің талабымен тоқтатылды. Аштық жариялағандардың 15-іне айыппұл салынды. Сол күні мұнайшылардың наразылық акциясы басшылары – ОСС жұмысшылары кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев ұсталды. Екеуінің адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваның айтуынша, Елеусіновке «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салды», ал Нұрбек Құшақбаевқа «заңсыз ереуілге қатысты» деген айып тағылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG