Accessibility links

Аштық жариялаған жұмысшы көбейіп келеді


ОСС компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Ақтаудағы OCC компаниясының кәсіподақтар кеңсесінде аштық ұстап жатқан жұмысшылар қатарын Қаламқас пен Жетібай кеніштерінен, вахталық ауысымнан келген мұнайшылар толықтырды. Олар «Нұр Отан» партиясын талаптарына құлақ асуға шақырады. Ал партияның облыстағы бөлімшесі ондай арыз түспегенін айтады.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясының жүздеген мұнайшысы республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді сұрап, аштық жариялағандарына екі аптаға таяды болды. Олардың қатарын қаңтардың 17-сінен бері компания қызмет көрсететін Қаламқас және Жетібай кеніштерінен келген жүздеген мұнайшы толықтырып, алғашқыда 90-нан астам болған наразы жұмысшының саны қазір 400-ге тақады.

Cолардың бірі, үш баланың анасы, ОСС компаниясының жұмысшысы Ақзер Нұржанова:

Мен ана ретінде, жұмысшы ретінде, Маңғыстаудың тұрғыны ретінде ат салысуға келіп тұрмын. Бүгіннен бастап аштық жариялаймын.

- Даусымыз билік құлағына жетпесе, мәселемізді заң аясында шешпесе, біз бәріміз жатуға дайынбыз. Мен ана ретінде, жұмысшы ретінде, Маңғыстаудың тұрғыны ретінде ат салысуға келіп тұрмын. Бүгіннен бастап аштық жариялаймын, - деді.

Оның сөзін қоштағандар талаптарының тек біреу екенін тағы қайталады. «Билік дауысымызға құлақ ассын, республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркесін», «тәуелсіз елге - тәуелсіз кәсіподақ» деп дауыстады олар.

Аштық жариялаған ОСС мұнайшылары өздерінің «Нұр Отан» партиясының мүшелері екенін айтып, партияның облыстағы филиалына реніштерін білдірді.

ВИДЕО: Аштық жариялаған жұмысшылар:

ОСС машинисі Мақсат Төпеев қаңтардың 9-ы күні барып Ақтаудағы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасарларының бірі Мұхамбет Жүнбасовпен кездескенін, оның келуге уәде бергенін айтты.

- Бүкіл халық, осы арадағы жұмысшылар «Нұр Отанға» жарна төлеп жатыр. Оны не үшін төлеп жатыр халқын қорғамаса, жаны ашымаса. Неге келіп хабарын алмайды? Біз ақша үшін жатқан жоқпыз бұл жерде. Тәуелсіз кәсіподақты қорғау үшін жатырмыз. Қаншама адам жатыр аштықта? - дейді Иманғали Молдағалиев.

«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева «мұнайшылардың аштық жариялағандарынан хабардар екенін, бірақ заңсыз болғасын, бармай отырғанын» айтты. Халила Нұрғалиева олардың «Нұр Отанға» келгенін теріске шығарып, «арнайы арызданбады» дейді.

- Олар бізді тыңдамайды. Бізге арызданған жоқ. Арыз жазса келеміз, -деді Халила Нұрғалиева.

40 жыл бойы ОСС компаниясына жұмыс істеп келе жатқан Мақсат Тасыбаев «облыс прокуроры орынбасары мұнайшыларды Астанаға келісім үстеліне шақырып, кейін оны екі күнге кейін қалдырғанын» айтты.

Бұл қалай сонда? Халық толқулы. Айтылған заттардың елбасына жетпеуі мүмкін емес.

- Бұл қалай сонда? Халық толқулы. Айтылған заттардың елбасына жетпеуі мүмкін емес, - деді ол.

Маңғыстау облысы прокуроры орынбасары Ержан Бердібеков Азаттыққа бұл мәселеге байланысты комментарий бермеді. Ол ұйымдастыру бөлімінің прокуроры Айбек Мұнатов арқылы ресми хат жолдауды сұрады. Маңғыстау облысы әкімінің мінетін уақытша атқарушы Сүйіндік Алдашев та «жиналыстан қолы босамағандықтан» комментарий берген жоқ.

ОСС тәуелсіз кәсіподағы 2011 құрылған. Оның1611 мүшесі бар. ОСС компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас ,Жетібай кеніштеріне қызмет көрсетеді. Оның 400-ден астам мұнайшысы тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жабылуына наразылық білдіріп қаңтардың 5-cінен бері аштық жариялап жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты қаңтардың 4-і күні кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жабу туралы шешімін жариялаған болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG