Accessibility links

Маңғыстау мұнайшылары еңбек кодексін депутаттармен талқылағысы келеді


Астанаға барған Маңғыстау мұнайшылары делегациясының парламент ғимараты алдында түскен суреті. Астана, 7 кыркуйек 2015 жыл.
Астанаға барған Маңғыстау мұнайшылары делегациясының парламент ғимараты алдында түскен суреті. Астана, 7 кыркуйек 2015 жыл.

Еңбек кодексі жобасына наразы Маңғыстау мұнайшылары Астанаға барып, мәжіліс депутатымен кездесті. Олар «Серік Оспанов кодексті қарайтын комиссияға бір өкілімізді кіргізуге уәде берді» дейді. Ал депутатпен хабарласу мүмкін емес.

10 адамнан тұратын Маңғыстау мұнайшыларының делегациясы Қазақстан парламенті мәжілісіне қыркүйектің 7-сі күні барған. Мұнайшылармен мәжіліс депутаты Серік Оспанов кездескен.

Мәжіліс депутаты Серік Оспанов. Сурет Қазақстан Рсепубликасы парламенті мәжілісінің ресми сайтынан алынды. 2015 жылдың қыркүйегі.
Мәжіліс депутаты Серік Оспанов. Сурет Қазақстан Рсепубликасы парламенті мәжілісінің ресми сайтынан алынды. 2015 жылдың қыркүйегі.

Астанаға мұнайшылар делегациясы құрамында еңбек кодексінің жаңа жобасына қарсы екенін білдіруге барған Маңғыстаудағы Oil Construction Company (ОСС) мекемесі кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов:

- Маңғыстаудан сайланған депутат Серік Оспанов бізге қыркүйектің 11-і күні жаңа кодекске байланысты талаптарды жазбаша түрде беруді және бір адамды өкіл етіп жіберуді ұсынды. Оны жаңа жобаны талқылайтын жұмыс комиссиясына кіргізуге тырысамын деп уәде берді, - деді Әмин Елеусинов.

Оның айтуынша, «делегация жұмысшылардың еңбек кодексінің жаңа жобасына ұсынған талаптары ескерілмесе, олардың аштық жариялайтыны туралы хатты да тапсырған».

Азаттық тілшісіне депутат Серік Оспановпен екі күн бойы хабарласу мүмкін болмады. Ал өзін «Серік Оспановтың көмекшісі» деп таныстырған парламент қызметкері:

- Қазір ол кісі мүлде бос емес. Төрт заң жобасы бар. Сіздерге жауап бере алмайды. Уақыты тығыз. Ол кісінің мұнайшылармен кездескені рас. Ал мұнайшылармен кездесуде не сөйлескендерін айта алмаймын, – деді.

«КОДЕКС БІЗСІЗ ҚАБЫЛДАНАДЫ МА ДЕП УАЙЫМДАЙМЫЗ»

Бұған дейін, шілде айында Маңғыстаудағы мұнай өндірісіне қатысы бар 16 кәсіпорынның кәсіподақтары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер министр Кәрім Мәсімовтың атына хат жолдап, «еңбек кодексінің жаңа редакциясымен мүлде келіспейтіндерін» мәлімдеген еді. Олар «жаңа жобадағы бірқатар өзгерістер жұмыс берушіге тым көп мүмкіндіктер беріп, жұмысшылардың құқықтарын бұзады» деп есептейді.

Мұнайшылардың президент пен премьер-министрге жазған хатына жауап денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінен тамыздың 24-і күні келді. онда «Кодекс жобасында бір жағынан әлеуметтік қорғау мен әділдікті, екінші жағынан экономикалық тиімділікті сақтау қарастырылған. Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу туралы сіздердің ұсыныстарыңыз ескеріледі» деп жазылған.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған мұнайшылар Астанаға делегация аттандырған. Оның құрамында Oil Construction Company (ОСС) мекемесі кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов, «Емир Ойл» ЖШС кәсіподақ ұйымы жетекшісі Берік Сартов, «Техно Трэйдинг» ЖШС кәсіподағы ұйымы өкілі Аралбек Өтепқалиев, ОСС кәсіподақ ұйымы өкілдері Валерий Пахомов, Құспан Қосшығұлов, Қанат Ермекбаев, Ержан Естеков, Мақсат Төреев, Серікқали Бекқұлов және осы мекеменің еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторы Нұрбек Жақсылықұлы болған.

ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.
ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.

Делегация депутатпен жолыққанымен, биліктің еңбек кодексі жаңа жобасын талқылауға өздерін қатыстыратынына күмәнданады. ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусинов:

- Біздің күдігіміз әлі тарқаған жоқ. Еңбек кодексінің жаңа жобасы мұнайшылар қатысуынсыз қабылданып кете ме деп уайымдайымыз, - дейді.

Мұнайшылар енді еңбек кодексінің жаңа жобасына ұсыныстарын қағазға түсіріп, қыркүйектің 11-і күні бір өкілдерін Астанаға аттандырмақ.

Парламентке жеткен еңбек кодексінің жаңа редакциясын талқылайтын комиссиялар жұмысы қыркүйек айында басталады деп хабарланған. Жобаны дайындаушы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, «жаңа кодекстің маңызды ерекшелігі – онда жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастарды өздігінен және ұжымдық шарт арқылы реттеу принциптері қарастырылған». Қазіргі еңбек кодексі 2007 жылы қабылданған.

XS
SM
MD
LG