Accessibility links

Ақтауда аштық жариялағандарды билік жазаға тартты


Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Ақтауда тәуелсіз кәсіподақ конфедерациясын тіркеуді талап еткен аштық акциясын тоқтатты. Оған қатысқан 15 адамға сот айыппұл салды. Кәсіподақ лидерлері Астанаға жеткізіліп, абақтыға қамалды.

"СОТ ТҮН ОРТАСЫНА ДЕЙІН ЖАЛҒАСТЫ"

Ақтауда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ кеңсесінде екі аптадан астам уақыт жалғасып жатқан жаппай аштық акциясы сенбі күні түс шамасында полиция талабы бойынша тоқтатылды. Кеңседен шыққан жұмысшыларды есік алдында тосып тұрған полиция қызметкерлері тізімге алып, қолдарына Ақтау ішкі істер басқармасына шақыртылатыны туралы қағаз тапсырды.

Бірнеше күн бойы тамақ ішуден бас тартып, қалжыраған мұнайшылардың кейбіріне полиция әкімшілік іс қозғап, сенбі күні кешке олардың ісін Маңғыстау облыстық ауданаралық әкімшілік соты қарады.

Сотқа полицияның хаттамасы негізінде 15 адам - Серік Балжігіт, Жамбыл Бекешов, Ержан Болатбек, Тахир Ерданов, Қайрат Ерекешов, Мақсат Жайлаубаев, Құсайын Жылқышиев, Мұханбет Қаржаубаев, Зейнелғабиден Қойшығұлов, Құспан Қосшығұлов, Анарбек Құлжанов, Иманғали Молдағалиев, Нұрсұлтан Мұхамедиев, Валерий Пахомов пен Мақсат Тасыбаев жеткізілді.

Әкімшілік сот отырысы ашық деп жарияланғанымен Азаттық тілшісін кіргізбеді. Сот залына жұмысшыларды бірнеше топқа бөліп кіргізіп, шығарып жатты. Бір мезгілде сот өтіп жатқан залдан шығарылған және кіреберісте тұрған бірнеше мұнайшыны полиция қызметкерлері екі жеңіл көлікке салып белгісіз жаққа алып кетті. Оларды қайда апара жатқаны туралы журналистің сауалына полиция өкілдері жауап берген жоқ.

Аштық акциясына қатысқаны үшін сот айыппұл салған мұнайшыларды полиция салып алып кеткен автобус. Ақтау, 21 қаңтар 2017 жыл.
Аштық акциясына қатысқаны үшін сот айыппұл салған мұнайшыларды полиция салып алып кеткен автобус. Ақтау, 21 қаңтар 2017 жыл.

Кешкі сағат тоғыздың шамасында Маңғыстау облысы бойынша сот әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аманбек Қалпақов "сот жұмысы бүгін осымен аяқталды" деп хабарлаған соң сот залынан шыққан қалған мұнайшыларды полиция арнайы автобуспен белгісіз жаққа алып кетті.

Алдыңғы екі жеңіл көліктің бірінде болған Құспан Қосшығұлов кейін Азаттық тілшісіне өздерін полицияның қайда апарғанын айтып берді.

- Мені Тахир Ерданов, Серік Балжігіт, Қайрат Ерекешов және Анарбек Құлжановпен бірге "наркологиялық орталыққа тексеруге апарамыз" деп көлікке салып, қала шетіне алып шықты. Қолдарындағы рациядан журналистің сот ғимаратынан кеткенін естіген соң бізді қайтадан сот залына әкелді. Онда Валерий Пахомов отыр екен. Сот түнгі сағат екіге дейін жалғасты. Маған 50 айлық есептік көрсеткіш, ал қалған адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды, - деді Құспан Қосшығұлов Азаттыққа. Айлық есептік көрсеткіш мөлшері қазір 2269 теңге теңге, немесе 6,8 долларға тең.

Әкімшілік сот 15 адамды Қазақстан әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488-бабын (заңсыз шеру, митингі, пикет өткізу) бұзғаны үшін айыпты деп танып, айыппұл салған. Бұл адамдардың кейбірі соңғы үш күннің ішінде осымен екінші рет әкімшілік сотқа тартылып отыр. Қаңтардың 19-ы күні Ақтау соты OCC компаниясының аштық жариялаған жұмысшылардың үстінен берген шағымын қарап, наразылық акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуды міндеттеген.

КӘСІПОДАҚ ЛИДЕРЛЕРІ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Астананың Алматы аудандық соты қаңтардың 21-і күні Маңғыстау облысында екі аптадан астам уақыт аштық жариялап келген жүздеген мұнайшыларға жетекшілік еткен Oil Construction Company компаниясы кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты екі айға тұтқындауға санкция берді. Ол екеуі соның алдында Астанадан Ақтауға жеткізіліп, қылмыстық айыптар тағылған. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева хабарлады.

- Мен екі күн бойы олармен кездесе алмай, ордерімді тапсыра алмай жүрмін. Маңғыстау облыстық ішкі істер департменті маған олардың қайда екенін айтпады, ұсталғаны туралы хаттаманы көрсетпеді. Олар туралы ақпаратты туыстары тек қаңтардың 21-і күні ғана білді, - дейді Гүлнәр Жуаспаева.

Адвокаттың айтуынша, тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу), Нұрбек Құшақбаевқа 402-бап бойынша (заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруды арандату) айыптар тағылған.

Әмин Елеусіновті қаңтардың 20-сы күні таңертең Ақтаудағы үйінің жанынан полиция қызметкерлері ұстап, күштеп көлікке салып алып кеткен. Кәсіподақ лидерін полицияның қалай ұстағанын көрген кейбір тұрғындар оны видеоға түсіріп алған.

Әмин Елеусіновті полиция ұстағанын түсірген әуесқой видеосы:

Ақтаудағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесіне сенбі күні таңертең келген Ақтау қаласы прокуроры Марат Тойжан наразылық акциясын өткізіп жатқандардан кеңсені босату туралы сот шешімін орындауды талап еткен.

- Сіздер сот шешімін орындамай, мемлекетке қарсы шығып отырсыздар. Сіздердің бұл отырыстарыңыз ештемеге әкелмейді, сіздердің сұрақтарыңыз шешілмейді, - деді прокурор.

Ақтау прокуроры Марат Тойжанның наразыларға айтқаны:

Қаңтардың 5-і күні Маңғыстауда мұнай саласына қызмет көрсететін OCC компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын бастаған. Олар құрамына өздерінің кәсіподақ ұйымы енетін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылуына қарсылық білдіріп, ұйымды тіркеу туралы талап қойған. Қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан конфедерация "заңмен белгіленген мерзімде жергілікті филиалдарын тіркеуден өткізбегені" үшін жабылатыны туралы шешімін жариялаған болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG