Accessibility links

Мұнайшылар «заңсыз» аштықты тоқтатпайтындарын айтады


Жариялаған аштықтарының заңсыз екені жөнінде сот орындаушылардың сөзін тыңдап отырған мұнайшылар. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Жариялаған аштықтарын «заңсыз» деп таныған Ақтау соты шешімімен мұнайшылар келіспейді. Бұған дейін жағдайды сырттай бақылып келген «Емир-Ойл» мекемесі кәсіподағы наразы жұмысшыларды қолдайтынын мәлімдеді.

OCC-нің жүздеген жұмысшысы Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап етіп, аштық жариялап жатқалы екі аптадан асты. Қаңтардың 18-і OCC сегіз жұмысшысының үстінен шағым түсіріп, жұмысшыларды компания кәсіподағы кеңсесіндегі аштық акциясын тоқтатуға, кеңсені босатуға міндеттеуді сұраған. Қаңтардың 19-ы Ақтау соты жұмысшылар аштығын «заңсыз» деп, оны тоқтату, кеңсені босату туралы шешім шығарды.

Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Сол күні күні кешке қарай ОСС кәсіподағы кеңсесіне, мұнайшылар арасына Ақтау қаласы сот орындаушылары бөлімі басшысы Асылбек Кенжебаев келді. Ол аштық «заңсыз» деген сот шешімі қолына кешкі сағат 18:30-дар шамасында тигенін, шешімді орындауға келгенін хабарлады.

Сот өкілі шешімнің орыс тілінде шыққанынын айтып, оны аударып оқып бермек болды. Мұнайшылар «Шешімді неге қазақ тілінде әкелмейсіз? Онда сегіз адамнан басқамыздың атымыз жоқ. Біз аштық жариялайтынымыз туралы ұжым болып емес, әркім жеке жаздық» деп, тыңдаудан бас тартты. Oil Construction Company (OCC) компаниясының Қанат Сағызбаев есімді жүргізушісі:

Менің келіспейтін себебім - арызды жеке жаздым. Маған қатысты ешқандай сот шешімі шыққан жоқ. Сондықтан тәуелсіз кәсіподақтың жандануына қолдауымды жасап отыра беремін.

- Мәселен, менің келіспейтін себебім - арызды жеке жаздым. Маған қатысты ешқандай сот шешімі шыққан жоқ. Сондықтан тәуелсіз кәсіподақтың жандануына қолдауымды жасап отыра беремін, - деді.

Сот орындаушысымен қатар келген Ақтау қаласы прокуроры Марат Тойжан «ешкімнің де күшпен шығарылмайтынын, тек сот шешімін хабарлауға келгенін» айтты. Оған мұнайшылар «сот әділетсіз өтті» деп, «судьяға берген қарсылықтарының ескерілмегенін» мәлімдеді. ОСС жұмысшысы Алқабай Ықыласұлы:

- Қайда барып тығыламыз енді?! Біз отыратын жалғыз ұя тек осы кәсіподақ кеңсесі, - деді.

«ЕМИР-ОЙЛ» КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Қаңтардың 19-ы Маңғыстаудағы мұнай-газ кеніштерін барлау және бұрғылау қызметтерін көрсететін «Емир-Ойл» компаниясы кәсіподақ ұйымы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа «мәселені шешуге араласуды» сұраған хат жолдады. Олар мәселеге назар аударылмаған жағдайда өздерінің де «наразылық акциясына қосылатынын» ескертеді. Мұндай хат Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың атына да жолданған.

Конституцияға, Қазақстан ратификациялаған Ассоциация бостандығы жөніндегі конвенцияға сілтеме жасалған ол хатта «...жұмысшылардың осындай наразылыққа баруының себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құру арқылы мәселеге араласатын уақыт жетті» деп жазылған.

"Емір-Ойл" кәсіподағы ұйымы төрағасы Берік Сартов. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.
"Емір-Ойл" кәсіподағы ұйымы төрағасы Берік Сартов. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.

Бұдан бөлек, «Емир-Ойл» кәсіподағы жергілікті «Қазақстан-Ақтау» арнасының қаңтардың 17-сі көрсеткен мәліметі шындыққа сай келмейді деп есептейміз. Азаматтардың 2017 жылғы қаңтардың 5-інен бері аш жатқанын қаперлеріңізге сала отырып, «Емир-Ойл» ЖШС жұмысшылары атынан ОСС мекемесіндегі жұмысшылардың мәселесіне тез арада араласып, шешілмеген жағдайда наразылық акцияларын өткізетінімізді баяндаймыз» деп ескертеді. «Емир-Ойл» кәсіподағы төрағасы Берік Сартов:

- Республикалық кәсіподақтар федерациясын толыққанды кәсіподақ деп санамаймын. Біз оның құрамында 2010-2016 жылдары болдық. Ешқандай талаптарымызға қолдау көрмедік. Оның құрамында бүкіл «Қазмұнайгаз» жүйесіндегі кәсіподақтар біріккен. Егер мына тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы тіркелсе, ресми федерациядан талай кәсіподақтың шығып кететініне сенімдімін,- дейді.

КЕЗДЕСУ

Аштық жариялаған мұнайшылармен қаңтардың 18-і күні Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев, облыс прокуроры Дастан Сартаев пен оның орынбасары Ержан Бердібеков кездесті. Облыс билігімен болған кездесуді видеоға жазған мұнайшылардың айтуынша Алик Айдарбаев аштық жариялағандарға қарата «бұл сендер араласатын соғыс емес» деген. ОСС дәнекерлеушісі Ғалымбек Отжанаев:

- Әкім бізге «Неге ОСС жұмысшылары тәуелсіз кәсіподаққа кіргісі келеді? Неге басқа мұнайшылармен бірге болмайсыңдар? Сендер қалай тәуелсіз бола аласыңдар? Сендер үлкен мекемесіңдер ме? Бұл жігіттер сендерді қайда итеріп жатыр? Бұл сендердің соғыстарың емес» деді. Біз соғысып жатқан жоқпыз, біз тек өз құқығымыздың орындалуын қалап отырмыз,- дейді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің осы мәселе бойынша ресми хабарламасында «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы төрайымы Лариса Харькованың «аштық жариялау – бұл мәселені шешудің жолы емес» деген мәлімдемесіне қарамастан, кәсіпорын қызметкерлері негізгі талаптарының (Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талапты айтады – ред.) орындалуын үзілді-кесілді алға тартып отыр» деп жазды.

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы төрайымы Лариса Харькова. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы төрайымы Лариса Харькова. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Хабарламада «Маңғыстау облысы әкімдігі тарапынан білікті медициналық көмек көрсету үшін тәулік бойына дәрігерлердің кезекшілігі ұйымдастырылып, компания қызметкерлерінің денсаулығы тексеріліп отырғаны» жазылған.

Ал ОСС бас директоры Серік Әбденов қаңтардың 5-сінен бері нәр татпаған бірнеше адамды Қаламқас және Жетібай кеніштерінен Ақтау қаласы маңындағы нысандарға ауыстырғанын айтты.

- Биіктегі жұмыстарды аштық жариялағандар атқаруына тыйым салдым. Олар жұмысты жерде жүріп жасауға ауыстырылғанымен, [жағдайлары] қауіпті, -дейді Серік Әбденов.

ОСС мәліметінше, Қаламқас кенішінен 25 адам, Жетібай кенішінен 7 адам компанияның Ақтаудағы басқа жұмыстарына ауыстырылған.

ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.
ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Наразы жұмысшылар Республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы басшысы болған Лариса Харькованың ресми хабарламада келтірілген сөзіне қатысты ойларын бірнеше рет білдірген. Қаңтардың 12-сі ОСС жұмысшысы Мақат Жайлаубаев «Біз Лариса Харькова ханымды қолдаймыз деп жатқанымыз жоқ, бізге керегі - тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы, тәуелсіз кәсіподағымыздың өміршеңдігі. Харькова солай айтты екен демейміз. Біз тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қолдаймыз. Болашағымызға керегі сол» деген пікірін айтқан еді.

ВИДЕО: OCC жұмысшысы Жамбыл Байбоздың пікірі

Лариса Харькова қаңтардың 11-і күні Шымкентте баспасөз конференциясын өткізіп, OCC жұмысшыларын аштықты тоқтатуға шақырған болатын.

Қаңтардың 5-сінен бері аштық жариялағандарын мәлімдеген ОСС мұнайшыларының саны осы апта 400-ден асты. Жұмыс берушінің дерегі бойынша, Ақтаудағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде аштық жариялаған мұнайшылар саны - 292 адам. Бұған қоса, ОСС компаниясы директоры орынбасары Дүйсен Атшыбаевтың жұмысшылармен кездесу кезінде айтқан мәліметінше, Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде - 270 адам, Жетібай кенішінде 100- ге тарта адам «тамақ ішуден бас тартқан».

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты қаңтардың 4-і күні кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жабу туралы шешімін жариялаған болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG