Accessibility links

Елеусінов "кәсіподақ жарнасын ысырап етуге" қатысты жауапталды


Әмин Елеусінов, сотқа тартылған мұнайшылар кәсіподағының белсендісі. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.

Маңғыстаулық кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновтің ісіне қатысты жәбірленуші деп танылғандар Астана сотында енді куәгер ретінде түсінік берді. Қашан куәгерге айналғаны және сотталушыдан төрт жыл бұрынғы кәсіподақ жарналарын кері қайтаруды неліктен дәл қазір талап етіп жатқандарын ешқайсысы түсіндіре алмады.

Іске қатысты жайттар Ақтауда болған деп болжанғанымен, Маңғыстаудағы Oil Construction Company (OCC) мұнай сервисі компаниясының кәсіподақ басшысының ісіне қатысты процесс Астананың №2 Алматы аудандық сотында жүріп жатыр. Мұның себебін ресми түрде түсіндірген ешкім жоқ. Үзіліс кезінде сотталушының туыстары істің "саяси астары бар" деген сөзді абайлап айтады.

Әмин Елеусінов қылмыстық кодекстің төрт бабы - "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену, талан-таражға салу" (болжам бойынша, 14,6 миллион теңге), "Билік өкілін жұрт алдында немесе БАҚ яки телекоммуникация арқылы ғайбаттау", "Билік өкіліне бағынбау" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айыпталады.

Бірақ оны қамауға алып, Ақтаудан Астанаға апарар алдында - қаңтарда ОСС компаниясы мұнайшылары Ақтау қаласындағы кәсіпорын кеңсесінде және мұнайшылардың жұмыс орны – Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде екі апта бойы аштық жариялап жатқаны жайлы сотта айтылмайды. Мұнайшылар Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жоюды тоқтатуды талап еткен. Ереуіл кәсіподақтың екі басшысы – Әмин Елеусінов пен сотталып, қазір түрмеде отырған Нұрбек Құшақбаевты сотқа тартуға ұласты.

ЖАРНА ЖАЙЛЫ СҰРАҚ

Сотта Ақтаудан өз ақшасына келгенін мәлімдеген куәгер Жүсіп Шуақбаев 2013 жылы кәсіподақтан шығарып тастағанға дейін тексеру комиссиясының төрағасы болған. Оның сөзінше, кейінірек ол Әмин Елеусіновтен 88 мың теңге кәсіподақ жарнасын қайтарып беруді сұрап, азаматтық талап-арыз берген. Ол сотталушыны кәсіподақ ақшасын жеке басы үшін пайдаланды – "баласына жалдаған адвокатқа төледі", "өзіне пәтер сатып алды" деп айыптады.

Жәбірленуші ретінде 122 мың теңге және 118 мың теңге кәсіподақ жарнасын қайтаруды сұрап талап-арыз берген ақтаулық тағы екі куәгер бар.

Әмин Елеусіновтің сотынан көрініс. Астана, 26 сәуір 2017 жыл.
Әмин Елеусіновтің сотынан көрініс. Астана, 26 сәуір 2017 жыл.

Сотта Андрей Ким баласының оқуының ақшасын жарым-жартылай төлеп беруін сұрап, 2012 жылы кәсіподаққа жүгінгенін, бірақ оның өтінішін орындаудан бас тартқанын айтты.

— Ұжымдық шартқа сәйкес, бізде кәсіподақ алты айдан кемі бір рет ұжым алдында атқарған жұмысы жайлы есеп беруі тиіс. Алдыңғы кәсіподақ төрағасы да жылына бір рет қана есеп беретін, сондықтан мен кәсіподақ мүшелері ретінде бізді мүшелік жарнаны жұмсау сметасымен таныстыруды сұрап, кәсіподаққа жүгіндім. Бірақ 2012 жылы ондай есеп алдым, ал 2013, 2014 жылдары есеп берген жоқ, сондықтан ақша өзге мақсаттарға жұмсалған шығар деп ойлаймын, - дейді Андрей Ким.

Сотта қорғаушы тарап адвокаттарының сұрақтарына жауап берген тағы бір жәбірленуші куәгер Григорий Яковлев егер Елеусінов сотталса, одан өндірілген ақшаның, оның ішінде өзінің де жарналары бар, "сәбилер үйіне аударылғанын қалайтынын" айтты. Куәгерлердің бәрі сотталушы басқарған кәсіподақтан 2013 жылы шығып кеткендерін айтқанымен, ақшаны неліктен дәл қазір өндіріп алғысы келетіндерін түсіндіре алмады.

КӘСІПОДАҚ ЖАРНАСЫ

Әмин Елеусінов Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподағы төрағалығына 2011 жылы сайланған. Жарғыға сәйкес, 1611 адам кәсіподаққа жалақысының бір пайызын аударып отырған. Айыптау актісінде кәсіподақ төрағалығына сайланған соң Елеусіновтің "баю және аса ірі көлемде пайда түсіру мақсатында өзіне сеніп тапсырылған кәсіподақ жарналарын жымқыру жайлы қаскөйлік пиғылы болған" деп жазылған. Тергеу болжамынша, айыпталушы "өзінің қылмыстық әрекеттерімен кәсіподаққа материалдық зиян келтіретінін сезе әрі біле тұра қызметке тағайындалған сәттен бастап біршама соманы жымқырған".

Әмин Елеусінов мұнайшылардың наразылық акциясы кезінде сөйлеп тұр. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.
Әмин Елеусінов мұнайшылардың наразылық акциясы кезінде сөйлеп тұр. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.

Айыптау актісінде Әмин Елеусінов ақшаны "Наурыз мерекесін өткізу үшін тамақ өнімдерін, музыка аспаптарын және сувенирлер сатып алуға жұмсалды" деп есептен шығарып отырған, "ал іс жүзінде кәсіподақ әлгі шараны өткізбеген және тауарлар сатып алмаған" деп көрсетілген. Бұған қоса, кәсіподақ басшысын жеке мүддесі үшін жалдаған адвокаттарға төлеген, санаторийге жолдаманың жұмысшылар жарым-жартылай төлеген ақшасын өзіне қалдырып отырған, мереке және демалыс күндерінде жұмыс істедім деп көрсетіп, ақша алған, бұған қоса 2013 жылы ол белгіленген мөлшерден асырып, өзіне 1,2 миллион теңге жалақы тағайындаған деп айыптайды. Тергеу болжамынша, оның жалақысы 234 мың теңге болуы тиіс. Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, Елеусінов кәсіподақтың 14,6 миллион теңгеден көп ақшасын жымқырған.

"ЖЕРГЕ ЖАТА ҚАЛДЫ"

Билік өкіліне қатысты "қорлау", "бағынбау" және "күш қолдану" әрекеттері деген үш бап бойынша айыптауға негіз болған өзге оқиғалар биылғы қаңтардың 20-сында Ақтауда Елеусіновті полицейлер ұстаған кезде болған еді.

Полицейлердің мәлімдеуінше, әлгі оқиға қарсаңында олар Әмин Елеусіновке ішкі істер басқармасына келу туралы шақырту қағазын табыстаған, бірақ келмеген соң оны мәжбүрлі түрде апару үшін үйіне барған.

Бірақ прокурор Данияр Темірхановтың сотта мәлімдеуінше, Елеусінов оларды көрген бетте "тез-тез басып, үйіне кіріп кетуге тырысқан", сосын барудан бас тартатынын ашық танытып, жерге жата қалған.

Тергеу болжамынша, әлгі әрекеттері арқылы кәсіподақ басшысы полицейлерге "бағынбаған", бұған қоса, олардың "ар-намысын таптап" балағаттаған, ал кейін - полицейлер оны полиция көлігіне отырғызып жатқанда - біреуінің бетінен тізесімен екі мәрте теуіп жіберген. Полицейдің ерні қанталап, денсаулығына жеңіл дәрежеде зақым келгені айтылады.

Азаттық архивінде Әмин Елеусіновті ұстау сәті түсірілген видео бар:

КІНӘ МЕН НАМАЗ

Әмин Елеусінов тағылған айыптарды жоққа шығарған әрі тергеу кезінде түсінік беруден бас тартқан. Ол сотта іс материалдарында кәсіподақ қаражатын жұмсау операцияларына қатысты қаржылық құжаттар жетіспейтінін, оларды тергеу амалдары кезінде тіркемегенін, сондықтан сот кезінде бәрі анықталатынын айтты.

Елеусінов полицейлерге қатысты айыптауларды да мойындамайды.

— Олар маған ордер көрсеткен жоқ, оған дейін де талай болған, бірде "бізбен бірге жүріңіз" деп базарда жаныма келіп, алып кеткен, - дейді Елеусінов.

Сот отырысындағы үзіліс кезінде сотталушының қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Милана Елеусінова Азаттыққа "әкесінің намазға жығылған діндар адам" екенін, бірақ СИ-12 тергеу абақтысында намаз оқуына тыйым салғанын айтты. Бұған қоса, сотталушы белсендінің қызының айтуынша, абақты іші сыз болғандықтан, туыстары оған галош апарып бергісі келген, бірақ абақты қызметкерлері діни киім деп санап, галошты қабылдамай қойған.

— Әлгі іші қызыл түсті кәдімгі галош болатын, қабылдамай қойды. Абақтыға барып, жолыққанімда [әкем] маған онша ештеңе айтқан жоқ, денсаулығы сыр беріп жүргенін ғана айтты, намаз оқуға рұқсат етпейді екен, ол жаққа кітап та кіргізбейді , - дейді Милана Елеусінова.

Наурыз айында БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі бойынша арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан сотының Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабу туралы шешіміне және мұнайшылар Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға наразылық белгісі ретінде аштық жариялап жатқанда қамауға алынған кәсіподақ жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қудалауға алаңдаушылық білдірген болатын. Полиция Елеусінов пен Құшақбаевты қаңтарда тұтқындап, Астанаға апарған. Сәуірдің 7-сі күні Нұрбек Құшақбаев "заңсыз ереуілге шығуға үгіттеді" деген айыппен екі жарым жылға сотталды. Өзіне тағылған айыптарды Нұрбек Құшақбаев та мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG