Accessibility links

Кеншілер ереуілінен не нәтиже шықты?


"АрселорМиттал Теміртау" кеншілері ереуілдеп тұр. Қарағанды облысының әкімдік сайтынан алынған көрнекі сурет.
"АрселорМиттал Теміртау" кеншілері ереуілдеп тұр. Қарағанды облысының әкімдік сайтынан алынған көрнекі сурет.

Қарағанды облысындағы кеншілер төрт күндік ереуіл кезінде айтқан талап-тілектердің біршамасын жұмыс беруші орындады. Ал кейбір өтініштері іске асуы үшін заң өзгеруі тиіс.

Желтоқсанның 21-інде өткен апта ереуілге шыққан Қарағанды облысының кеншілері мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өкілдері құрған комиссияның шешімі жарияланды. Шахтерлар жалақыны көбейтуді, зейнетке шығу жасын 63-тен 50-ге түсіруді, ауру-сырқау кезіндегі жарамсыздық үшін 100 пайыз төлемақы беруді, еңбек жағдайын жақсартуды сұраған.

Теміртау шахтерларының талабы

Кеншілер қойған талаптар

  • Жер астында және үстіңгі жақта жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын 100 пайызға көбейту;
  • Зейнеткерлікке 50 жастан шығу,
  • Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жалақыны толық көлемде төлеу;
  • 2017 жылдың 13-жалақысын төлеу;
  • Жыл басынан бергі жалақыны 100 пайыз индекстеу;
  • Тариф кестесін жою;
  • Шахтаның қауіпті қабатында жұмыс істегені үшін үстеме ақы төлеу;
  • Мердігерлерді шахта штатына ауыстыру;
  • Демалыс үйлері мен санаторийлерге берілетін жолдама санын көбейту.
  • Шахтинск кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу.

Көміршілердің "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтың Азаттыққа айтуынша, көптеген талап-тілектері орындалған. Оның сөзінше, бастамашыл топ бейсенбіден бастап не келісім жасалғанын кеншілерге түсіндіріп жатыр.

— Еңбекақыны (оклад - ред.) 30 пайыз өсіруге, жер астында жұмыс істейтіндердің тарифтік төлемін көбейтуге қол жеткіздік. Ал жер үстіндегі жұмысшыларға 30 пайызға дейінгі аралықта біртіндеп өсетін үстеме төленеді. Одан артыққа қол жеткізу мүмкін емес екенін білдім, ахуал ушығып кетер еді. Жер бетіндегі кәсіпорындар аутстаффинг пен аутсорсингке ұшырамайды, көмір департаментінің қарамағында қала береді, — деді Марат Миргаязов.

Кеншілер мен туыстары келіссөз нәтижесін түрліше бағалайды.

— Жақсырақ болса дегенбіз. Жалпы алғанда көңіліміз толады. Еңбекақыны 30 пайыз өсіру жақсы нәтиже ғой. Басқа біраз мәселе де біздің пайдамызға шешілді, - дейді "Шахтинская" кен орнының жұмысшысы Сергей Азаттыққа.

"Тентектегі" бір кеншінің әйелі:

— Күйеуім енді ешқашан ереуілге шықпаймыз дейді. Бастан-аяқ әділетсіздік, үкіметке үніміз жетпеді деген ойда. Көңіл-күйі болмай жүрді. Ауырып қалды, - деді.

"АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУДЫҢ" ПОЗИЦИЯСЫ

Бейсенбі кешкісін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы келіссөз қорытындысын жариялады. Баспасөз қызметі кеншілердің 28 талап-тілегінің 12-сі компанияның құзыретіне жатпайтынын, сондықтан орындау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Басқа мәселелерге қатысты мәміле жасалған.

Баспасөз мәлімдемесінде: "Шахтерлардың зейнет жасына қатысты, ауруына байланысты жарамсыздық кезеңі үшін, я демалыс кезінде ақы төлеуге қатысты, қайғылы жағдайға ұшыраған кезде зардап шегушінің кінәсін анықтауға қатысты талап-тілектерді Қазақстан республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жібердік. Мәдени демалыс пен спорт ғимараты туралы мәселені шешуді Шахтинск қаласының әкімдігі мойнына алды" деп жазылған.

Шахтерлардың жалақы өсіру туралы басты талабына қатысты "АрселорМиттал Теміртау" былай деп хабарлаған:

"2018 жылғы қаңтардың 1-інен бастап үш ай бойы бір разрядты, ең төменгі шекті тарифті, кәсіпорында бір жылдан көп істеп жатқан жұмыскерлерге, учаске (бригада) кеңесі мақұлдаса, кәсіпорын басшысы келіссе, екінші (орташа) топ тариф ставкалары тағайындалады. Көмір департаментіндегі қызметкерлердің еңбекақысын көбейту мәселесі туралы тұтас шешім қабылданды. Кәсіпорындардағы кадр мәселесі, көмір кәсіпорындарындағы қызметкерлердің демалысы, сыйақысы мен жалақы индексациясы 2018 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енетін жаңа біртұтас ұжымдық келісім-шартта қарастырылған".

Шахтерлар көтерген және бірнеше мәселе бойынша ақпарат жарияланды. Оның ішінде улы газ шығуы мүмкін жер қыртыстары үшін коэффициент төлеу мен техника қауіпсіздігі ережесін бұзғандарға шара қолдану да бар. Компания техника қауіпсіздігі ережесін бұзғандарды сыйақыдан айырмайтын болды және материалдық-техникалық жабдықтарды дер кезінде жаңартуға міндеттенді.

БИЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Қарағанды облысының әкімдігі комиссия жұмысын қорытындылап, екі жақ бәтуаласты деп хабарлады.

Әкімдік таратқан мәлімдемеде облыс әкімі Ерлан Қошановтың мынадай сөздері келтірілген: "Бәріміз қиын жағдайға ұшырадық, бірақ еңбек дауын заң аясында шешіп, келіссөз жасауға кірістік. Қазір шахталар түгел жұмыс жасап тұр. Бастамашыл топ мүшелерінің ендігі міндеті - еңбек ұжымдарына қабылданған шешімдерді барынша анық жеткізу".

Жергілікті билік "еңбекақыны анықтауға қатысты компромисті шешім табылғанын", қалған бірқатар мәселені заң шығару деңгейінде ғана шешуге болатынын мәлім етті. Мұндай мәселелерді жұмыс беруші кәсіподақпен бірге үкіметке жолдайтын болды. Шешілмеген түйткілдердің ішінде шахтерлардың зейнет жасын 50-ге дейін түсіру мен ауырған кезде еңбекке жарамсыздық ақысын тұтас төлеу бар.

Қарағандылық кеншілер ереуілінен кейін шахтер еңбекақысын көбейтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:36 0:00

XS
SM
MD
LG