Accessibility links

2015 жылы қабылданған даулы заңдар


Бас прокуратура ғимараты жанына наразылық акциясын өткізуге келген Семей қаласының тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаеваны полицияның ұстаған сәті. Астана, 16 қыркүйек 2015 жыл.
Бас прокуратура ғимараты жанына наразылық акциясын өткізуге келген Семей қаласының тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаеваны полицияның ұстаған сәті. Астана, 16 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстанда 2015 жылы қабылданған бірқатар заң азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырады. Азаттық солардың кейбірін назарларыңызға ұсынады.

ҮЕҰ ТУРАЛЫ ЗАҢ

2015 жылы қабылданған заң жобаларының арасындағы көп пікірталас тудырған құжаттың бірі – «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» заң. Жаңа заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар бойынша, үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) грант бөлу «жалпыға ортақ оператор» арқылы іске асады, сонымен бірге белсенділер өздеріне қарасты ҮЕҰ туралы ақпарат қорын мәдениет және спорт министрлігіне ұсынуға міндеттелген.

Заң қабылданар кезде елуден аса ҮЕҰ белсенділері наразылық білдіріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған. Белсенділердің пікірінше, «заң негізгі құқықтарды – бірлестік құру туралы, қызмет саласын таңдау, наным-сенім мен сөз бостандығын бұзады».

Белсенділер «билік жаңа заң жобасын өзін қолдайтын ҮЕҰ-ларды қалдыру үшін ұсынып отыр» деп жорыған.

8 қараша күні БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссар басқармасының өкілі Сесиль Пуйи бұл заңға байланысты алаңдаушылық білдірген. Пуйи ҮЕҰ-ларға жалпыға ортақ оператор арқылы грант беру «Қазақстанның бірлестіктер еркіндігі мен құқықтары туралы алған халықаралық міндеттемелерін» бұзатынын, «заңның анық жазылмаған тұстары заңды дискриминация жасау үшін қолдану мүмкіндігін тудыратынын» айтқан.

АҚПАРАТ АЛУ ҚҰҚЫҒЫ ЖАЙЛЫ ЗАҢ

Бес жылдан бері талқыланған «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң да 2015 жылы қабылданды. Жоба авторлары заң іске қосылғанда мемлекеттік органдардың (оның ішінде ұлттық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың) және бюджеттен қаржыландырылатын өзге мекемелердің құзырындағы ақпараттың көбі әлеуметке қолжетімді болады деп уәде етті. Алайда кей сарапшылар «Заңда жазылған «қол жетуі шектелген ақпарат» және «қызмет бабында пайдалану үшін» терминдеріне нақты қандай ақпараттардың жататыны және қашанға дейін олар жабық күйде болатыны жазылмаған» деген уәж айтқан.

«Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.
«Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.

– Қызметтік ақпаратты шектеудің мерзімі болуы тиіс. Уақыты келгенде жабық ақпарат қоғамға ашылуы керек. Біз «егер қызметтік ақпаратты алуға шектеу қойсақ, онда оның барлық түрі мен шектеу түрін жазып қоюмыз керек» дедік. Ақпарат қолданушы азамат әкімшілік процедураларға жүгінбей-ақ, тек осы заңды пайдалану керек, – дейді Internews Kazakhstan ұйымының заңгері Ольга Диденко.

Астанадағы «Құқықтық медиаорталық» ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова «журналистердің мемлекеттік органдардан ақпарат алуы барысында осы «қызметтік ақпарат» желеуімен құқықтары бұзылады» деп санайды.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТУРАЛЫ ЗАҢ

2015 жылы қабылданған даулы заңның бірі – «Қоғамдық кеңестер туралы» заң. Қарашаның 9-ында ел президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заң бойынша, қоғамдық кеңестер «қоғамдық мәні бар мәселелерде азаматтық қоғам пікірін білдіреді». Алайда қоғамдық кеңесті «беделді, мемлекеттік қызмет істемейтін және қоғамдық бастамаларға жұмыс істейтін қоғамдық тұлға» басқаруы тиіс. Қоғамдық кеңестің бақылауы мемлекеттік органдар рейтингін анықтауда пайдаланылуы мүмкін. Мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестердің ұсыныстарын қарауға міндеттеледі.

«Адем-2» және «Адем-3» базарларында саудамен айналысатын кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғауды талап еткен хатқа қол жинап жатыр. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.
«Адем-2» және «Адем-3» базарларында саудамен айналысатын кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғауды талап еткен хатқа қол жинап жатыр. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.

Заң жобасына қарсылар «кеңестердің өзі мемлекеттік органға ұқсап кетуі мүмкін» деген қауіп айтқан.

– Бұл кеңестер мемлекеттік органдарда қоғам мүддесін қорғау үшін құрылып жатыр. Әрі қазір қоғамдық институттардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестігі өзектірек мәселе болып тұр. Ал халық мүддесін қорғауы тиіс олар қоғамдық кеңеске сайланып, содан кейін ғана халықпен қарым-қатынас орнатпақ, сөйтіп іс жүзінде өздері мемлекеттік органға айналып барады, – дейді оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова.

ДАУЛЫ ЕҢБЕК КОДЕКСІ

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы мен жұмысшыларды наразы еткен құжаттың бірі – 2015 жылы қабылданған жаңа еңбек кодексі.

Наразылар бұл заңда еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу негіздері көбейгенін, жұмысшылардың таңдау еркі бұзылғанын, жұмыс уақытынан тыс және мереке күндері істеген жұмысқа төленетін еңбекақы коэффициентін азайту көзделгенін айтқан. Бұл заң жобасына наразы бірқатар маңғыстаулық жұмысшылар Астанаға да барып, парламентке қарсылықтарын білдірген.

Жаңа еңбек кодексі жобасына қарсы маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне барған кездегі суреті. Астана, 7 қыркүйек 2015 жыл.
Жаңа еңбек кодексі жобасына қарсы маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне барған кездегі суреті. Астана, 7 қыркүйек 2015 жыл.

Еңбек кодексі жобасын әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, «құжатта жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау, кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар жеңілдетілген және еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіздер кеңейтілгенін» айтқан.

Жоба авторлары жаңа еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуын «экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» байланыстырған.

ҚАБЫЛДАНБАҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ БІРІ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ

2015 жылы қаралған даулы заң жобаларының арасында кері қайтарылғандары да болды. Сондай құжаттың бірі – «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы. Ондағы «дәстүрлі емес сексуалдық қатынастарды насихаттауға тыйым» жайлы бап халықаралық ұйымдар тарапынан сынға жолыққан.

2015 жылдың мамырында Қазақстан конституциялық кеңесі заң жобасын қарап, оны ел конституциясына сәйкес емес деп таныған.

Конституциялық кеңес Азаттыққа берген жауабында мұны «заңдардың бірқатар ережелері заңдық тұрғыдан айқын тұжырымдалмаған, соның салдарынан заңды қолдану кезінде адамдардың конституциялық құқығы бұзылуы мүмкін» деп түсіндірген.

Алайда кей сарапшылар «Қазақстан 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізу үшін бұл заңды қабылдамай қойды» деп болжаған. Human Rights First құқық халықаралық қорғау ұйымы Қазақстанның бұл заңды қайтарған шешімін құптап, «2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін Қазақстанның ұмтылысын күшейте түсетінін» хабарлаған. Бірақ 2022 жылғы олимпиаданы өткізу мәртебесі Қытай астанасы Пекинге тиген.

Билік Қазақстанда 2015 жылы қабылданған заңдар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» және «5 институционалдық реформа» бастамалары аясында жүзеге асқанын айтады.

XS
SM
MD
LG