Accessibility links

Қарағандыда белсенді Гарницкийдің өлімін тексермек


Олег Гарницкий
Олег Гарницкий

17 мамырда Қарағандыда азаматтық белсенді Олег Гарницкий 50 жасында қайтыс болды. Оның өліміне алған жарақаты себеп болған.

Қаладағы сенбілік кезінде жергілікті тұрғын оны соғып, Гарницкий ауыр жараланған. Тұрғынның ұлы Гарницкий сенбілік кезінде сынған бөтелкемен қолымды жаралады деп шағымданған еді.

Гарницкий қоғамға экология үшін күрескер ретінде белгілі болған. Қала тұрғындарын тазалыққа шақырып, қала әкімдігіне мәселе айтып жиі қайырылатын. Оның қазасы желіде көп талқыланып жатыр.

Марқұмның жақындарымен тілдесу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі жақын досын іздеп тапты.

- Асфальтта сырылдап жатқанын көрдім. Қысымы көтеріліп, өзі құлады деп ойладым. Жақындасым, бір әйел мен екі еркек тұр. Кейін сол еркектің бірі қол көтергенін білдім. Жұрт солай дейді. Мен Олегті қырыннан жатқыздым, сырылдауын қойды. Тірі болды, бірақ ешкімді түсінбеді. Желкесінен қан ағып жатты. 5-10 минуттан соң сол маңнан өтіп бара жатқан полицей келді. Жедел жәрдем шақырдым. Бірақ уақыт жоғалтпас үшін полиция көлігімен ауруханаға жеткіздік. Ертең мені куәгер ретінде полицияға шақырды, - деді Сақтағанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Гарницкий 18 сәуірде ауруханаға ауыр жағдайда, бас-ми жарақатымен түскенін айтты.

- Ауруханада науқас ауыр жағдайда жатты. 17 мамырда қайтыс болды. Сот сараптамасы жүргізіледі, - деді денсаулық басқармасы.

Сақтағановтың сөзінше, Гарницкий экобелсенділігін жалғастырмақ болған.

- Аулаларға жағдай жасағысы келген. Өзі тұратын шағын ауданға киіз үй орнатып, скейтборд, баскетбол алаңын ашқысы келетін. Көшеттер отырғызамын деп жүр еді. Ауруханадан әкелген жоқ, қашан жерлейтінімізді білмеймін, экспертиза жасалмақ, - деді ол.

Полиция департаменті "Адам өліміне әкелген қасқана әрекет" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір күдіктіні қамауға алу мәселесі қарастырылмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG