17 мамырда Қазақстанда 1837 адамның анализінен коронавирус табылды. Екі күн бұрынғы мәлімет бойынша, тағы 1 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 16 мамырда 25 адам өлімі тіркелген: 22 адам – коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Дүйсенбі күні Алматыда – 520, Қарағанды облысында – 320, Нұр-Сұлтанда – 251, Ақмола облысында – 139, Алматы облысында – 109, Павлодар облысында – 92, Батыс Қазақстан облысында 92 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 30, Ақтөбе облысында – 24, Атырау облысында – 48, Шығыс Қазақстан облысында – 78, Жамбыл облысында – 25, Қостанай облысында – 33, Қызылорда облысында – 35, Маңғыстау облысында – 13, Солтүстік Қазақстан облысында – 11, Түркістан облысында 17 науқас тіркелген.
2020 жылдың 13 наурызынан бері 362 030 адамға Covid жұққаны ПТР тестпен расталған, 4095 адам коронавирустан қайтыс болған. Үкімет құрған арнайы комиссия ағзасынан вирус табылса да "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген 1,5 мыңнан астам адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі – коронавирус пневмониясына шалдыққандарды да Covid статистикасына енгізбеген. Бірақ халықаралық ұйымның қысымымен былтыр 1 тамыздан бері есепке ала бастаған. Содан бері 54 153 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 863-і қайтыс болған.
Осыған дейін халықаралық институт зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған еді. Қазақстан билігі өткен аптада елде індет кезінде коронавирустан 6500-ден астам адам қайтыс болғанын растап, бірақ оны ресми статистикаға әлі қосып үлгермегенін айтты.
18 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1 млн 871 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасы салынған. 778 мыңнан астам адам вакцинаның екі дозасын алған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 163 млн адамға жеткен. 3 млн 385 мың адам вирустан қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР