Accessibility links

Сот Мамайдың Байбек шағымын қайтару туралы өтінішін қанағаттандырмады


Белсенді Жанболат Мамай мен адвокат Ғалым Нұрпейісов онлайн процесте отыр. Алматы, 14 мамыр 2021 жыл.
Белсенді Жанболат Мамай мен адвокат Ғалым Нұрпейісов онлайн процесте отыр. Алматы, 14 мамыр 2021 жыл.

Сәрсенбі күні Алматының Әуезов аудандық №2 соты биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің шағымы бойынша екінші сот тыңдауы өтті. Осыған дейін шенеунік саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру" бабы бойынша сотқа шағым түсірген еді. Vlast сайтының жазуынша, 19 мамырда қорғау тарабы Байбектің шағымын негізсіз деп танып, қайтаруды сұраған, бірақ сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот отырысының басында қорғау жағы байланыс нашарлығын айтып, процесті WhatsApp-тан ZOOM-ға ауыстыруды өтінген. Көптеген ақпарат құралдары да онлайн процеске қосыла алмаған. Ал судья Сартаева сот процесіне әлі дайындық жүріп жатқанын, негізгі процесс басталмағанын айтқан.

Жанболат Мамайды қорғау жағына жаңадан қосылған заңгер Ерлан Қалиев соттан Байбектің шағымын өзіне қайтарып беруді, шағымды қарамауды сұрады. Себебі Байбек сотқа дейін Мамайдан өзінің жемқорлыққа қатысы бары жайлы ақпаратты жоққа шығаруды талап етпеген. "БАҚ туралы заңның" 19-бабына сүйенген заңгер ақпаратты жоққа шығару туралы шағым қарсылас жақ сотқа дейінгі тәртіпте ақпаратты терістеуден бас тартқаннан кейін ғана сотта қаралуы тиіс.

Ал Бауыржан Байбектің өкілі Айжан Тәшенова "біз ақпарат құралын жауапкер ретінде сотқа тартып отырған жоқпыз, сол себепті бұл өтініш негізсіз" деген.

Судья Сартаева қорғау тарабының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Ол бұл іс бойынша дауды сотқа дейін шешу тәртібі қарастырылмағанын айтты.

Ал Жанболат Мамайдың адвокаты Ғалым Нұрпейісов шағымға тіркелген психологиялық-филологиялық сараптаманы алып тастауды, қосымша сараптамаға филолог Рахиля Карымсакованы тартуды сұрады. Сот әзірге шешім шығармаған.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, билікті сынап жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.

Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуді" талап етіп отыр.

Мұның алдында берген сұхбатында "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Жанболат Мамайды "тірі өлік" деп атап, оны сотқа беретінін мәлімдеген.

Қарай отырыңыз: Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды (20 сәуір 2021 жыл).

Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG