Accessibility links

Сенат ауыл әкімдерін тікелей сайлауды қарастыратын заң жобасын мақұлдады


Мәжіліс және мәслихат сайлау күні сайлау комиссиясының мүшесі бос жәшікті көтеріп барады.
Мәжіліс және мәслихат сайлау күні сайлау комиссиясының мүшесі бос жәшікті көтеріп барады.

Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы сайлау заңнамасына түзетулер енгізуді мақұлдады. Заң жобасында ауыл әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсымын" деген графа енгізу сияқты өзгерістер қарастырылған.

Заң жобасына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауыл әкімі болып "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сай біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат сайлана алады. Саяси партия мүшелері мен сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайыз қолын жинаған тәуелсіз кандидаттар да сайлауға түсе алады.

Сайлау қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуына 40 күн қалғанда жарияланады, 10 күн қалғанда өтеді. Биыл жылдың екінші жартысында 836 ауыл әкімі (барлығы 2345 әкім) тікелей дауыс беру арқылы сайланады.

Бұған қоса, заң жобасы мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың парламентке өту шегін жеті пайыздан бес пайызға төмендетуді де қарастырады. Бұған қоса, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "барлығына қарсымын" деген графа қосылады.

Қазақстанда сайлау бюллетенінен "барлығына қарсы дауыс беремін" деген жауап нұсқасы 2011 жылы кезектен тыс президент сайлауының алдында алынып тасталған.

Үкімет өкілдері сайлау заңнамасына аталған өзгерістер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес енгізілетінін атап өтеді және оны "еститін мемлекет" концепциясын жүзеге асырудың жалғасы деп атады.

Қазіргі заңнама бойынша саяси партиялар парламентке өту үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Осыған дейін кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіруді ұсынған.

2019 жылы президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, былтыр елде соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдар қабылданған. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынаған еді.

Оқи отырыңыз: Ауыл әкімдерін төте сайлау басталмай жатып кандидатқа кедергі көп

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG