Accessibility links

Назарбаев: Аймақта тығыз интеграцияның болғанын қаламайтын күштер бар


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

21 мамырда Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің онлайн отырысында кеңестің құрметті төрағасы, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, қысқа мәлімдеме жасады. Ол биыл 29 мамырда Еуразия экономикалық одағының құрылғанына жеті жыл толатынын атап өтіп, ұйымның "маңыздылығына" тоқталған.

"Бәріміздің ортақ күш салуымыздың арқасында бүгін ЕАЭО жүйелі түрде халықаралық артитектураға енді. Індет пен коронавирустың салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс интеграциялық бірлестіктің беріктігіне сын болды" деп атап өтті.

Ол кейбір елдердің "тұйықталып", "мемлекетаралық қатынастардың ушығып бара жатқанын", "сауда-саттық нашарлап", "өзара кедергілердің көбейіп бара жатқанын" алға тартқан.

"Сіз бен біз ғаламдық сипаттағы қиындықтар мен сыртқы қысымның сынына төтеп бердік, мұндай қысым жүйелі түрде одағымыздың жекелеген мүшелеріне жасалып келеді. Біздің аймақта тығыз интеграция болғанын қаламайтын күштер бар, мұндай ағымдарға жол беруге болмайды, біз мұның немен аяқталатынын талай көргенбіз" деген Назарбаев "интеграция болғанын қаламайтын күштерді" нақты атамады.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағын еуразиялық интеграция идеясының авторы ретінде алған. Оған бұл атақ 2019 жылы Еуразия экономикалық одағының құрылғанына бес жыл толған кезде берілді.

Қазақстанды отыз жылға жуық үзіліссіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президент қызметінен кетті, алайда біраз маңызды құзіретті сақтап қалды. Оған Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG