Accessibility links

Литва парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы қудалауын "геноцид" деп атады


Шыңжаңдағы жұрт. 2017 жылы түсірілген сурет.
Шыңжаңдағы жұрт. 2017 жылы түсірілген сурет.

Литва парламенті 20 мамырдағы жиынында Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалауын "геноцид" деп атады. Депутаттар БҰҰ-ны Шыңжаңдағы лагерьлерді тексеруге, Еуропа комиссиясын Пекинмен қарым-қатынасты қайта қарауға шақыратын құжатты қолдап дауыс берді.

Бұған дейін АҚШ билігі және Ұлыбритания, Бельгия және Канада парламенттері Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атаған.

Литва - постсоветтік елдердің ішінде алғашқы болып Шыңжаңдағы қысымды "геноцид" деді. Елдің премьер-министрі Ингрида Шимоните мен сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис парламенттегң жиынға қатысқанымен, дауыс берген жоқ.

"Біз демократияны қолдаймыз. Себебі елу жыл бойы коммунистік режимде өмір сүрген кездегі қиындықты ешқашан ұмытпаймыз" деді депутат, резолюция авторларының бірі Довиль Сакалиене.

21 мамырда Қытай сыртқы істер министрінің өкілі Чжао Лицзянь Пекиндегі брифингте "Қытай Литва парламентінің қадамына қарсы шығады және Вильнюсті қарым-қатынасты бұзбас үшін қатесін түзеуге шақырады" деді.

1940-1991 жылдары Совет одағының репрессиясынан зардап шеккен Литва қазір Еуропа одағы мен НАТО-ның мүшесі. Бұл ел Ресейге және Қытай сияқты коммунистік елдерге дипломатиялық қысымдарды жиі қолдайды.

БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер 2017 жылдан бастап Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.

Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG