Accessibility links

Шыңжаңдағы жағдай "геноцид" деп танылды. Әрі қарай не болмақ?  


Қытайдағы "қайта үйрену лагерлеріне" қамалған қазақтардың туыстары. Нұр-Сұлтан, 27 қараша, 2019 жыл. 
Қытайдағы "қайта үйрену лагерлеріне" қамалған қазақтардың туыстары. Нұр-Сұлтан, 27 қараша, 2019 жыл. 

Осы аптада басылымдар АҚШ-тағы жаңа әкімшіліктің Шыңжаңда "қайта үйрену лагерлеріне" қамалған миллионнан астам мұсылманға қатысты саясатының қандай боларына болжам жасады. Бұған қоса олар коронавирус вакцинасы үшін Түркия Шыңжаңнан қашқандарды Қытайға экстрадициялауы мүмкін деген болжамды сөз етті. 

БАЙДЕННІҢ ШЫҢЖАҢҒА ҚАТЫСТЫ "ӨЗГЕШЕ ӘДІСТЕРІ"

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осы апта биліктен кетер алдында "Қытай Шыңжаңда мұсылмандарға геноцид әрі адамзатқа қарсы қылмыс жасап жатыр" деп мәлімдеді. Оның үстіне Помпео Қытайды билеп отырған Коммунистік партияны "қазіргі замандағы ең үлкен қатер" деп атады және Трамп әкімшілігі "жаһанның Қытай туралы әңгімесінің ауанын өзгертті" деді.

Артынша Америкада билік басына Джо Байден бастаған демократтар келді. Олардың Шыңжаңға қатысты ұстанымы өзгере ме?

"Байден үкіметінің Шыңжаң мәселесі төңірегінде жағдайды ушықтыруға мүмкіндігі бар", дегенмен ол бұл саясатты басқа әдіспен жүргізеді. Гонконгта шығатын South China Morning Post ағылшынтілді басылымының шолушысы Сара Чжен "Майк Помпеоның Шыңжаң үшін Қытайға "геноцид" айыбын тағуы Джо Байденге қалай ықпал етуі мүмкін?" деген мақаласында осындай тұжырым жасайды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шыңжаңда қамалған қазақтардың туыстарымен кездесіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан, 2020 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шыңжаңда қамалған қазақтардың туыстарымен кездесіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан, 2020 жыл.

АҚШ-тың ірі екі партиясы Шыңжаң мәселесі бойынша консенсусқа келді, дегенмен Трамп әкімшілігі биліктен кетер алдында жасаған мәлімдемелері Байденнің Қытайға қатысты саясатына әсер етеді, яғни ішкі және халықаралық мәселелердің көбінде кереғар пікір ұстанып келген Демократиялық және Республикалық партиялар арасында саяси сабақтастық орнады деп санайды автор.

Мұның бір дәлелі – Байден мемлекеттік хатшылыққа ұсынған Энтони Блинкен сенаттағы тыңдауда Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырларға және өзге мұсылмандарға жасап жатқанын "геноцид" деп атаған Помпеоның сөзіне "толық қосылатынын" айтты.

Автордың жазуынша, мемлекеттік хатшының "Қытай геноцид жасады" деген мәлімдемесі Трамп әкімшілігінің Қытайға қатысты пікірін "шегелеп", Джо Байденнің "бағытты өзгерту мүмкіндігін азайтқан". Дегенмен автордың айтуынша, Байден әкімшілігі "өзгеше әдістер" қолдануы мүмкін.

Тұрсынай Зияудун: Қытай лагерінде қорлық көрдім
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

Ол әдістің қандай болатынын АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Скотт Кеннеди айтты. "Трамп әкімшілігі ізбасарларының қолын кісендеп тастауға тырысқанымен, Байден әкімшілігі "АҚШ бастаған көпжақты бағыт Қытай мәселесін шешуге көмектеседі" деген ұстанымы негізінде саясатты өзгертуге мүмкіндік алмақ".

Яғни Америка Қытайды сабасына түсіру үшін одақтастарына көбірек арқа сүйемек. Соның ішінде Трамптың бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жо, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қайта кіру, тарифтерді алып тастау, адам құқықтарын бұзғаны үшін Қытайға салатын санкцияны күшейту шаралары бар. "Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың бұл жаңа анықтамасы Пекиннің этностық азшылыққа қысым жасау әрекетіне қарсы күреске Вашингтонның басқа елдерді тартуына сеп болады" деп жазады South China Morning Post.

Кеннедидің ойынша, Трамп әкімшілігі Си Цзиньпин бастаған Қытайдың "қаупі" туралы "аттандап" айтқанымен, оған қарсы тұруда "тиімді саясат жүргізіп", басқаларды Америка жағына тарта алмады.

Есесіне, Байден әкімшілігінің бұл тұрғыда көп шаруа тындыруға мүмкіндігі бар. Heritage қорының сарапшысы Оливия Энос Шыңжаңда адам құқықтарын бұзуға қатысы бар заңды және жеке тұлғаларға санкция салу, "босқын" мәртебесін алуда ұйғырларды алдыңғы қатарға қою, Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекпен күресу сияқты тың әдістерді ұсынады.

АҚШ вице-президенті Джо Байден (оң жақта) Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлесіп отыр. Вашингтон, 14 ақпан, 2012 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден (оң жақта) Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлесіп отыр. Вашингтон, 14 ақпан, 2012 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, "геноцид" деген сөзге арқа сүйеп сотқа жүгіну арқылы "трансұлттық корпорацияларды Шыңжаңдағы өнім тізбегін қайта қарауға мәжбүрлеуге" болады, бірақ оның аймақ халқына қалай әсер етері әзірге белгісіз. Мамандар АҚШ-тың соңын ала Канада, Ұлыбритания сияқты басқа елдер де осындай шешім қабылдайды деп үміттенеді.

"ГЕНОЦИД" АНЫҚТАМАСЫ НЕ БЕРЕДІ?

Лондон университет колледжінің (UCL) адам құқықтары профессоры Кейт Кронин-Фурман америкалық Foreign Policy журналына шыққан мақаласында Шыңжаңдағы жағдайды "геноцид" деп атаудың қандай да бір тиімді нәтиже береріне күмән келтіреді. "Помпеоның ұйғырларға жасалған геноцид туралы мезгілсіз мәлімдемесі Қытайдың қолына "бомба" береді. Сәтсіз процесс соңында Пекиннің пропагандасына көмектеседі" деген тақырыбының өзінен автордың көзқарасы байқалады.

"[Биліктен] кетіп бара жатқан мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның "Қытай Халық Республикасы Шыңжаңда геноцид және адамзатқа қарсы қылмыс жасап жатыр" деген мәлімдемесі жағымды жаңалық болуы керек-ақ. Кейбіреулер үшін солай болады да. Жаппай зорлыққа ұшырағандар бұл мәлімдемеден соң біраз жеңілдеп қалары рас. Әсіресе мұны АҚШ сияқты алпауыт ел айтса. Дегенмен Шыңжаңдағы жағдайды үрейлене бақылап отырғандар үшін Помпео мәлімдемесі тек өкініш тудырады" деп жазады автор.

Оның ойынша, "бөтен бір елде геноцид болып жатыр деп мәлімдеу – құқықтық тұжырым емес, саяси әрекет және оның нәтижесінің қалай болары соны айтқан жақтың абыройы мен беделіне байланысты". Помпеоның да, АҚШ-тың да әлдебір елде геноцид болды деп айтарлықтай абырой-беделі жоқ дейді автор.

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Помпео бұл мәлімдемені "ең бір сәтсіз кезде жариялады" деп жазады ғалым. "Америка Құрама Штаттарының халықаралық қауымдастықтағы жағдайы өте нашар; электораттың еркіне қол сұғып, билікке жармасып, күш қолданған, онысы сәтсіз аяқталған Трамптың "дәрменсіз" әкімшілігінің соңғы 24 сағаты жүріп жатты". Оның айтуынша, Трамп Шыңжаңдағы адам құқығы ахуалының ушығып жатқанын кемі үш жыл бұрын білді, ал бұл мәлімдемені "үстелін жинап жатқанда" жасағаны "мүлде қисынсыз". Шешімнің кешігіп шығуына "президент Трамптың бойындағы исламофобия, адам құқықтарына деген жиіркеніш және Қытаймен үлкен мәмілеге деген дәме" себеп дейді ғалым.

Мұның алдындағы АҚШ әкімшіліктері бес оқиғаны геноцид деп бағалаған. Олар: 1990 жылдардағы Босниядағы мұсылмандар қырғыны, 1994 жылғы Руандадағы қантөгіс; 1980 жылдардағы Ирактағы Анфаль науқаны; 2000 жылдардағы Дарфур оқиғасы және "Ислам мемлекеті" экстремист ұйымының езидтерге шабуылы (2014). Автордың айтуынша, мемлекеттік департаментте бұл оқиғаларға "геноцид" деген анықтама берудің нақты процедурасы жоқ, әрі "халықты жұмылдырып, конгрестің қолдауына ие болғаны болмаса, оның ашық құқықтық ықпалы да мардымсыз".

"Барлық жерде камера". Шыңжаң лагерінің бұрынғы "тұтқындары"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:15 0:00

АҚШ мемлекеттік департаменті әлдебір аймақта геноцид болған-болмағанын анықтау үшін "құжаттарды жүйелі түрде" зерттейді. Кронин-Фурманның пікіріне қарағанда, Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарының 2016-17 жылдардағы тақсіретін зерттеген комиссия қорытындыларын онлайн жариялағанымен, ол туралы ешқандай мәлімдеме не баспасөз хабарламасын таратпаған. Зерттеудің өзінде де оқиғаны "геноцид" деп атау я атамау туралы еш ұстаным жоқ дейді автор. Рохинджадағы оқиғаға байсалды баға бере алмаған Вашингтонның Шыңжаңда "геноцид болып жатыр" деуі – "адасу" дейді ғалым.

ТҮРКИЯ ВАКЦИНА ҮШІН ҚЫТАЙҒА ШЫҢЖАҢ МҰСЫЛМАНДАРЫН ҰСТАП БЕРМЕК ПЕ?

Түркия Қытайдың Covid-ке қарсы вакцинасына қол жеткізу үшін Шыңжаңнан қашқан мұсылмандарды еліне қайтаруға келісіп отыр ма? Business Insider басылымы Түркияның өз ішінде үкіметке осындай айып тағылып жатқанын жазады.

Ердоған үкіметіне мұндай айып тағуға былтырғы желтоқсандағы екі оқиға себеп болған. Анкара Қытайдың Sinovac компаниясынан коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаға тапсырыс берді. Ал Қытай 27 желтоқсанда қылмыс жасады деп айыпталғандарды экстрадициялау туралы 2017 жылғы келісімді ратификациялағанын хабарлады. Ол бойынша Анкара Қытай құқық қорғау органдары қылмыс жасады айып таққан кез келген адамды Пекинге қайтаруы тиіс. Түркия бұл құжатты әлі бекіткен жоқ, бірақ кей ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ел парламенті 26 қаңтарда жұмысқа кіріскен соң оны қарауы мүмкін.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қытайдың Sinovac вакцинасын салғызып жатыр. Анкара, Түркия. 14 қаңтар, 2021 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қытайдың Sinovac вакцинасын салғызып жатыр. Анкара, Түркия. 14 қаңтар, 2021 жыл.

Түркия Sinovac вакцинасын салуды 11 желтоқсанда бастамақ болған. Алайда, жыл соңына дейін елге екпе жеткізілмеді. Президент Режеп Тайып Ердоған үкіметіне оппозициядағы саясаткерлер "вакцинаға қол жеткізгің келсе, экстрадициялау туралы келісімді ратификацияла" деп Пекин биліктегі "Әділет және даму (АКР) партиясына қысым жасап отыр деп дабыл қаққан.

"Соңғы бірнеше жылда мыңдаған ұйғыр Қытайдан мәдениеті мен тілі ұқсас Түркияға қашқан" деп жазады басылым. Оның дерегі бойынша, "Түркияда 50 мыңға жуық ұйғыр тұрады, бұл – ұйғырлардың әлемдегі ең ірі диаспорасы". "Әлемдік ұйғыр конгресінің" өкілі Дилшат Рашит AFP агенттігіне берген сұхбатында "Экстрадиция туралы бұл келісім Қытайдан қашып, әлі Түркия азаматтығын ала қоймаған ұйғырларды қобалжытып отыр" деген.

Келісімге қол қойылса, Түркия өз аумағында жүрген Қытай азаматтарын қорғай алмайды деп санайды автор.

Халықаралық басылымдар Шыңжаңдағы "қайта үйрену лагерлеріне" қамалған мұсылмандарды айтқанда ондағы саны көп ұлттың атауымен "ұйғырлар" деуді әдетке айналдырған. Олардың арасында қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман халықтары бар екені белгілі. Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтерген азаматтық белсенді, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш былтыр күзде Қазақстан үкіметінен қуғын көргендіктен Түркияға кеткенін мәлімдеген.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қытайдың "мұсылман ұйғырларды қайтаруды сұрағанын, бірақ Түркияның бұл өтінішті орындамағанын" айтты. Анкарадағы ресми тұлғалардың сөзінше, Қытайдан вакцина сатып алу мен Шыңжаң мұсылмандарын қайтару талабы арасында ешқандай байланыс жоқ.

Түркия президентінің Шыңжаң мұсылмандарына қатысты "құбылмалы" саясаты да халықтың күдігін күшейтіп отыр. 2009-2015 жылдар аралығында Ердоған оларды "өз елінде құшақ жая қарсы алып" келген. Дегенмен 2019 жылы Анкара БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Шыңжаңдағы "сот шешімінсіз жаппай қамау және адам құқықтарын бұзу" фактілерін сынаған хатына қол қойған жоқ. Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, сол жылы Ердоған Қытай төрағасы Си Цзиньпинге Шыңжаңдағы ұйғырлардың "бақытты өмір сүріп жатыр" деген. Бірақ кейін Ердоған ақпарат құралдары сөзін дұрыс түсінбегенін айтып ақталды. Ал 2020 жыл ол оппозициялық партияның Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты парламенттік комиссия құру бастамасын орындатпай қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG