Accessibility links

11 күн соғыстан Газада – 232, Израильде – 12 адам қаза тапты, 2 мыңдайы жараланды


Газа секторының солтүстігіндегі қираған үйіне келіп отырған палестиналықтар. 21 мамыр, 2021 жыл.
Газа секторының солтүстігіндегі қираған үйіне келіп отырған палестиналықтар. 21 мамыр, 2021 жыл.

ХАМАС бастаған Палестина күштері мен Израиль арасындағы бітім күшінде тұр, оқ атпау келісіміне келгелі аймақтағы жағдай біршама тыныш, ал египеттік араағайындар ұзақмерзімдік келісімді бекітуге күш салып жатыр.

АҚШ президенті Джо Байден қанды қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы – екі елдің өзара келісімге келуі деп мәлімдеді.

Сонымен бірге Байден қираған Газа секторын қалпына келтіру үшін басқа елдермен бірлесіп, ірі қаржылай көмек ұсынатынын айтты.

Бірнеше жылдан бергі ең қанды қақтығыс 11 күнге созылып, Газаның біраз бөлігі қайта қирады. Екіжақты атыс кесірінен Газада 232 адам, Израильде – 12 адам қаза тапты, 2 мыңдай кісі жараланды.

21 мамырда таңертең өзара оқ атпау келісімі күшіне енді.

Содан бері Египеттің ресми өкілдері бітімді бекіте түсу үшін Израль мен Газада келіссөздер өткізіп жатыр. Келіссөз 22 мамырда да жалғасты.

Мұндағы ең үлкен мәселе – Палестинаға жәрдем беру жайы. Батыстағы донорлардың көбі Газаны бақылап отырған, Иранның қолдауына сүйенетін ХАМАС радикал тобына қаржы бөлуге құлықсыз.

Байден Газаға бөлінетін қаржыны ХАМАС әскери арсеналын толтыруға жұмсамауы үшін Палестина басшылығымен бірлесе жұмыс істейтіндерін айтты. Батыстың қолдауына сүйенетін, Махмуд Аббас басқаратын Палестина үкіметі ХАМАС-пен бәсекелес мекеме саналады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Махмуд Аббаспен телефон арқылы тілдесіп, АҚШ-тың Палестина үкіметімен және БҰҰ-мен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.

22 мамырда аты аталмаған дереккөзге сілтеме жасаған Reuters Блинкен таяу күндері Израиль мен Батыс жағалауға баруы мүмкін екенін хабарлады. Бұл ақпарат әлі расталған жоқ.

Гуманитарлық сала мамандарының айтуынша, бұрын да кедейлік жайлаған Газа секторын қалпына келтіруге ондаған миллион доллар қажет болады және бұл процесс көп жылға созылады.

Екі мемлекет дауды өзара шешуі керек деген Байден Вашингтонның бұрынғыша Израильге қолдау білдіретінін де ескертті және аймақтағы басқа елдерді Израильдің мемлекет ретінде өмір сүру құқығын мойындауға шақырды.

"Бір нәрсені ашық айтайық: Аймақ Израильдің тәуелсіз еврей мемлекеті ретінде өмір сүру құқығын толық мойындамайынша, бейбітшілік болмайды" деді журналист сұрағына жауап берген Байден.

Бітім кезінде де Иерусалимдегі еврейлер Храм тауы, ал мұсылмандар Харам әш-Шариф атайтын екі дін үшін де қасиетті орында палестиналықтар мен Израиль күштері арасында қақтығыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG