Accessibility links

Неге Газа секторы ылғи қақтығыстың ошағына айналады? Түсіндіреміз


Газа секторына Израиль жасаған әуе шабуылы. 17 мамыр 2021 жыл.
Газа секторына Израиль жасаған әуе шабуылы. 17 мамыр 2021 жыл.

Қазір Израиль мен палестиналық топтар арасында болып жатқан жаңа қақтығыстан соң әлем назары халық тығыз орналасқан әрі кедей энклавқа қайта ауды. Неге Газа секторы жиі қақтығыс аймағына айналады?

Газа секторы бірнеше күннен бері Израильдің әуе шабуылынан зардап шегіп жатыр. Ал осы энклавты бақылап отырған ХАМАС тобы Израиль тарапына жүздеген ракета атқылады.

Израиль мен ХАМАС 2008 жылдан бері кезекті рет қақтығысып жатыр. Бұл жанжалдан екі миллионнан аса палестиналық тұратын шап-шағын энклав көп зардап шегіп, талай адам опат болады, ғимараттар қирайды.

ГАЗА СЕКТОРЫНА ТАЛАС ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?

Газа секторы – Израиль мен Египеттің арасында орналасқан, ұзындығы 40 шақырым, ені 10 шақырымды құрайтын шағын аумақ. 1920-1948 жылдары бұл аймақ Британияның бақылауындағы палестиналық мандат болды. 1948 жылы Араб-Израиль соғысынан соң Газа секторына Египет бақылау орнатты.

Ал 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыста Израиль Газаны, Батыс жағалауды және Шығыс Иерусалимді басып алған. Палестиналықтар бұл үш аумақты болашақ мемлекетіміздің аумағы деп санайды.

Газа секторындағы қақтығыстан көбіне бейбіт тұрғындар зардап шегеді. 12 жасар қыз бала Рахаф әл-Дәуір әуе шабуылынан опат болды. Әкесі қызының мәйітін ұстап жылап отыр.
Газа секторындағы қақтығыстан көбіне бейбіт тұрғындар зардап шегеді. 12 жасар қыз бала Рахаф әл-Дәуір әуе шабуылынан опат болды. Әкесі қызының мәйітін ұстап жылап отыр.

1987 жылы Газада палестиналықтар көтеріліске шықты. Сол жылы ХАМАС тобы да (кейбір елдер бұл топты террорлық ұйым деп таныған) құрылды. Кейін толқу басқа аумақтарда да жалғасты. 1994 жылы Израиль билігі және Палестинаны босату ұйымы Осло келісіміне қол қойылып, Газа секторы мен Батыс Жағалауының бір бөлігінде Палестина әкімшілігі құрылды.

Израиль аумағынан қуылған палестиналықтар қазір Газа секторында тұрып жатыр. Босқындардың саны 1,4 миллион. Бұл – энклав тұрғындарының жартысынан көбі.

ХАМАС ГАЗАҒА ҚАЛАЙ БАҚЫЛАУ ОРНАТТЫ?

2005 жылы Газа секторында тағы да халық толқуы болып, осыдан соң Израиль аумақтан әскері мен еврей халқын шығарды. 2006 жылы ХАМАС тобы сайлауда жеңіске жетті. Осыдан соң Палестина президенті Махмуд Аббас пен ХАМАС арасында билікке талас жүрді. 2007 жылы бірнеше аптаға созылған қақтығыстан соң ХАМАС Газа секторына бақылау орнатты.

ХАМАС өте консервативті Газа секторына шариғат заңдарын енгізуге тырыспады. Бірақ олар саяси қарсыластарын қудалап, билігіне қарсы наразылық шараларын күшпен басып тастайды. Бұл топ үш қақтығысты бастан өткеріп, 14 жылдан бері блокадада отыр.

БЛОКАДА

ХАМАС Газа секторын бақылауға алған соң Израиль мен Египет бұл аумаққа блокада қойды. Израиль "ХАМАС мен палестиналық топтар Газа секторына қару импорттамас үшін блокада жасадық" деген. Құқық қорғау ұйымдары блокада жазалау әдісі деп санайды.

Территорияның жабылуы, нашар басқару және ХАМАС пен Палестина билігінің арасындағы жауластықтың кесірінен Газа экономикасы құлдырады. Аймақтағы жұмыссыздың елу пайызды құрайды, электр энергиясы жиі өшіп қалады, ауыз су өте лас.

Мұндағы палестиналықтар жұмыс істеуге я оқуға, жақындарына бару үшін шетелге шығуы қиын. Газа секторы әлемдегі ашық аспан астындағы ең үлкен түрме деп те аталады.

2014 ЖЫЛҒЫ СОҒЫС

ХАМАС пен Израиль арасында 2008 жылдан бері үш ірі соғыс және бірнеше шағын қақтығыс болды. Ең үлкен соғыс 2014 жылы болып, 50 күнге созылды. Соғыстан 2200 палестиналық қаза тапты. Марқұмдардың көбі – бейбіт тұрғын. Ал Израильден 73 адам көз жұмды.

Израильдің әуе шабуылдары мен құрлық әскері Газадағы тұрғын үйлерді жермен жексен етіп, мыңдаған адам БҰҰ мектептері мен мекемелеріне тығылуға мәжбүр болды. Израиль ХАМАС бейбіт тұрғындар мекен еткен аудандарға тығылып, жұртты "тірі қалқан" ретінде пайдаланып отыр деп айыптады.

Палестиналық әскери топтар Израильге қарай мыңдаған ракета атты. Олардың басым бөлігін Израильдің ракетаға қарсы құралдары ұстап қалды я ашық жерлерге құлады. Бірақ ракеталар талай жұрттың үрейін алды. Кейінгі уақытта Газадан атылған ракеталар Тель-Авив, Иерусалим және басқа да ірі қалаларға жетіп жүр.

Биыл жыл басында Халықаралық қылмыстық сот 2014 жылы палестиналық аумақтарда соғыс әрекеті болды деген күдікпен тергеу бастады. Сот екі тараптың 2014 жылғы әрекетін тексермек. Халықаралық сот Израиль мен палестиналық топтар арасындағы қазіргі қақтығысқа алаңдаушылық білдірген.

ҚАЗІРГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Израиль мен палестиналық топтар арасындағы қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып жатыр. Израиль Газа секторына әуеден шабуыл жасаса, ХАМАС пен палестиналық топтар Газадан Израиль тарапына ракета атқылады.

БҰҰ, АҚШ және халықаралық қауымдастық екі тарапты атысты тоқтатуға шақырғанымен, нәтиже болмады.

БҰҰ есебінше, 38 мың палестиналық Газа секторынан қашуға мәжбүр болған, 2500 адам үйінен айырылған.

Газа секторындағы қираған ғимарат. 17 мамыр 2021 жыл.
Газа секторындағы қираған ғимарат. 17 мамыр 2021 жыл.

Палестиналық ресми өкілдердің сөзінше, 10 мамырдан бері 212 адам қаза тапқан, марқұмдардың 61-і – бала. 1400-ден аса адам жараланған. Израиль он адамның опат болғанын хабарлады.

Аймақтағы жағдай мамырдың басында ушықты. Израиль Шығыс Иерусалимде бірнеше араб отбасын басқа жаққа көшіруді ойластырып, сот бастаған. Бұл палестиналықтардың ашуына тиді. 7 мамырда жұма намазынан шыққан жұрт полицияға тас, бөтелке, арматура лақтыра бастады.

Кейін полиция бұл жанжалды тоқтатамыз деп Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарға шектеу қойды. Палестиналық басылымдар израильдіктер мұсылмандарды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданғанын хабарлады. Артынша полиция Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастаған.

Палестиналықтарды басқа жаққа көшіру ісі бойынша сот шешімі кейінге қалғанымен, қақтығыс тоқтамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG