Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық білдірген бейбіт шараларға қатысқан студенттер қуғындалып жатыр: кейбірі оқу орындарынан шығарылып, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
2020 жылдың тамыз айынан бері 30 мыңнан астам адам қамалып, жүздеген адам соққыға жығылған, азапталған, оқиғадан хабар таратқан журналистер қудаланды. Батыс Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге санкция салған тұста бұл беларусь үкіметінің әлемдік қауымдастықтан оқшаулануына алып келді.
Amnesty International ұйымының есебінде қудаланған студенттер мен оның салдары баяндалған.
"Беларусьте наразылық білдірген студенттер мен мұғалімдер жазғы оқиғаның нәтижесінде биылғы оқу жылын мүлде басқа сипатта бастады. Басынан-ақ олардың наразылыққа атсалысуын билік те, көптеген университет әкімшілігінің құп көрмейтіні анық еді. 27 қазанда Александр Лукашенко жоғары оқу орындарының басшыларын оларды оқудан шығаруға ашық түрде үндеді. Артынша университеттердің солай істей бастағанына куә болдық" деді Amnesty International ұйымының Беларусь бойынша кампаниясының жетекшісі Айша Джанг.
Беларусь студенттері қауымдастығының 2021 жылдың 17 мамыр күнгі мәліметі бойынша, елде кемінде 466 студент ұсталған, үштен бірі – әйелдер. Көбі әкімшілік қамауға алынған немесе 120 еуро көлемінде айыппұл алған. Бұл Беларусьтегі орташа жалақы мөлшерінің төрттен бір бөлігі. Кемінде 153 студент оқудан шығарылған, көбі қудалаудан қорқып, көрші елдерге қашып кеткен. 42 студент қылмыстық іс бойынша күдікті танылған, алтауы бас бостандығынан айырылды.
Былтыр жыл соңында билік бір мезгілде 11 студент пен бір оқытушының үстінен қылмыстық іс қозғап, көбін үйлерінен ұстап әкеткен. Бұл күн "қара бейсенбі" ретінде есте қалды. Оларға қатысты сот процесі 14 мамырда басталған, маусымның ортасына дейін жалғасады деп айтылады. Айыпталушыларға "қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекет ұйымдастырды" деген айып тағылды. Бұл бойынша екі жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған.
Ұсталғандардың бірі 19 жастағы Анастасия Булыбенконың үйіне полиция қызметкерлері басып кіріп, оны ұйықтап жатқан жерінен бірден қамауға алып кеткен. Ол жарты жылдан бері тергеу изоляторында отыр. Осы уақыт аралығында Анастасия анасымен бір рет қана кездескен.
Amnesty International беларусь билігін студенттер мен ғалымдар, бейбіт демонстранттарды қудалауды дереу тоқтатуға шақырды.
"Беларусь билігі адам құқығы саласындағы халықаралық құқық бойынша алған міндеттемелерін орындап, студенттердің қорықпай пікір айту, бейбіт шеру жасау құқығын құрметтеуі тиіс" деді Айша Джанг.
"Біз әлемдегі студенттер одағы мен студент жетекшілерін Беларусьтегі әріптестеріне қолдау білдіруге шақырамыз және сол елдердің билігі Александр Лукашенко үкіметіне қысым жасау үшін дереу шара қолдануы тиіс. Жастарға қысым жасауға, қоғамдық және академиялық ортаны тұншықтыруға нүкте қойылуы тиіс" деді.
Amnesty International #StandWithBelarus кампаниясы аясында жиі есептер топтамасын әзірлеп келеді. Бұл Беларусьте балалар мен жасөспірімдер, әйелдер мен кәсіподақ белсенділері, мәдени қызметкерлер мен зейнеткерлердің қуғындалуы туралы жарияланған алтыншы құжат.
ПІКІРЛЕР