Accessibility links

Алматыда Sulpak маңындағы ағаштардың шабылуына қатысты сот үкімі оқылды


Көшеде ағаш кесіп жатқан жұмысшылар. Көрнекі сурет.
Көшеде ағаш кесіп жатқан жұмысшылар. Көрнекі сурет.

24 мамырда Алматыда Sulpak дүкені маңындағы ағаштардың шабылуы ісі бойынша сот үкімі оқылды. Сот "ағаштарды заңсыз кесті" деп айыпталған қала тұрғыны, "Сакура" мердігер компаниясының дизайнері Жанна Нұртаеваға 1500 айлық есептік көрсеткіш (4 млн 167 мың немесе 9,7 мың доллар) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Sputnik Kazakhstan агенттігі хабарлады.

Тергеу органдарының мәліметінше, ол дүкен әкімшілігімен Sulpak маңындағы аумақты абаттандыру туралы келісім жасасып, жұмысшылар жалдап, ағаштарды кескен. Сот оны орта дәрежедегі қылмыс жасады деп тапты. Судья үкім шығарарда оның кәмелетке толмаған екі баласының бар екенін ескерген.

Бұған дейін прокурор оның бостандығын төрт жылға шектеуді, үш жыл кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салуды сұраған еді. Нұртаева кінәсін жартылай мойындаған.

Сот сонымен бірге қалалық жасыл экономика басқармасының айпталушыдан 155 мың теңге ақша өндіріп алу туралы азаматтық шағымын қанағаттандырған. Бұған қоса, айыпталушы 44 мың теңге көлемінде сот шығынын өтеуге және жәбірленушілер қорына 41 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Былтыр қарашада Алматыда Sulpak дүкенінің жанында көп жылдан бері өсіп тұрған ағаштардың оталуы қоғам наразылығын тудырған еді. Кесілген 13 түп ағаштың тоғызы – "Қызыл кітапқа" енген емен. Қоғамда қызу талқыланған мәселеге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, "кінәлілерді жауапқа тартуды" тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG