Accessibility links

Депутат "Қауіпсіз қала" жобасы аясында қытайлық компаниямен жасалған келісімді бұзуға шақырды


Рыскелди Момбеков.
Рыскелди Момбеков.

Қырғызстанда Жогорку кеңеш депутаты Рыскелди Момбеков министрлер кабинетін "Қауіпсіз қала" жобасы аясында қытайлық Shenzhen Sunwin Intelligent Co. Ltd компаниясымен жасалған келісімді бұзуға шақырды.

25 мамырда парламент комитетінің отырысында Момбеков бұған тендерді өткізу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар негіз болып отырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, компания тапсырған алты банк кепілдемесінің үшеуі жалған болып шыққан. Бұған қоса, Қырғызстан есеп комитеті қытайлық компанияның жобаны жүзеге асыру үшін өте аз қаражат сұрағанын атап өткен.

"5 млрд 700 млн сомға тендер жарияланды. Ал қытайлық компания 2 млрд 700 млн сомға жүзеге асырамыз деді, яғни бұл тендерде көрсетілген бағадан 3 млрд 173 млн сомға кем. Бұл ойлантатын нәрсе екен. Олар айыппұлдан түсетін түсімді қажетсініп отырған жоқ. Ал бұл компанияның камералары тек автокөлік қана емес, ондағы адамдарды да таниды" деді Рыскелди Момбеков.

2019 жылы жасалған келісімге сәйкес, Shenzhen Sunwin Intelligent Co. Ltd жобаны бір жыл ішінде жүзеге асыруы тиіс болған. Бірақ пандемияға байланысты процесс тұралап, 2020 жылдың соңында келісім-шарт мерзімі 2021 жылдың 18 маусымына дейін ұзартылған.

20 мамырда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті цифрлық даму министрі Азамат Дыйканбаевты аталған қытайлық компанияның келісімді орындау мерзімін ұзартқаны үшін одан 2 млн 600 мың сом көлемінде ақша бопсалады деген күдікпен ұстаған.

Ал бұрынғы шенеуніктің өзі айыпты жоққа шығарып, істі саяси тапсырыс деп атаған.

"Қауіпсіз қала" жобасының екінші кезеңі аясында 7 облыс, Бішкек пен Ош қалалары, облыстық және аудандық маңызы бар 15 қала, 73 елді мекен қамтылады. Жобаның бірінші кезеңін ресейлік "Вега" концерні атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG