Accessibility links

Павлодарда "мас күйде көлік айдады" деп күдікке ілінген депутат "Нұр Отаннан" шығарылды


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Осы аптада "мас күйде көлік айдады" деп күдікке ілініп, артынша 15 күн әкімшілік қамауға алынған Павлодар облысы мәслихатының депутаты Қайрат Әбішев "Нұр Отаннан" шығарылды. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Нұр Отан" партиясының Павлодар облыстық бөлімшесінің баспасөз қызметі агенттікке 26 мамырда партияның саяси кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, Қайрат Әбішевті партиядан шығару туралы шешім қабылданғанын жеткізген.

"Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы" заңның 20-бап 3-тармағының 3-1 бөлігіне сәйкес, депутаттық өкілеті кезектен тыс тоқтатылады" деді баспасөз қызметі.

42 жастағы депутат, кәсіпкер Қайрат Әбішев 25 мамырда "полиция талабын орындамағаны үшін" 15 күн әкімшілік қамауға алынған. Сот бұған қоса, оны 8 жыл көлік айдау құқығынан айырған. Ақпаратқа қарағанда, полицейлер тоқтатқан кезде одан ішімдіктің иісі қатты сезіліп тұрған. Ішімдік ішкенін-ішпегенін анықтау үшін арнайы орталыққа жіберген кезде депутат бұл талапты орындамаған.

Сот кезінде ол өттегі тасты ерітетін спирт қосылған тұнба ішкенін айтып, тағылған айыптарды мойындамаған.

Қайрат Әбішев 2016 жылы наурыз айында Павлодар облысының 6 шақырылым депутаттарының құрамына кірген. Биыл да мәслихат құрамына өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG