Accessibility links

Институт: Он ел QazVac екпесін алғысы келеді, бірақ экспорт мәселесі қарастырылып жатқан жоқ


Коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac екпесі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өндіріліп жатыр. Бұл туралы 27 мамырда журналистерге институт директорының орынбасары Ерғали Әбдірайымов айтты.

Сәуірдің басында қазақстандық екпе Түркияда құтыларға құйылады деп айтылған еді.

- "СК-Фармациямен" (дәрі-дәрмектерді тарататын мекеме - Ред.) жыл соңына дейін екі миллион дозаға келісім-шарт жасастық. Өз күшімізбен шығарып жатырмыз. Екпені құтыға құю жағынан қиындықтар бар. Қазақстандық екпе Түркияда құйылады екен деген сөздер айтылған. Бірақ нақты шешім жоқ. Көп көлемде екпе шығару үшін ұлттық қадағалау органының шешімін күтіп отырмыз. Препаратты жасау қиын емес, бірақ оны флаконға құюға жағдай керек. Біз 500 мың доза жасауға дайынбыз, бірақ көп құтыға құя алмаймыз. Себебі екпені құюға арнайы жер керек, - деді ол.

Әбдірайымовтің сөзінше, Қазақстанда қазір екпені құтыға құятын арнайы орын мен құрылғы жоқ.

- Қарапайым сөзбен түсіндірсек, екпе бөшкеде болады және оны флакондарға құю керек. Флакон жеткілікті. Көп флаконға құю үшін арнайы құрылғы қажет. Бізде ол жоқ, - деді ол.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закария Азаттық тілшісіне телефонмен "екпені Түркияда құю қарастырылып жатқан жоқ" деді. Ол арнайы алаң Жамбыл облысында салынып жатқан екпе шығаратын зауытта болады деп үміттенеді.

– Түркияда құю мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. [Жамбыл облысында] салынып жатқан зауытта болады деп күтіп отырмыз. Алғашқы кезеңде айына 500 мың дозаға дейін шығару жоспарда бар. Бұл жылына 6 млн доза болмақ. Бұл – еліміз үшін өте жақсы көрсеткіш, - деді ол.

Закария қазір "әлемде қазақстандық екпеге де сұраныс барын", кемі он ел QazVac екпесін сатып алуға ниет білдіргенін айтты.

– Пәкістан алғаш болып хабарласты. Өзбекстан, Қырғызстан, Парагвай, Уругвай, Латын Америкасындағы көп ел, Түркия да бізбен байланысты. Өз елімізді толық қамтамасыз етіп алмай басқаларға қалай сата аламыз? Елімізге жеткілікті болғанда шетке шығаруды қарастырармыз, - деді ғалым.

Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа QazVac екпесі Түркияда құю басталмағанын растады. Олардың айтуынша, келіссөз әлі жүріп жатыр.

9 сәуірде Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов QazVac екпесін Жамбыл облысындағы зауыт салынып біткенше Түркияда құю жоспары барын айтқан.

Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы екпе шығаратын құны 7 млрд теңге болатын зауыт салынып жатыр. Ерғали Әбдірайымовтің Азаттыққа айтуынша, "зауыт құрылысы аяқталған, бірақ кейбір құрылғылар әлі орнатылмаған".

- 8-9 ай дайындалатын құрылғылар бар. Кейін құрылғыларды әкеліп орнату керек, іске қосып, сынау қажет. Негізгі құрылғылар келген, қазір оларды орнатып жатыр, - деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG